Әлем • 24 Мамыр, 2024

Әлем қараған алақандай түбек

135 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін

Корея Республикасында, әсіресе мамыр айында мереке көп. Отбасы күні, мұғалімдер күні, тағысын тағылар. Биыл Будданың туған күні мен (15 мамыр) ұстаздар күні қабат келіпті. Будда күні корей халқы демалады, мұғалімдер күні - жұмыс. Бір жеті өтетін Будда күні бұл елде халықтың ынтымағын арттырып, отбасы институтын нығайтатын мерекеге пара-пар. Түрлі фестиваль аясында ел ұлттық танымдарымен қауышып, жас ұрпақ төл тарихымен табысады. Корейліктерде Будда танымы өзгеше, сенім мен ізгілік, ұлттық таным мен тәрбие ғана емес, ең бастысы күнделікті дағдыларға негізделген.

Әлем қараған алақандай түбек

Туристік орын төресі

Дәл осы күні Пусан қаласының шы­ғысындағы Хедонгенгунг­са ғиба­датханасына ел таң­ғы төрттен келе бас­тапты. Өздері бұл мо­настырды дұға-тілек орындалатын қастерлі орын­ға балайды екен. Ғибадатхана теңіз бен құрлықтың бітісі – мүйісте. Ғибадатхана емес, туристік орынның төресі. Жоғарыда айтқанымыздай, көптеген жандар отбасымен жүргендері байқалады. Тілегіңді жүрекше қағазға жазып, іліп немесе байлап қалдыратын арнайы орында миллиондаған тілек-қағаз көзінен тізіліп тұр. Қағаздары алтын жалатылғандай жалт-жұлт етеді. Бір шетінде кішкентай Будда мүсінінің төбесіне су құю рәсімі жасалып жатыр. Тамақтанатын орын, тағы да бір ғұрыптық жоралғылары жүзеге асатын жерлерінің бәрі ғибадатхана аумағында. Мәселен, шетелдік туристер болсын, өздері болсын, мұнда келіп дұға қы­лып, тілек тілеуі мүмкін. Тамақтанады, жағалауда серуендеп жүреді, осының бәрі ретімен ойластырылған. Бізде де әулие-әмбиелердің басына түнеп, киелі жерлерге тәу етіп, кейде тіле­гені болып жатады ғой. Бұл да соны еске салады. Өйт­кені Хедонгенгунгса ғибадатханасының ұраны: «Егер осы жерде шын жүректен дұға етсеңіз, тілектеріңіздің кем дегенде біреуіне жауап аласыз».

пр

Тауларда орналасқан басқа храмдарға қарағанда теңіз табанынан орын тепкен бұл ғибадатхана су буддаларының қасиетті мекені есебінде. Корейлердің Будданы мойындауы теңізге жақын немесе аралда қалыптасқан. Сондықтан храм Буддаға қатысты 3 қасиетті жердің бірі саналады. Ғибадатхана шегінде бірнеше пұттар, Будданың нышандары, мінәжат ететін орындар бар демесеңіз, курорттық аймақ екен деп қаласыз. Туристер өте көп.

 

Ежелгінің етенелігі

Корейлер бәрінен отбасы институтын жоғары қояды. Балаларын жеке мақсатта өмір сүруден гөрі, қоғамға пайда тигізу үшін тәрбиелейтін көрінеді. Аса мән беретін ерекшелігі осы болса керек. Гүлденген қалалары мен ауылдары, мәдени орындары, тұрмыстық игіліктері, дамыған технологиясы үлгі тұтатын ұлт екенін айғақтайды. Өркениеттің өріндеміз деп ұлттық құндылықтары мен тарихын өркендетпей отырған жоқ. Қайда барсаңыз, алдыңнан ұлттық тағамы, ұлттық киімдері мен таным-түсінігін арқау еткен белгілері шығады. Біз маңдай тіреген Кенджу қаласы корей елінің қатпар-қатпар тарихының алтын діңгегіндей сезіледі. Мұнда корей жұртының екі мың жылдан астам тарихы сақталған. Жоғарыда отбасы мәртебесіне баса мән беретінін тегін айтқан жоқпыз, корейлердің көне қаласында жастар көшесі бар. Өтсең көңілің көтеріліп, бір түлеп шығасың. Көне мұралар мен ежелгі тарихты бауырына басқан қалада көпқабатты үйлер жоққа тән. Ежелден келе жатқан өздерінің ханоктары. Ағаштан қиылған шатыры бірінші көзге түсетін бұл баспаналары біздің киіз үй сияқты қолтумалары. Астанасы Сеулде тек қана ханоктардан тұратын тұтас аудан бар. Корей десе ханок, Будда және айдаһар мен тасбақаның белгісі қоса жүретін сияқты кейде.

