Қоғам • 24 Мамыр, 2024

Жошы ұлысы: Тарихы мен тағылымы

512 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Жошы ұлысының құрылғанына 800 жыл толуы елімізде кең ауқымда аталып өтіп жатыр. Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық универ­ситетінде өткен «Жошы ұлысы: тарихы, мұрасы және тағылымы» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференцияға Алтын Орда, Жошы ұлысының тарихына қатысты зерттеулер арқау болды.

Жошы ұлысы: Тарихы мен тағылымы

Жиын барысында Ғылым және жоға­ры білім министрі С.Нұрбектің, Алматы қаласының әкі­мі Ерболат Досаевтың конферен­­ция қатысу­­шыларына құт­тық­тауы оқылды.

Университеттің зерттеу қыз­меті жә­не инновация жөнін­дегі проректоры Ертай Cұлтан аталған оқу орны рек­то­ры-бас­қарма төрағасы Болат Тілептің қаты­су­шыларға арнайы тілегін жеткізді. Ректор қазақ этногенезі мен қазақ жеріндегі политогенез үдерістері Жошы ұлысымен (Алтын Ордамен) тығыз байланысты екенін, ұлыстың Қазақ мемлекеттілігі та­рихындағы орнын айқындау және талдау, Отан тарихына деген жаңа ғылыми көзқарас қалыптастыру маңызды екеніне тоқталған. «Жошы ұлысы құрамында қазақ этносының негізгі бөлігінің қалыптасуы аяқ­талды, болашақ Қазақ ханды­ғының саяси институттары, мемлекеттік идеологиясы айқын­дал­ды. Қазақ халқын 300 жылдан астам уақыт билеген хан­да­рымыз Жошының тікелей ұрпақтары екендігі белгілі. Алтын Орданың ыдырауы тарих төріне ортағасырлық ұлттық мемлекет – Қазақ хандығының шығуына әкелді. Сондық­тан қазақ халқы осы мемлекеттің тікелей мұрагері екенін мақтанышпен айта алады» делінген ректор сөзінде.

Абай атындағы ҚазҰПУ профессоры, тарих ғылымдарының докторы, академик Ханкелді Әбжанов Қазақ мемлекеттілігінің пайда болуы, мәні, басқару тәсілдерін бірнеше дәуірге бөліп, «Қазақ хандығы пайда болғанға дейінгі мыңжылдықтарды түркі­лену, исламдану, қазақтану дәуі­рі, яғни Жер-ананың қазақты, оның мемлекетін дүниеге әкелуге толғатқан ғасырлары десек қа­те­леспейміз», деп атап өтсе, Анкара университетінің профессо­ры Абдуллах Гюндоғду «Жошы ұл­дары дәуіріндегі Анадолы Дешті Қыпшақ қатынастары» баяндамасында Жошы ұлысы мен Осман империясының қарым-қатынасы туралы ғылыми деректерімен бөліс­ті.

Жошының ұлысының тарихын әріден қозғап,  әр тілде жазылған тарихи дереккөздерде Жошы ұлысының халқы өзбектер, татарлар, токмақтар деп аталғанын, алайда олардың бүгінгі бұл халықтармен байланысы жоқ екенін баяндамасына арқау еткен Торонто университетінің профессоры, PhD Джю-Юп Ли Жошы ұлысының жазба деректердегі тарихына талдау жасады.  

