15 Қаңтар, 2015

Қазақстан Республикасы Спорт және дене шынықтыру істері агенттігінің бұйрығы №293

267 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
2014 жылғы 28 шілде,  Астана қаласы Спорт мектептеріне және спорт мектептерінің бөлімшелеріне «мамандандырылған» мәртебелерін беру қағидаларын бекіту туралы Қазақстан Республикасының «Дене шынықтыру және спорт туралы» 2014 жылғы 3 шілдедегі Заңының 7-бабының 43) тармақшасына сәйкес бұйырамын: 1. Қоса беріліп отырған Спорт мектептеріне және спорт мектептерінің бөлімшелеріне «мамандандырылған» мәртебелерін беру қағидалары бекітілсін. 2. Жоғары жетістіктер спорты және спорт резерві департаменті (С.М. Жарасбаев) заңнамамен бекітілген тәртіпте: 1) Қазақстан Республикасы Әділет министрлігіне осы бұйрықты мемлекеттік тіркеуге ұсынсын; 2) Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуден өткеннен кейін осы бұйрықтың бұқаралық ақпарат құралдарында және «Әділет» ақпараттық-құқықтық жүйесінде ресми жариялауды қамтамасыз етсін. 3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Спорт және дене шынықтыру істері агенттігі төрағасының орынбасары Е.Б. Қанағатовқа жүктелсін. 4. Осы бұйрық алғаш ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі. Қазақстан Республикасы Спорт және дене шынықтыру істері агенттігінің төрағасы Т.ЕСЕНТАЕВ. Қазақстан Республикасы Спорт және дене шынықтыру істері агенттігі Төрағасының 2014 жылғы 28 шілдедегі №293 бұйрығымен бекітілген Спорт мектептеріне және спорт мектептерінің бөлімшелеріне «мамандандырылған» мәртебелерін беру қағидалары 1. Жалпы ережелер 1. Осы Спорт мектептеріне және спорт мектептерінің бөлімшелеріне «мамандандырылған» мәртебелерін беру қағидалары (бұдан әрі – Қағида) мәртебелер беру тәртібін анықтайды. 2. Спорт мектептеріне және спорт мектептерінің бөлімшелеріне «мамандандырылған» мәртебелері аталған спорттық мектептердің және спорт түрлерінен бөлімшелердің қызметкерлерін материалдық ынталандыру, сонымен қатар олардың жоғары дәрежелі сортшыларды даярлауға және Қазақстан Республикасы құрама командаларының резервін дайындауға мүддесін арттыру мақсатында беріледі. 3. Дене шынықтыру және спорт саласындағы уәкілетті орган (бұдан әрі – уәкілетті орган) спорт мектептеріне және спорт мектептерінің бөлімшелеріне «мамандандырылған» мәртебелерін беру туралы шешім қабылдайтын орган болып табылады. 4. Осы Қағидада мынадай ұғым қолданылады: 1) спорттық жетiлдiру топтары – мынадай атақтар мен разрядтарды орындаған спортшылар топтары: 2) спорттың ойын түрлерiнен (футбол, шағын футбол, жағажай футболы, волейбол, жағажай волейболы, баскетбол, қол добы, су добы, шайбалы хоккей, допты хоккей, көгалдағы хоккей), көкпардан, коньки тебу спортынан, жеңiл атлетикадан – 1-спорттық разряд; 3) спорттың басқа түрлерiнен – «Қазақстан Республикасының спорт шеберiне үмiткер». 2. Мәртебелерді беру тәртібі 5. Спорт мектептеріне «мамандандырылған» мәртебесін беру үшін мынадай шарттар сақталады: 1) өз меншігінде немесе жалға алынған спорттық объектінің (үй-жайдың) болуы; 2) спорт мектептерінің барлығындағы спорт түрінен бөлімшелерде кемінде 4 адамнан тұратын жаттықтырушы-оқытушы құрамының болуы; 3) «Қазақстан Республикасының спорт шебері», «Қазақстан Республикасының халықаралық дәрежедегі спорт шебері» атағы бар спортшылардың, республикалық және халықаралық жарыстардың чемпиондары мен жүлдегерлерінің болуы; 4) кемінде 2/3 бөлігінде спорт түрінен мамандандырылған бөлімшелердің болуы. 