пр

Корей түбегінде өмір сүрген үш көне мемлекеттің аты белгілі. Когуре, Пекче, Силла, Кенджу – корей топырағында дәуірлеген ең көне мемлекет Силланың астанасы. Біздің дәуірімізге дейінгі 50-жылдардан Х ғасырға дейін жасап, әрі қарай Коре аталған корейлер­­дің ата-бабалары. Тарихи-мәдени қала­дағы қорымдар мен ескерткіштер сақталған тұтас бір аудан ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енгізілген. Бұл халықтың ежелгі тарихы біздің сақтар мен ғұндарға ұқсас. Кенджуда Силланы билеуші патшалар әулеті жерленген. Мұнда Ким әулеті­нің қорымдарымен таныстық. Қорған­да­ры біздің сақ патшаларынікінен айнымайды. Кәдімгі төбедей шоша­йып жатқан қорғандар. Жерлеу рәсі­мі де келіңкірейді. Патшалар әулеті барлық киім, жарағымен, алтын әше­кейлерімен жерленген. Біздікіндей алтын адамдар бұлардан да шыққан. Осындағы Чонмачон қабірінен табылған тағы бір құнды жәдігер – «Чеонмаде» аспан арғымағының сүйегі. Қанатты пырақ туралы аңыз корейлердің ежелгі тарихында да кездеседі. 1973 жылы қазылған көктегі жылқы бейіті V-VI ға­сырларға тән. Жерлеу камерасы ағаш­пен қапталған және біздегі Пазырық үйлеріне ұқсайды. Аспан арғымағы атауын қабірден табылған жылқы бейнесінен алған (сонымен қатар салт аттылар мен феникс бейнелері). Чонма – корейлік ұшатын жылқы деседі. Жылқы алтын киімді патшамен бірге жерленген.

Осы қорымдардан табылған алтын сапты семсердің түбі біздің Ұлы дала тарихымен байланысты болып шыққан кезінде. Силла мемлекетіне тиесілі семсердің бір нұсқасы қазақ жерінен табылып, Эрмитажға қойылған. Ғалымдар Корея жеріндегі семсермен бірдей деген дәлел ұсынған. Америкалық «Denbo» оқу орнының ғалымы Сара Нельсон оны былай түсіндіреді: «Көне тарихи ұғыммен қарасақ, Ұлы Жібек жолы арқылы қазақ жерінен корей жеріне алтын сапты семсер жеткен дегенді білдіреді». Кім біледі, әйтеуір бұл екі елдің қарым-қатынасын нығайта түсетін құнды жәдігер екені анық.

 

Ең көне ғылыми нысан

Кенджудағы ғаламаттың бірі Чжом­сонде обсерваториясы. Корей тілінен аударғанда жұлдызды қарау мұнарасы дегенді білдіреді. Бұл обсерватория – Шығыс Азиядағы ғана емес, жердегі ең көне ғылыми құрылымдардың бірі деседі. Силла мемлекетінде Сондок пат­шайымның кезінде (632–647) са­лынған. Мұнара 365 гранит тасынан тұр­ғызылған, бұл жыл он екі айдың 365 күніне қатысты көрінеді. Кейбір зерттеушілер мұнда 366 тас тұрғанын дәлелдепті. Қабырғасындағы 27 деңгейлі кірпіштің 12-сі терезесінің астында, 12-сі жоғарыда. 12 саны бір жылдағы айлардың санына тең деседі. Мұнараның үстіңгі бөлігінің ауданы оның табанының жартысына тең. Биіктігі – 9,4 метр, ені 5,7 метр.

