15 Қаңтар, 2015

Қазақстан Республикасы Спорт және дене шынықтыру істері агенттігінің бұйрығы №291 

289 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
2014 жылғы 28 шілде Астана қаласы «Үздік спорт журналисі» атағын беру қағидаларын бекіту туралы «Дене шынықтыру және спорт туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 7-бабының 46) тармақшасына сәйкес бұйырамын: 1. Қоса беріліп отырған «Үздік спорт журналисі» атағын беру қағидалары бекітілсін. 2. Стратегиялық даму департаменті (Д.Ү. Қамзебаева) заңнамада белгіленген тәртіппен: 1) Қазақстан Республикасы Әділет министрлігіне осы бұйрықты мемлекеттік тіркеуге ұсынуды; 2) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуден өткеннен кейін бұқаралық ақпарат құралдарында және «Әділет» ақпараттық-құқықтық жүйесінде ресми жариялауды қамтамасыз етсін. 3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Спорт және дене шынықтыру істері агенттігі төрағасының орынбасары Е.Б. Қанағатовқа жүктелсін. 4. Осы бұйрық алғаш ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі. Қазақстан Республикасы Спорт және дене шынықтыру істері агенттігінің төрағасы Т.ЕСЕНТАЕВ. «Келісілді» Қазақстан Республикасы Байланыс және ақпарат агенттігінің төрағасы ____________ А.ЖҰМАҒАЛИЕВ. 2014 жылғы 29 шілде Қазақстан Республикасы Спорт және дене шынықтыру істері агенттігі төрағасының 2014 жылғы 28 шілдедегі №291 бұйрығымен бекітілді «Үздік спорт журналисі» атағын беру ҚАҒИДАСЫ 1. Жалпы ережелер 1. Осы «Үздік спорт журналисі» атағын беру қағидасы (бұдан әрі – Қағида) «Дене шынықтыру және спорт туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 7-бабының 46) тармақшасына сәйкес әзірленді. 2. Қағида Қазақстанның бұқаралық ақпарат құралдарында (бұдан әрі – БАҚ) спорттық оқиғаларды және спорт төңірегіндегі оқиғаларды жариялауда елеулі еңбек сіңірген бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне «Үздік спорт журналисі» атағын берудің тәртібі мен шарттарын анықтайды. 3. «Үздік спорт журналисі» атағын беру (бұдан әрі – атақ) үшін мақсаты қазақстандық спорт журналистикасының сапасын және БАҚ-та спорттық ақпараттарды таратудың мәдени деңгейін арттыру болып табылатын конкурс өткізіледі. 4. Осы қағидада мынадай ұғымдар пайдаланылады: 1) сыйақы - «Үздік спорт журналисі» конкурсында (бұдан әр – конкурс) жеңімпаз болған бұқаралық ақпарат құралдарының өкіліне қайтарымсыз берілетін ақша; 2) атақ беру жөніндегі конкурстық комиссия – дене шынықтыру және спорт саласындағы уәкілетті орган (бұдан әрі – уәкілетті орган) конкурс жеңімпазын анықтау және оған атақ беру үшін құратын комиссия; 3) конкурсқа қатысушы – осы Қағидаға сәйкес құжаттары мен жұмыстарын конкурсқа қатысу үшін беретін бұқаралық ақпарат құралдарының өкілі. 2. Атақ берудің тәртібі мен шарттары 5. Атақ жыл сайын желтоқсан айының екінші жартысында конкурстық негізде беріледі. 6. Конкурс өткізу туралы хабарландыруды уәкілетті орган құжаттарды қабылдау басталғанға дейін отыз күнтізбелік күн бұрын Қазақстан Республикасының барлық аумағына таралатын БАҚ-та жариялайды, сондай-ақ уәкілетті органның интернет-ресурсында орналастырады. 7. Атақ беру жөніндегі конкурс үш номинация бойынша өткізіледі: 1) «Үздік телевизиялық репортаж (фильм, сюжет)»; 2) «Үздік жарияланым (баспа, интернет БАҚ)»; 3) «Үздік фоторепортаж (фотожұмыс)». 8. Конкурсқа спортшыға немесе спорттық оқиғаға арналған, эфирге шыққан және/немесе баспа немесе электронды БАҚ-та ағымдағы жыл ішінде жарық көрген жұмыстар қабылданады. 