Қоғам • 24 Мамыр, 2024

Цифрлық сауат талқысы

100 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қазақстан мен Корея өкілдері білім берудегі цифрлық сауаттылық пен киберқауіпсіздікті дамыту мәселелерін талқылады. Бұл туралы Оқу-ағарту министрлігі хабарлады. Талқылауға Оқу-ағарту вице-министрі Арай Оразова, Кореяның білім және зерттеу мәселелері жөніндегі ақпарат қызметінің (KERIS) мамандары қатысты.

Цифрлық сауат талқысы

Тараптар жиында цифрлық білім беруді дамыту мәсе­лелері, сондай-ақ білім ұйымдарында киберқауіпсіздік пен кибер­этиканы дамыту мәселелері бойынша Кореямен тәжірибе алмасу барысын сөз етті. Осы орайда оқырманға түсі­нікті болу үшін ақпарат бере кетейік, «KERIS» (korea education and research information service) – Оңтүстік Корея Республикасы Білім ғылым және технологиялар министр­лігіне қарасты үкіметтік ұйым. Аталған ұйым Оң­түстік Кореяның және шетелдің білім саласындағы ақпа­раттық және коммуникациялық технологияны дамы­туға бағытталған, сонымен қатар Дүниежүзілік банк, ЮНЕСКО сияқты халықаралық ұйымдармен тығыз жұмыс істейді.

Талқылауда Қазақстанның Оқу-ағарту вице-министрі министрлік тарапынан жүргізіліп жатқан жұмыс пен білім сапасын арттыру мақсатындағы IT-технологияларды дамыту мәселелеріне тоқталды.

«Кореяның тәжірибесі Қазақстанның білім беру жүйесінде жасанды интеллектіні дамытуға ықпал ететін болады. Бұл кездесу білім ұйымдарында қауіпсіз, этикалық білім беру ортасын жақсартуға және құруға ықпал ететін киберқауіпсіздік және кибербуллинг бойынша нұсқаулықтарды әзірлеудегі маңызды қадам болатынына сенімдімін», деді Арай Оразова.

Оқу-ағарту министрлігінің таратқан ақпаратына сүйенсек, «KERIS» сарапшылары А.Байтұрсынұлы атындағы «Талдау» ұлттық зерттеулер және білімді ба­ғалау орталығы» акционерлік қоғамы және ЮНЕСКО-мен бірлескен бағдарлама шеңберінде еліміздегі білім алушылардың ақпараттық және коммуникациялық технологиялар төңірегінде сауаттылығын арттыру үшін басшылық қағидаттарды әзірлеу бойынша жоба жүргізіп жатыр. Елімізде цифрлық білімді дамыту мәселелерін зерделеу үшін корейлік сарапшылар білім саласындағы түрлі стейкхолдерлермен, атап айтқанда, Астана қаласы білім басқармасының басшыларымен және мамандарымен, сондай-ақ педагогтермен бірқатар кездесу өткізді. Жоба қорытындысы бойынша корейлік сарапшылар елімізде жүргізілген зерттеулер негізінде толық есеп пен отандық білім алушылардың цифрлық сауаттылығын дамыту үшін практикалық ұсынымдар әзірлейді.