* * *

Мұндағы Силла кезеңіне тән тағы бір ғаламат – Вольчжонге көпірі, еңселі әрі сұлулығымен көз тартады. Әсіресе кешкілік шамдары жарқырағанда, көздің жауын алады. Бірыңғай ағаштан қиюластырылған. Кендюк патшаның кезінде (760 ж.) салынған ғажайып құрылыс Чосон әулеті кезеңінде қирап қалған. 2018 жылдары Кореядағы ең үлкен ағаш көпір ретінде қайтадан қалпына келтіріліпті. Ұзындығы 66 метр, ені 13 метр, биіктігі 6 метр екен. Жоқтан бар жасаған корейлер ескі нұсқасының жобасын тауып, ғаламдық ғажапқа айналдырып жібергені таңғалдырмай қоймайды.

 

Ғасырлардан жеткен ғибадатханалар

Корейлер мыңжылдықтар бойы мекен етіп келген Кенджудағы Тохамсан тауының жөні бөлек. Мұнда «Пульгукса Темплстей» атты ғибадатханалар кешені орналасқан. Будда іліміне қараған елдің қасиетті қағбасындай аңыз мекен. Буддаға қатысты аңыз-әңгімелерге қатысты түрлі мүсіндер мен түсіндірмелер, мінәжат ету орындары, бірінен бірі өткен ғибадатханалар кешені ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне алынған. Ішінде көнеден келе жатқан Будданың мақтанышы – Сокурам атты үңгірдегі ғибадатхана. Пульгуксаның тарихы 528 жылдан басталады. Әуелгіде Силланың Беофун патшасының анасы Леди Ёнджаенің өтініші бойынша құрылғаны айтылады. Кейіннен үш патшалықты біріктіргеннен кейін 751 жылы ел басшысы Ким Дэ Сун оны айтарлықтай қалпына келтіріп, сол заманның негізінде қалыптаған деседі. Корей топырағындағы Буддаға қараған елге содан бері қызмет етіп келе жатқан ғибадатханалар кешенінде шетелдік туристер де көп.

п

Сокурам ғибадатханасының тарихы да осы Пульгуксамен тамырлас. Ерте ғасырларда граниттен соғылған мұндай Будда мүсінінің баламасы жоғы айтылады. Кейде оны «әулие мүсіні» деп те атайды. Үңгірдегі ғибадатханада суретке түсуге болмайды, қасиетті орын саналғандықтан.

«Пульгукса Темплстей», Сокурам екеуі тауда орналасқандықтан, бұл арада туристер көп жүретіндіктен корейлік­тер қауіпсіздік шараларын аса мұқият сақтағаны байқалады. Мысалы, құлама қабақ болып келетін кісі жүретін жердің жоғарғы бетінде бері таман құлардай болып тұрған тастардың бәрін шарбақ тростармен тартып қойған. Құлап кетуі мүмкін-ау деген жердің бәрін мықтап бекітіп тастапты. Төбеңнен төңкеріліп табиғи біткен тастар алда-жалда опырылғандай жағдай болса деп алдын алғаны.

 

Байырғы корей ауылы

Төбесін қабат-қабат шөппен, шимен басып қалқайтқан корей ауылдарын көреміз деп кім ойлаған? Ең ежелгі елді мекендерінің бірі Кахе (Хахве) ауылының алты жүз жылдық тарихы бар екен. Қадым заманнан, өздерінше айтсақ, Чосон әулетінің билігі кезінен бері сел жүріп, су шаймағандықтан, ел орын суытпай отырса керек. Іргесін тас­тан қалап, қабырғасын саманнан құйып бұлар да қора салған біз секілді жұрт, ескі үй-қораларын қараса.

