Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»
Жаңа стратегиялық бағыт
Мемлекет басшысының тапсырмасымен салынып жатқан Дарбаза – Мақтаарал теміржол желісі республиканың көліктік-транзиттік әлеуетін одан әрі дамытуға тың серпін бермек.
Өткен жылы Қазақстан мен Өзбекстан арасында тасымалданған жүк көлемі 30 млн тоннадан асып жығылды. Тауар бір ғана мемлекетаралық «Сарыағаш» стансасы арқылы экспортталады. Жүк ағыны ұлғайғандықтан аталған бекетте көп кептеліс болды. Жаңа жол құрылысы сол жұмыс істеп тұрған бақылау-өткізу бекетіндегі кептелісті болдырмауға бағытталады.
Оған қоса, жаңа жол жолаушы пойыздарының жүруіне де мүмкіндік береді. Бір айта кетерлігі, бұл жаңалық мақталы аймақтың халқын қуантып, еңсесін көтергені рас. Өйткені елдегі мақта ғана емес, жеңсік ас – қауын мен қарбыз, әңгелек пен қияр, қызанақ негізінен осы өңірде өсіріледі. Диқан қауым өсірген өнімін нарыққа шығаруда тасымал бағасы қымбат жүк автокөлігіне балама теміржол көлігінің болатынына қуанышты.
Сонымен қатар айтулы жоба оңтүстікке экспорттық трафикті арттырады. Бұл желі арқылы Өзбекстан, Тәжікстан, Ауғанстан мен Иранға тауарды жылдам жеткізуге болады. Сондай-ақ Дарбаза – Мақтаарал теміржол магистралі Түркістан облысының дамуына септігін тигізеді. Шойын жол шалғайдағы Мақтаарал мен Жетісайды елдің қалған бөлігімен байланыстырумен қатар, Парсы шығанағына қарай жаңа сауда-қатынас қақпасын ашады. Сөйтіп, елдің транзиттік әлеуетін еселеп арттырады. Бұған әуелі Қытай, одан кейін осы бағыттағы басқа елдер де мүдделі болып отыр.
Қазір Пәкістан арқылы Үндістанға теміржол салу мәселесі талқыланып жатыр. Дарбаза – Мақтаарал желісінің іске қосылуы еліміздің осы стратегиялық бағытты дамытуға қосқан қомақты үлесі болмақ. Оның үстіне Өзбекстанға қарай жүк тасымалы қосымша 10-14 млн тоннаға артады. Ташкент хабын айналып өтетін бұл теміржол телімі жүктерді екі бағытта да жылдам тасымалдайды.
Жоба екі кезеңде жүзеге асырылып жатыр. Ең алдымен Сырдария стансасына шығатын Ердәуіт – Мақтаарал – Өзбекстанның мемлекеттік шекарасы желісі салынады. Одан кейін Жетісай филиалы – Өзбекстанның сол стансаға шығатын мемлекеттік шекарасы пайдалануға беріледі. Жалпы ұзындығы 152 км теміржол желісі салынатынын айттық. Жоба 3 400 адамды жұмыспен қамтамасыз етеді. Жұмыстың 85%-ын Қазақстан атқарады.
Тың нарыққа жол ашылады
Бірлескен жобаның айқын артықшылығы – тауар айналымын кеңейту, екі ел арасындағы жүк тасымалдауды жеңілдету әрі елдердің транзиттік мүмкіндіктерін күшейту екені мәлім. Расында, Өзбекстан – Қазақстанның Орталық Азиядағы ең ірі сауда серіктесі. Көрші елден Қазақстанға көптеген тауар тасымалданады. Біз де экспорттаймыз. Қазір елімізден көрші мемлекетке транзит өте жоғары және алдағы уақытта тауар айналымы өсімінің үлкен болашағы бар.
Жаңа теміржол желісі жолаушылар ағынын ұлғайтып, елдің логистикасын да жақсартады. Негізі Қазақстанның Орталық Азиядағы рөлі көлік-логистикалық әлеуетінің арқасында артып келе жатқаны мәлім. Сондықтан басты міндет – елдер арасындағы сауда мен логистиканы жетілдіру. Айтылған жоба оңтүстіктегі халыққа өз жемісін береді. Өйткені отандық шағын, орта және ірі бизнес Өзбекстанның 36 миллиондық ауқымды нарығына жол ашады. Бұған дейін елдер арасында логистика нашар болғаны мәлім. Тауар қоймалары да тым аз еді. Шекаралық өткел біреу ғана болатын. Енді бауырлас елмен сауда-экономикалық қатынас барынша оңалады деген ой бар. Мұны аңғарған республика билігі көлік пен логистиканы дамытуға көбірек инвестиция сала бастады.
Көрші елдің сарапшысы не дейді?
Екі елді байланыстыратын жаңа көлік бағыттарын салу бірінші кезекте Қазақстанның мүддесі үшін жұмыс істейді, дейді «Maъno» ғылыми бастамалар орталығының (Ташкент) директоры Бахтиёр Эргашев.
