Астана төрінен алғашқы сапарын бастап, еліміздің барлық аймағында орналасқан әскери бөлімдерді аралап шыққан «Жеңіске құрмет» марафондық акциясының мәртебелі жалауы Алматы қаласына жеткізілген еді.
Ұлы Жеңістің 70 жылдығы мен Достастық елдеріндегі Ардагерлер жылына орай Мемлекет басшысы, Қазақстан Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен өткен жылғы желтоқсан айының соңғы күнінде Астана төрінен шыққан патриоттық марафон Астана, Қарағанды, Семей, Тараз, Ақтау секілді ірі қалаларда болып, ұрпақтар жалғастығы мен Ұлы Жеңіс жолында жанын қиған қаһарман ерлерге деген құрметтің белгісі ретінде өзінің бейбіт миссиясын Жетісу жерінде аяқтады.
28 панфиловшылар саябағында орналасқан Мәңгілік алау мемориалдық кешені алдына жиылған Ұлы Отан соғысы мен Ауған соғысының ардагерлері, түрлі қоғамдық ұйым өкілдері мен қала тұрғындары алдында Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Аэроұтқыр әскері бөлімінің басшысы, генерал-майор Дәулет Оспанов сөз сөйлеп, Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне жасаған ерліктері мен ел қорғау ісіндегі адалдығы үшін, болашақ ұрпақтың тыныштығы мен тұрақты өмір сыйлауға қосқан үлестері үшін алғыс айтып, оларға сый-сияпат жасады.
«Нұр Отан» партиясы Алматы қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Кенжехан Матыжанов қала ардагерлерінің қоғамдық жұмыстар мен жас ұрпақты әскери-патриоттық рухта тәрбиелеу ісіне де атсалысып отырған еңбектерін тілге тиек етіп, Отанға деген адалдығы мен қалтқысыз қызметіне ризашылығын білдірді.
– Жеңіс жолында жанын да, қанын да аямаған ата-апаларымыздың ерлік істері бүгінгі ұрпақ – біздер үшін үлкен құрметке лайық киелі іс. Жас ұрпақ олардың өнегесінен Отанды сүю, елге адал қызмет ету секілді көптеген қасиетті үлгі етіп алады. Ата-апаларымыздың жасаған ерлік істері мен қол жеткізген жеңісі бүгінгі тыныш өмір мен өркендеген Қазақстанның тұрақтылығына негіз қалады. Берекелі өмір сүріп отырған мерекелі елдің перзенттері атынан сіздерге алғысымызды жеткіземіз, – деді К.Матыжанов салтанатты шарада сөйлеген сөзінде.
Өз кезегінде соғыс ардагерлері Қазақстан Қарулы Күштерінің сарбаздарына баталарын беріп, еліміздің тыныштығы мен тұрақтылығы, Отанымыздың шекарасы мен тұтастығын сақтауда аянбай еңбек етулерін аманаттап, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ардагерлер мен қарияларға жасап отырған қамқорлығына ризашылығын білдірді.
Салтанатты шара барысында Даңқ мемориалы алдындағы Мәңгілік алауға гүл шоқтары қойылып, патриоттық марафонның мәртебелі белгісі – Әскери жалауды салтанатты күзет әскерлері Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің өкіліне табыстады. Аталмыш жалау Астана қаласында орналасқан Сағадат Нұрмағамбетов атындағы «Жас ұлан» республикалық әскери мектебіне сақтауға беріліп, алдағы уақытта ардагерлерге көрсетілер жоғары құрметтің белгісі ретінде қастерлі тұғырға қойылатын болады.
Қанат ЕСКЕНДІР,
«Егемен Қазақстан».
АЛМАТЫ.
Суретті түсірген
Юрий БЕККЕР.