Андонг қаласына жақын жерде орналасқан Чосон әулетінен шыққан дәстүрлі корей ауылы төл мәдени мұра­ларының көрінісі іспетті. Чосон дәуі­рінің ерекшеліктерін, фольклорын, құнды кітаптарды және корей рулық ауылдарының ескі дәстүрлерін сақтап тұр. Ауылдың сыртқы көрінісі лотос гүлі тәрізді жымдастырылған. Дәл тұсынан Накконган атты үлкен өзен ағып жатыр. Бұл да туристер көп келетін орын екен. Елді мекен 2010 жылдан бері дәстүрлі Андонг қаласымен бірге ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізімінде.

Мұнда байқаған бір кереметіміз – корей елінің күріш салатын көне ыдыс­тары. Біздің келіге келіңкірей ме деп қалдық. Себебі ішіндегі күріштің жарымына жуығы келіге салып түйілген­дей, яғни жарылған болып шықты. Алайда түйетін сабын ғана көре алмадық. Ыдыс біртұтас тастан ойылып жасалған.

а

Айтпақшы, «доширак» дегенді бәрі білетін шығар. Корейше мағынасы ауқат алып жүретін ыдыс екен. Бұрын Оңтүстік Кореяда ерлері ертемен егіске кеткенде немесе балалары оқуға кеткенде түстік асын өзімен қобдишаға салып алып жүреді, әйтпесе жары не анасы апарып береді. Сол асты салатын шағын қораптың о бастағы атауы – доширак. Корей салты бойынша оның ішінде үш түрлі дәм: күріш, кимчи, фасоль сияқты тағы бір дәм болады. Ал ауқаттылары баласына төртінші дәм ретінде қуырылған жұмыртқа салып, «елден асқан» екен. Байдың баласы содан аңғарылатын кө­рінеді. Сол түстік ас салынатын шағын ыдыс атауы кейін корейлік брендке айналып, доширак боп әлемді кезіп жүр. 

* * *

Сапар барысында корей ұлтына құр­метім күннен-күнге артты десем артық емес. Алақандай түбекте өндірілген экран мен смартфонға, техникалық игіліктерге әлем қарап отыр. Ұлт бола алған ел. Жер жоқ, дала жоқ, теңіз бен таулы жоталар ғана. Өркениеті, ілтипаты, ізеті, тарихы мен дәстүріне құрметі корей ұлтының ерік-жігері мен сана-сезімінің биіктігін білдірсе керек. Не керек, «біздерде мынадай бар, мынадай бар» деп көрсеткендері көп-ақ. Байқаусыз өткізіп алғанымыз қаншама. Корейлер әңгімеде әсершіл деуге келеді. Ауыздарын толтырып, дауыстарын созып, сөздің соңғы буынын әндеткендей ұзатып салады. Сондай дауыс ырғағының өзінде екінші адамнан ықылас күтетіні, кісіге деген меймандос пейілі жатқан сияқты.

Көшелерінен қоқыс жәшіктерін көп ұшырастырмайсыз. Есесіне таза. Соған қарағанда өздерімен бірге сыпырып-­сиырып жинап жүретінге ұқсайды.

Барды ұқсатып, жоқты ауадан жасап алатын ел ескіні ескідей қадірлеп, жаңаны жаңа қалпында ұстайтыны да айтарлық. Бәрін заманауи стандартқа салып жібермеген. Дамудың тағы бір жолы қолдағыны ұқсату екенін түйдік. Ізет пен ілтипат, мәдениет пен өнер, ғылым мен техника бір күннің ғана жемісі емес. Оған бір адам өмір бойы тірнектеп жетсе, бүтін ұлт маңдайының неше мыңжылдық тері мен қабілеті.

Еткен еңбек пен төккен тер ақталсын, дәйім!

 

Астана – Сеул – Пусан – Кенджу – Астана