Осыдан бірнеше жыл бұрын Текеліге атбасын бұрған адам қаланың сыртқы көрінісіне көз жіберіп тұрып-ақ, болашағы бұлыңғыр өңірлердің тізіміне ойланбай қоса салар еді. Шындығында да, кеншілердің қаласы тоқыраудың тым қиын соқпағына тап келіп, тұрғындардың негізгі кәсібінің жолы байланғалы жан-жаққа, әсіресе, Ресейге қоныс аударушылар қатары аз болмады. Бұл сол уақыттағы көптеген шағын қала, аудандарды айналып өтпеген құбылыс-тын. Тірліктен мән кеткен соң, қаладан сән кете бастады. Мәдениет ошақтарының, балабақшалардың есіктеріне құлып салынып, қаншама үйлердегі қатар-қатар пәтерлер қараусыз қалды, тоналды. Кеше ғана дабысы жер жарып, дүрілдеп тұрған қала жау шапқандай жұтаң күйге түсті. Бірақ уақыт өте келе халық Елбасының ұстанған бағыты, салиқалы саясатының жемісін көре бастады, көкіректерге сенім ұялады. Жұртшылық республика көлеміндегі қарымды қадамдарға қарап, еңсе тіктеуге көшті.
2005 жылдан бастап қала тізгінін қолына алған әкім Серікжан Бескемпіровтің жүйелі жұмысы Текелінің күретамырына қан жүгіртіп, жылдан-жылға қала көркейіп келеді. Алматы облысының басшысы Серік Үмбетовтің қаламызға деген қолдауын да айрықша атауға болады. Оның қала халқымен кездесулерінде көпшіліктің мұқтаж, мұраттарын тыңдап, оның нәтижесін барлап отыратындығы зор жауапкершілігінің көрінісі. Табиғат тосын мінез танытып, Текеліде жер сілкінгелі тұп-тура бір жылдың жүзі болды. Апат зардаптарының жылдам жойылып, тез әрі сапалы қалыпқа келтірілгені болар, сол жағдайдың орын алғанына бірнеше жыл өтіп кеткендей. Облыс әкімі Серік Үмбетов жер сілкінісінен соң күн құрғатпай үй-үйді аралап, халықтың жарым көңіліне медеу болып, нақты көмектің көрсетілетінін уәде еткен еді. Сөз жерде қалмай, қаладағы жалпы зардаптарды жоюға 393 миллион теңге бөлініп, жеке үйлердегі жөндеу жұмыстарына көмегі ұсынылды, бір мектеп, спорт сарайы толықтай күрделі жөндеуден өтті, тұруға жарамсыз болып қалған пәтерлердің иелеріне жаңа баспана берілді. Қиын-қыстау сәтте қолдауларын аямаған басшылыққа тұрғындардың алғысы шексіз. Өткенде ғана Қызылағаштың тауқыметін көрген жұртшылық қабырғасы қайыса былтырғы ауыртпалықты еске алып, су шайған ауылдың қайта бой түзейтініне сенім білдірген еді. Халықтың сенімі мен тілегі, ынтымақпен атқарылған еңбек бүгінде жемісін берді. Қызылағаш жаңа келбетке ие болды. Болған жайтты байыптап отырғанымыз ғой, әйтпесе, елдігіміз бен бірлігімізді көрсетуге, азаматтығымыз бен іскерлігімізді танытуға қайғылы жағдай себеп болмай-ақ қойсыншы.
Халықпен кезекті бір кездесуінде облыс әкімі Серік Үмбетов Текелідегі оң өзгерістерге тоқтала отырып, қала әкімі Серікжан Бескемпіровке “сөзінен ісі көп басшы” деп баға берген болатын. Бұл сөзге қаланың жаңаша бет-бейнесі дәлел болады. Жоғарыда айтқанымыздай, қараусыз қалған көп қабатты үйлердің тоз-тозы шығып, көшелердің сәнін бұзып тұрушы еді, бүгінгі таңда сол үйлердің қасбеттері жөнделіп, әктеліп, шатырлары жаңадан жабылды. Қаланың қамын жеке шаруаларынан жоғары қоятын әкім үйлерін тұрғындар өздері жөндеп алсын деп қарап отырмай, аз қаражат жұмсалмайтын бұзылған үйлерді жөндеудің жолын тауып, іскерлік шеберлік танытқанын текеліліктер еш уақытта ұмытпайтын шығар.
Ел “Жол картасы” да талай күрмеулі мәселенің түйінін шешуге мұрындық болуда. Өткен жылы “Жол картасының” жебеуімен Текелі қаласында әлеуметтік жұмыс орындары ашылды, жаңадан оқу бітірген жастардың тәжірибеден өтіп, жұмысқа орналасуы жолға қойылды, мамандарды қайта даярлаудың да нәтижелі жемісі қылаң берді, сумен жабдықтау жүйесі реттелді, жолдар жөнделді, бір мектеп пен кәсіптік лицей күрделі жөндеуден өтті, 16 аула абаттандырылды. Дағдарысқа қарсы бағдарламаны жүзеге асыру барысында 6 инвестициялық жоба қолға алынып, 436 жұмыс орны ашылды, жұмыссыздар легі іске тартылды.
Ал биылғы жылы қала бойынша “Жол картасы” негізінде 349 жұмыс орнын, 225 жаңа жұмыс орнын ашу, 4 инвестициялық жобаны және бір республикалық маңызы бар жобаны жүзеге асыру міндеті қойылды. “Жол картасын” іске асыруға 324 миллион теңге бөлініп отыр. Жұмыссыздар санын азайту бойынша шаралар жалғасын тауып, жолдар мен арық жүйесін жөндеуге айрықша назар аударылуда. Облыстық қарттар мен мүгедектерге арналған интернат-үйін және қалалық аурухананы күрделі жөндеуден өткізу жүргізіліп жатыр. Атқарылып жатқан игі шаруаларға халық куә әрі риза.
Текелінің тұрғыны ретінде қаламыздың көркейіп, болашаққа батыл қадам жасап жатқаны көңілімді марқайтады. Әйтпегенде ше, көп қабатты үйлер жарқырап, кеш қарая бере шамдар самаладай сәуле төгіп, жөнделген жолдар теп-тегіс болып көсіліп жатқанда әркімнің-ақ өз саласында ел дамуына үлес қосуға талабы қанаттана түседі емес пе?! Бірінен соң бірі абаттандырылып, балалар ойнайтын алаңқайлар жабдықталып, аулалар кішкене қара сирақтардың көз қуанышына айналды. Баласының даладағы ойынына алаң болып отыратын ата-аналардың есік алдын тамаша күйге түсіруге бастамашы болған қала басшылығына рахметі көп. Сөздің түйіні, 27 мыңның үстінде халқы бар Текелі қаласы экономикалық, әлеуметтік даму баспалдағын нық басып, өрлеп келеді.
Мәкен ШАЛҚЫБЕКОВА, Текелі қалалық “Абзал ана отауы” әжелер халықтық ансамблінің жетекшісі.
Алматы облысы.