6. Спорт мектептерінің спорт түрлері бойынша бөлімшелеріне «мамандандырылған» мәртебесін беру үшін мына шарттар сақталады: 1) спорт түрлері бойынша бөлімшелер өз қызметін жүзеге асыратын спорт мектептерінің өз меншігінде немесе жалға алынған спорттық объектінің (үй-жайдың) болуы; 2) спорт түрлері бойынша бөлімшелерде кемінде 4 адамнан тұратын жаттықтырушы-оқытушы құрамының болуы; 3) спорт түрлері бойынша бөлімшелерде «Қазақстан Республикасы спорт шеберіне үміткер», «Қазақстан Республикасының спорт шебері», «Қазақстан Республикасының халықаралық дәрежедегі спорт шебері» атағы бар спортшылардың, республикалық және халықаралық жарыстардың чемпиондары мен жүлдегерлерінің болуы; 4) спорт түрлері бойынша бөлімшелерде кемінде екі спорттық жетілдіру тобының болуы (бір спорттық жетілдіру тобында шұғылданушылар саны дамытылған спорт түріне қарай 3адамнан бастап 6 адамды құрайды). 7. Спорт мектептерінің және спорт мектептері бөлімшелерінің «мамандандырылған» мәртебесі оны уәкілетті орган берген күннен бастап төрт жыл бойына қолданыста болады. 8. Спорт мектептеріне «мамандандырылған» мәртебесін беру үшін қажетті құжаттар: 1) дене шынықтыру және спорт саласындағы жергілікті атқарушы органнан (бұдан әрі – жергілікті орган) еркін нысанда жазылған қолдаухат, онда спорт мектебінің штат саны, спорт мектебіндегі спортшылардың, жаттықтырушы-оқытушылардың құрамы туралы ақпарат болады; 2) спорт мектебіне жататын спорттық объектіге (үй-жайға) құқық белгілейтін құжаттардың көшірмелері немесе спорт мектебінің оқушылары спортпен шұғылданатын спорттық объектіні (үй-жайды) жалға алу шартының көшірмесі; 3) дәрігерлік-дене шынықтыру диспансері мен спорт мектебінің арасында жасалған қолданыстағы шарттың көшірмесі. 9. Спорт мектептерінің бөлімшелеріне «мамандандырылған» мәртебесін беру үшін қажетті құжаттар: 1) жергілікті атқарушы органның еркін нысанда жазылған қолдаухаты, онда спорт түрлерінен бөлімшелерінің штат саны, спорт түрлерінен бөлімшелердегі спортшылардың, жаттықтырушы-оқытушылардың құрамы туралы ақпарат болады; 2) көшірмелері: спорт түрлерінен бөлімшелердің оқушылары спортпен шұғылданатын спорт мектебіне жататын спорттық объектіге (үй-жайға) құқық белгілейтін құжаттарының және спорт түрлерінен бөлімшелердің оқушылары спортпен шұғылданатын спорт мектебімен жасалған спорттық объектіні (үй-жайды) жалға алу шартының көшірмесі; 3) дәрігерлік-дене шынықтыру диспансері мен спорт түрлерінен бөлімшелердің оқушылары үнемі медициналық тексерістен өтетін спорт мектебі арасында жасалған қолданыстағы шарттың көшірмесі; 4) жергілікті атқарушы орган бекіткен спорттық жетілдіру топтарының тізімдері. 10. Спорт мектептеріне және спорт мектептерінің бөлімшелеріне «мамандандырылған» мәртебесін беруге ұсынылған құжаттарды уәкілетті орган тіркелген күнінен бастап 30 күнтізбелік күн ішінде қарастырады. 11. Уәкілетті орган ұсынылған құжаттарды қарастыру қорытындысы бойынша спорт мектептеріне және спорт мектептерінің бөлімшелеріне «мамандандырылған» мәртебесін беру немесе беруден бас тарту туралы шешім қабылдайды. 12. Спорт мектептеріне және спорт мектептерінің бөлімшелеріне «мамандандырылған» мәртебесін беруден бас тартқан жағдайда уәкілетті органмен дәлелді жауап беріледі. 13. Уәкілетті органның мәртебе беру туралы шешімі бұйрықпен ресімделеді, бұйрықтың көшірмесі спорт мектептеріне және спорт мектептерінің бөлімшелеріне «мамандандырылған» мәртебесін беруге құжаттарды тапсырған жергілікті органға жіберіледі. Бұйрық Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2014 жылғы 5 тамызда Нормативтік құқықтық кесімдерді мемлекеттік тіркеудің тізіліміне №9676 болып енгізілді.