9. Барлық номинациялар үшін, ең алдымен, материалды берудің қызықты нысаны, орын алған оқиғаның динамикалылығы мен көрнекілігі, журналистің сөз саптауының дұрыстығы мен нақтылығы бағаланады. 1) «Үздік спорттық телевизиялық репортаж (фильм, сюжет)» номинациясы Видеоматериалды бағалау критерийлері – журналистің сауатты ауызша сөйлеген сөзі, сюжеттің драматургиясы, видеоқатардың сапасы, стендаптың, кадрдан тыс мәтіннің орындылығы. 2) «Үздік спорттық жарияланым (баспа/интернет БАҚ)» Жарияланымды бағалау критерийлері – тілдің сауаттылығы, нақтылығы, сөз саптаудың түпнұсқалығы, авторлық беру, сюжеттің драматургиясы. 3) «Үздік спорттық фоторепортаж (фотожұмыс)» номинациясы Фоторепортажды бағалау критерийлері – динамикалылығы, стандартты емес көркем шешімі, өнертапқыштылығы мен креативтілігі, бейнесінің сапасы. 10. Әрбір автор әртүрлі номинацияларға түрлі жұмыстарды, бірақ әрбір номинацияға кемінде бір жұмыстан ұсына алады. 11. Конкурсқа қатысу үшін уәкілетті органға мыналарды ұсыну қажет: 1) конкурсқа қатысу үшін еркін насындағы өтініш; 2) қатысушының шығармашылық қызметінің қысқаша сипаттамасы; 3) конкурстық жұмыс – видеоматериалдар, аудиоматериалдар, жарияланымдар (баспа/интернет БАҚ), фотожұмыстар (фоторепортаждар). 3. Атақ беру жөніндегі конкурстық комиссия 12. Атақты беру үшін уәкілетті орган конкурсты өткізу жөніндегі комиссияны құрады. Конкурсты өткізу жөніндегі комиссия құру және конкурсты өткізу жөніндегі комиссияның хатшысын анықтау туралы шешімді уәкілетті органның басшысы қабылдайды. 13. Конкурс өткізу жөніндегі комиссия мүшелерінің жалпы саны кемінде 11 адам болуы тиіс. Конкурстық комиссияның төрағасы, төрағаның орынбасары мен басқа да мүшелері конкурс өткізу жөніндегі комиссияның мүшелері болып табылады. Төраға болмаған уақытта оның функциясын оны ауыстыратын адам атқарады. 14. Комиссияның отырысы егер онда комиссия мүшелерінің жалпы санының кемінде 2/3 қатысса заңды деп саналады. 15. Комиссияның шешімі комиссияның қатысушы мүшелерінің көп даусымен қабылданады. Дауыстар тең болған жағдайда, төрағалық етушінің даусы шешуші болып табылады. Комиссияның шешімі хаттамамен ресімделеді. 16. Комиссияның қандай да бір мүшесі болмаған жағдайда комиссия отырысының хаттамасында оның қатыспаған себебі көрсетіледі. Комиссияның жоқ мүшелерін ауыстыруға жол берілмейді. 17. Уәкілетті орган комиссия шешім шығарған сәттен бастап он күнтізбелік күн ішінде атақ беру туралы бұйрық шығарады. 4. Қорытынды ереже 18. Әрбір номинация бойынша жеңімпаздарға «Үздік спорт журналисі» атағы және «Жазушы Сейдахмет Бердіқұловты мәңгі есте қалдыру туралы» Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетінің 1994 жылғы 2 желтоқсандағы № 1363 қаулысына сәйкес Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлық тапсырылады. 19. Конкурс жеңімпаздарын марапаттау үшін қажетті қаражат республикалық бюджет есебінен Сейдахмет Бердіқұлов атындағы жүлдені төлеуге бөлінген 50 айлық есептік көрсеткіш мөлшеріндегі қаражат шеңберінде жүзеге асырылады. 20. Конкурстың нәтижелері мүдделі мемлекеттік органдар мен ұйымдардың интернет-ресурстарында орналастырылады және бұқаралық ақпарат құралдарында конкурс өткізілгеннен кейін 10 күнтізбелік күн ішінде жарияланады. Бұйрық Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2014 жылғы 5 тамызда Нормативтік құқықтық кесімдерді мемлекеттік тіркеудің тізіліміне №9678 болып енгізілді.