Маман • 25 Мамыр, 2024

Мелиорация мамандарын даярлаудың жаңашыл жүйесі керек

142 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Былтыр Президенттің тапсырмасына орай Мелиорация және су шаруашылығы министрлігі құрылды. Барлық ақпараттың ашық­ты­ғы мен қолжетімділігіне мүмкіндік беретін Ұлттық геоло­гиялық қыз­мет іске кірісті. Парламентте Су кодексі әзір­леніп жатыр. Бел­гілі гидротехник, техника ғылымдарының канди­даты, доцент Әмір­хан Кеншім осындай жүйелі жұмыстар жүзеге асатын болса, су шаруа­шылығын біртіндеп қалпына келті­руге болады деген пікірін білдірді.

Мелиорация мамандарын даярлаудың жаңашыл жүйесі керек

Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Ғалым атап өткендей, су тас­қыны әлемдегі көптеген ел үшін үлкен қауіпке айналды. 10-20 жылда қай­та­­ланып отыратын ірі су тасқыны сияқты табиғи апатқа қарсы тұрар шара жоқ, дегенмен оның алдын алуда бүгінде адамзат қол жеткізген ғылым­дағы инновациялық жетістіктер аймақ тұрғындарының қауіпсіздігін қам­тамасыз етуге мүмкіндік береді. Бүгінде әлемнің дамыған елдері осы бағыт­тағы жетістіктерін өз игілігіне пайда­ланып отырғанын тәжірибеден көріп отырмыз. Ал ел өңірлерінде күн жылысымен су арнасынан асып, таситынын жергілікті тұрғындар жақсы біледі. Алайда судың биылғы тосын мінезіне ешкім дайын болмады. Демде 10 облы­сымызды су жайлағанда барып қап деп, қамдана бастадық. Бірақ алдын алу шаралары жүрмегендіктен, ел өңір­лері су тасқынынан үлкен зардап шекті.

Енді не істеу керек? Ә.Кеншім «Су шаруашылығымен айналысатын ведомство құрамына өзгерістер енгізу керек» дейді. Бүгінде Су шаруа­шылығы және ирригация министрлігі Су ресурстары комите­ті­нің «Қазсушар» шаруашылық жүр­гізу құқы­ғындағы республикалық мем­ле­кеттік кәсіпорнын реформалау арқылы облыс, аудандардағы су шаруашылықтарының жұ­мы­сын жандандыруға болатынын алға тарт­қан гидротехник-ғалым кәсіп­орын­ға тиесілі бірқатар штатты аймақ­тар­ға беру қажеттігін алға тартты.

Ғалымның айтуынша, Астана­дан ел өңірлеріндегі шаруашылықтарды бас­­қару оңайға соқпайды. «Қаз­­су­шар­­да» құрылыс, нормативті құжат­тар­мен айналысатын 30 шақты маман қалса да жеткілікті. Облыс­тық су ша­руа­шылығы мекеме­лері құрылатын бол­са, құқықтық тұр­ғыда жергілікті жер­­лердегі су шаруа­шы­лықтарын бас­қа­ру, қада­ғалау жағы да жеңілдейді. Мұн­­дай қадамдар инфрқұрылымды жақ­­­сартумен қатар, қажетті техникалар­мен қамтамасыз етуге де мүмкіндік бе­реді.

– Тоқырауға ұшыраған сала­ны бірден қалпына келтіру өте қиын. 1991 жылы Мелиорация және су ­ша­руа­­­шылығы министрлігі тарады. ­Ізін ала мемлекеттік комитеттер таза суды бас­қаруға көшіп кетті де, аймақтағы инфра­құрылымдар басқарусыз қалды. Тапсырыс бол­мағандықтан, ірі құры­лыс ТРЭС-тері тарады, біразы жеке­мен­шікке өтті. Салаға суды білмейтін мамандар келе бастады. Ірі-ірі жобалау институттары жабылды. Бүгінде бірді-екілі мықты мамандары бар «Казгипроводхоз» жобалау-зерттеу консалтингі ғана жұмыс істеп тұр. Қазір әр елді мекен гидротехникке зәру. Кезінде гидротехникалық қызмет құрамында бас гидротехник, мұраптар болатын. Елді мекендерде мұраптар тұрғындарды кезекке қою арқылы, қанша су керегін анықтайтын. Арықтарды қадағалап, ерте көктемде қардан тазалайтын. Қазір су рәсуа. Оның нарықтағы сұранысы, қажеттілігі зерттелмейді. Егістік науқанына, дақыл егу барысына сараптама жүргізіп жатқан маман жоқ. Қазіргі кезде шаруа­лар егіс егіп, қысқа қамданып жатыр. Әрқайсысында шағын болса да жері бар. Ендігі кезекте әкімдіктер нарыққа сараптама, маркетинг жасап,­ қандай өнімге сұраныс болады, да­қыл­дардың өнімділігіне басты назар ауда­руға тиіс. Бұл ауылшаруашылығын жүйелі жүргізумен қатар, суды тиімді пайдалануға ықпал етеді. Тәжірибе көрсеткендей, республикада қант қызылшасы алқаптарын дамытумен қатар бірнеше қант зауытының жұмысын қайта жандандыру да қажет, – дейді ғалым.