Жапония Ұлттық технология инсти­­ту­тының зерттеуші ғалымы, Жошы ұлы­сы тарихының маманы Хироюки Нага­минэ баяндамасын ортағасырлық тарихи дереккөз «Muntakhab al-Tawarikh-i Muini» шығармасына арнады. Автор «Мунтахаб ат-Таварих-и Муʻини» шығармасын бас­қа дереккөздермен салыстыра талдай келіп, шығармада кездесетін Келдібектің «Чингиз-наме/Кара Таварих» дерегінде «Жалған Келдібек» аталатындығына назар аударды. Сонымен қатар Париж қолжазбасымен және Түркияның Топқапы музейіндегі авторы белгісіз қолжазбамен салыстыра қарастырып, олардың арасындағы ұқсастық пен ерекше­ліктерге тоқталды. Осы деректерде Жошының аты «Сайын хан» және «Өзбек» деп қате берілгенін атап көрсетті ғалым.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Тарих, архео­логия және этнология факультеті Қазақстан тарихы кафедрасының мең­ге­рушісі, академик Берекет Кәрібаевтың айтуынша, соңғы жылдары Алтын Орда, Жошы хан тақырыбына саяси мән беріліп, тарихи дата­ларға байланысты маңызы артып келеді. Осы орайда Жошы ұлысы, Алтын Орда тарихына қатысты көптеген дерек зерттелді. Бұл кезеңнің тарихын «Алтын Орда дәуірінен қалған тарихи сөз тіркестері мен мәтелдер» тақырыбымен байланыстыра баяндаған тарихшы Алтын Орда дәуірінен бүгінге дейін халықтың бір сөзбен түйіндеп жеткізген сөз тіркестерінің мәніне тоқталды. Алтын Орда саясаты, ислам ді­нінің келуі, билеушілер саясаты, тақ мұрагерлігіне қатысты бірқатар дәйекті зерттеуіне арқау ете отырып, ғалым көнеден жеткен сөз тіркестерін зерттеу арқылы тың деректерді ашуға болатынын атап өтті.

Орта ғасыр тарихын зерттеп жүрген Назарбаев универ­ситетінің профессоры Юлай Шамилоглы Алтын Орда мен Қазақ хандығының байланысын қарастыра келіп, саяси құрылымның ықпалына тоқталды. Сол дәуірдегі хандықтардың билік жүйесі туралы айта келіп, бүгінде парсы, араб, түрік тілдеріндегі дереккөздерді зерттеу қажеттігін алға тартты.

«Моңғолдың құпия шежіресі» деген атпен енген «Юаньчао биши» шы­ғармасындағы Жошы бейнесіне тоқтал­ған белгілі шы­ғыс­­та­ну­шы ғалым, тарих ғылымдарының докторы, про­фес­­сор Клара Хафизова бұл еңбекте Жошы өмірі­нің маңызды кезеңдері қамтылатынды­ғын атап өтті. «Орта Азиядағы соғыс­тың бәрінде Шыңғыс ханның үлкен ұлдары оның талантты көмекшілері болды. Өкі­нішке қарай, ағайындылар арасындағы бәсекелестік бәсеңдеген жоқ. Жошы ұлы­сы төрт ұлы хандықтың бірі болған, ал оның өзі Алтын Орда хандарының, оның аумағындағы кейінгі хандықтардың атасы болды. Сондықтан Жошыны Орталық Қазақстанда жерлеу туралы аңыз кездей­соқ пайда болған жоқ. Әскери қолбасшы, дипломат ретінде Жошы өзін талай жо­рықтарда мойындатты», деді ғалым өз сөзінде.

Алтын Орда дәуіріндегі Сарай­шықтың сәулетті құрылыс­тары жайында баяндама жасаған Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халық­аралық қазақ-түрік уни­верситетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы Мұхтар Қожа тарихи жазба деректерде, ауыз әдебиетінде кездесетін Сарай­шықтағы құрылыстар жа­йындағы мәліметтерді архео­логиялық зерттеу материалдарымен салыстыра келіп, аймақтағы көне қалалардың орнын су шайып бара жатқандығын қынжылыспен жеткізді.

Конференцияда ғалымдар Жошы ұлы­сының тарихнамасы мен дереккөздері, Алтын Орданың тарихи географиясы, этносаяси, экономикалық және мәдени тарихына қатысты жаңа көзқарастар, ұлыстың іргелес көрші мемлекеттермен дипломатиялық байланыстары, Еура­зиядағы халық­аралық қатынастардағы Алтын Орда хандарының рөлі, Қазақ хан­дығымен сабақтастығы туралы зерт­теу­лерімен қатар Қазақ­стан тарихында хан­дығымен сабақ­тастығын негізге алып, Қазақстан тарихындағы өзектілігі, оқыту үрдісінде көрініс табуына қатысты пікірлерін ортаға салды.

 

АЛМАТЫ