15 Қаңтар, 2015

Қазақ дәрігері «Медицина маршалы» атанды

591 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
13-01-15-abai baigenjin Денсаулық сақтау саласындағы жетістіктері үшін Ұлттық ғылыми медициналық орталығына Францияның беделді наградасы – Наполеон ордені берілсе, ал оның директоры Абай Байгенжин «Медицина маршалы» атағына лайықты деп танылды. Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің баспасөз қызметі атап көр­сет­кендей, аталмыш орден – экономика, білім және медицина салаларында ерекше ең­бегі­мен көзге түскен ұжымдар мен жекелеген тұлғаларға берілетін, 1801 жылы Наполеон Бонапарттың декреті бойынша тағайындалған марапат атауы. Ол  1886 жылы Густав Эй­фельге (өзі аттас мұнара құрылысы үшін), 1833 жылы Бен Фурнейроға (гидравликалық турбинаны ойлап тапқаны үшін), 1873 жылы Луи Пастерге (өзінің есімін иеленген ферментизация үрдісін ойлап тапқаны үшін) табыс етілген. Бұдан бөлек, оған ие болғандардың қатарында «Мишлен», «Пежо», «Дассо», «Матра», «Рено» сынды әлемге әйгілі,  ұлттық және халықаралық деңгейде іргелі жетістіктерге жеткен компаниялардың басшылары бар. «Ұлттық ғылыми медициналық орталығы» АҚ-тың (ҰҒМО) бас директоры А.Байгенжин: «Ғылым саласындағы көрнекті жетістіктер үшін 2012 жылы біздің орталыққа Наполеон есімімен аталатын алтын медаль берілген-ді. Міне, Франция мемлекеті тағы да еңбегімізді елеп, Наполеон орденін ұсынып отыр. Мұндай сыйлықтарды бұған дейін Швейцария мен Ұлыбританиядан алған едік. Бұл – ғылымы дамыған елдердің бізді бағалағаны, дәлірегі, Қазақстанның медицина саласындағы жалпы жетістігін  мойындауы», – дейді. Таныстыра кетейік, «Медицина маршалы» атанған Абай Байгенжин – бүкіл саналы ғұмырын денсаулық сақтау саласына арнаған белгілі азамат. Ол 1970 жылы Алматы мемлекеттік медициналық институтын «емдеу ісі» мамандығы бойынша бітіргеннен кейін, денсаулық сақтау жүйесінде түрлі қызметтер атқарған. Атап айтсақ, А. Байгенжин әр жылдарда Алматы қалалық жедел медициналық көмек клиникалық ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары, «Алатау» санаторийінің бас дәрігері, Алматы аймақтық диагностикалық орталықтың директоры, Мемлекеттік аэроғарыш компаниясының вице-президенті, Қазақстан Республикасы Үкіметі жанындағы міндетті медициналық сақтандыру қоры бас директорының орынбасары, Астана қаласындағы республикалық клиникалық аурухананың директоры сынды жауапты қызметтерді абыроймен атқарды. 2004 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін «Ұлттық ғылыми медициналық орталығы» АҚ-тың (ҰҒМО) бас директоры. Сондай-ақ, ол медицина ғылымдарының докторы, профессор, «Парасат» орденінің иегері. Жолдыбай БАЗАР, «Егемен Қазақстан».