Президент биылғы оқу жылында Жамбыл гидромелиоративті-құрылыс институтын қайта ашу туралы тапсырма берді. Бұл жаңалықты аса қуанышпен қабылдағанын жеткізген Ә.Кеншім кезінде атағы дүрілдеп тұрған институтты жауып, көптеген кәсіби мамандардың басқа салаға кетіп қалғанын қынжыла жеткізді. Әмірхан Қадырбекұлы да осы институттың түлегі. Ғалымның айтуынша, кезінде Балтық жағалауынан Қиыр шығысқа дейін білікті кадрлар дайындап, су мама­н­дарының ұстаханасына ай­нал­ған оқу орны гидротехниктер, су құры­лысы, су канализациясы, су меха­ни­зациясы, су экономистері сияқ­ты 8 бағытта мамандар даярлау­дан Ташкенттің ирригациялық инсти­ту­тын басып озып, рей­тингі жағы­нан Мәскеу гидро­мелио­ративті инс­ти­ту­ты­­нан кейін екінші орында тұрды. Бү­гінде Ресей де, Ташкент те осы ба­ғыт­тағы оқу орындарын сақтап қалған.

Қазіргі кезде су шаруа­шы­лы­ғына қажетті мамандарды ұлттық уни­верси­теттерден бастап, бірқатар жоғары оқу орындары даярлайды. Мұн­да жылына 100-ден астам маман бітіріп шығады.

«Су саласы мамандарын даярлайтын оқу орындарының бірқатарында Су ресурстары және суды пайдалану факультеті бар. Олардың оқу жоспарымен таныссаңыз, көңіл құлазиды. Су жайында жалпы түсінігі болғанымен, не сызу сыза алмайтын, не жоба жасай алмайтын, не құрылыстың тілін білмейтін мамандар даярланып жатыр. Дипломы бар дегені болмаса, математика, жоғары математиканы меңгермеген студенттерден қандай жобалаушы инженерлер шығатыны айтпаса да түсінікті. Гидротехник-ин­же­нерлер емес, философтар дайын­­­дау­­мен айналысып кеттік па деймін. Мен бұл саланы 2016 жылға дейін зерттедім. Бітірген түлектердің 80 пайызға жуығы басқа салаға кетіп жатыр. Ал 20 пайызы инс­титутта қалады, магистратура, док­торантурада білімін жалғастырады. Бірақ олардың оқығандары мүлдем кө­ңіл көншітпейді. Себебі бірде-бір курс­­тық жұмыс жазбайды. Мықты ин­же­нер-гидротехник болуы үшін кем дегенде 10-нан астам курстық жұмыс жазу керек. Ал біз керісінше, диплом жоба­­сын да алып тастап жатырмыз» деді ол.

Ә.Кеншімұлы «Ендігі кезекте бар күшті Жамбыл гидро­мелиоративті-құ­ры­лыс инс­титутына салып, ин­же­­­нерлік тех­­ни­калық кафедралар жұмысын, оқы­ту­шылардың бі­лік­­ті­лігін артты­ру керек» дейді. Ғалым­ның айтуынша, стандартта бакалавр, магистратура, докторан­турада білім берудің негізі жүйелен­­ді. Осы стандарт негізінде біліміне, білік­ті­лігіне қарай 8 деңгей қамтылған. Сон­дықтан осы стандарттарға сәй­кес оқу бағдарламасын жасап, ми­нистр­лік бекіткеннен кейін барып Жамбыл гидромелиоративті-құры­лыс инс­титутына лицензия беру ке­рек.­ Ал жаңа оқу жылына дейін оған қан­­шалықты үлгеретінімізді уа­қыт көр­сетеді. Су шаруашылығы ма­ман­дық­тарының барлығын Таразға шо­ғыр­­ландыру арқылы саланы ретке келті­руге тырысу қажет. Ал әр өңірде маман дайындау нәтиже бермейді. Сон­дықтан осы мәселені аудан, облыс әкімдіктерінің міндетіне енгізіп, тиіс­ті министрлік су шаруашылығы инже­нер­лерін даярлаудың жол картасын жыл­дам қолға алуға тиіс.

 

АЛМАТЫ