«Біздің елдің оңтүстікке шығуын қамтамасыз ету өте маңызды. Ресей мен Беларусь арқылы Еуропаға баратын жол барған сайын қиындап жатыр. Теміржол бар, бірақ Транскаспий бағыты әлі толық шешілмеген. Техникалық, саяси мәселелер де түйінін шешуді қажет етеді. Қытайдың Орталық Азия арқылы Түркияға апаратын ортаңғы дәлізінің жұмыс істеуі бізге байланысты», дейді
Б. Эргашев.
Еліміз үшін бұл сауда жолдарына балама – Араб теңізі мен Үнді мұхитындағы Иран порттарына шығу. Осы тұрғыдан қарағанда Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы теміржол көлігі бағыттарының өзара байланысын қамтамасыз ететін ағымдағы жобалар, әрине, қажет. Қазақстан Парсы шығанағы елдеріне астық, азық-түлік, бұршақ дақылдары, мұнайдың айтарлықтай көлемін экспорттамақшы. Сонымен қатар араб елдерінде сатуға арналған халал өнімдерді шығару мүмкіндігін де мұқият қарастырып жатыр. Сондықтан мұның бәрі өте маңызды екені айтпаса да түсінікті.
Сондай-ақ Иран порттары Шығыс Африка нарығына шығуға жол ашады. Сарапшылардың болжамы бойынша, ол жерде қазақ тағамы сұранысқа ие болады, республиканың көлік саясаты аясында бұл күтілетін шешім.
«2022 жылдың ақпан айына дейін тауар тасымалының барлығы Қара теңіз порттары арқылы қалыпты түрде жүзеге асты. Астық, азық-түлік және басқалары түгел сол бағытта ағылды. Қазір бұл мәселеде проблемалар бар. Сондықтан бізге Үнді мұхитына, Оңтүстік-Шығыс Азияға және Шығыс Африкаға шығатын оңтүстік порттарға бағыт ұстау керек», дейді Б.Эргашев.
Орталық Азия тынысы
Жаңа теміржол жобасы Орталық Азия елдерінің ара қатынасы мен экономикасына қызмет етеді. Өйткені бізде әуелден Түрікменстан мен Иран арқылы Парсы шығанағы порттарына шығатын «Өзен – Түрікменстанмен мемлекеттік шекара» теміржол магистралі бар. Ал «Дарбаза – Мақтаарал» жобасына да еліміз көбірек қызығушылық танытып отырғандықтан, жолдың құрылысына көбірек қаржы құюымыз түсінікті. Дегенмен әр ел өз қаржысына теміржол мен автожол салады. Сондықтан бұл жерде қандай да бір наразылық немесе түсініспеушілік болмауға тиіс.
Кейбір деректерге қарағанда, Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы өзара сауда айналымы былтыр тоғыз айда 3,3 млрд долларға жетіпті. Қазақстан экспорттайтын тауарлардың ішінде сиыр еті, бидай, жартылай фабрикаттар, бидай немесе бидай-қара бидай ұны, аралас минералды тыңайтқыштар, күнбағыс майы, мыс кендері мен концентраттары, балғын немесе салқындатылған болаттан жасалған ыстықтай илектелген жалпақ өнімдер бар.
Өткен жылдың қаңтар-қыркүйек айларында көрші мемлекеттен импорт бұрынғыдан 4%-ға өскен. Өзбекстан біздің елге көп жағдайда автомобиль шанағын, ұшқын тұтандырып іштен жанатын қозғалтқыш, болаттан жасалған жалпақ прокат, түрлі бөлшектер мен керек-жарақтарды жеткізеді. Сондай-ақ тоңазытқыш пен мұздатқышқа арналған жабдықтар әкеледі. Бұлардан бөлек жеміс-жидектің де көптеген түрі өзбек елінен тасымалданады.
Келелі кездесу
Жуырда Қазақстанның Өзбекстандағы елшісі Бейбіт Атамқұлов көрші елдің Көлік министрі Илхом Махкамовпен жұмыс аясында кездесті. Тараптар 2023 жылдың жұмысын қорытындылады. Онда екі ел арасында теміржол және автомобиль көлігімен жүк тасымалы көлемінің өсу динамикасы байқалғаны аталып өтті. Өткен жылы Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы теміржол арқылы жүк тасымалының жалпы көлемі 17,2%-ға өсіп, 31,4 млн тоннаны құрапты. Сонымен қатар жүк тасымалы бойынша теміржол және автомобиль көлігінің өзекті мәселелері, Қазақстан мен Өзбекстан қалалары арасындағы халықаралық бағыттар бойынша жолаушылар тасымалының қауіпсіздігін қамтамасыз ету талаптарының бірыңғай стандарттарын әзірлеу қажеттілігі, жаңа әуебайланыстарды ашу мәселелері сөз болған.
Қорытындылай келе, сауда және тауар айналымының және транзиттік жүк тасымалының жыл сайынғы өсуін, сондай-ақ екі ел арасындағы тауар айналымының 10 млрд долларға дейін күтілетін өсімін ескере отырып, тараптар мемлекеттер арасындағы көлік инфрақұрылымын әлі де кеңейту және жетілдіру қажет деген байламға келген.