Қоғам • 25 Мамыр, 2024

Жеңіл табыс жерге қаратады

120 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Қазір смартфонды ашып қалсақ, желіде ұтыс ойнатып, жұрттан ақша жинап жатқандарды жиі көретін болдық. Блогерге 10 мың теңге аударып, парақшасына жазылып кетсеңіз болғаны, шетелдік қымбат көлік ұтасыз дегенге, тіпті бір үйір жылқы тіккені де бар. «Бұл неғылған батпан құйрық, айдалада жатқан құйрық?» дегеннің кебі. Сөйтіп, ертегідегі қасқырдай тегін құйрықты қарпимын деп сан соғып қалғандар көбейді.

Жеңіл табыс жерге қаратады

Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Алты ғасыр бұрын пай­да болған ұтыс ойын­дарының да дерті бөлек. Карта – құмар ойын­да­ры­ның ең қорқынышты түрі. Қазір ойынханалардағы покер ойыны да тұғырынан түскен жоқ. Казинолардағы жүйе күрделі. Таң атып, кеш батқанын білдірмес үшін онда терезе болмайды. Ақшаның ең көп жұмсалатын жері де – осы. Сондықтан болар әлемнің көптеген елінде кази­но­ға тыйым салынған. Бізде де түбегейлі тыйым салынбаса да, белгілі бір талап-тәртіп енгізіліп жатыр. Ал спорттың футбол, хоккей сынды түрлерімен қоса, саяси болжамдарға да ақша тігі­леді. Құмар ойынның тотализа­тор деген түрі бар. Мұндағы жүйе жануарлар қатысатын түр­лі бәй­геге бәс тігу арқылы жүзе­ге асады. Кімнің бәйгесі оза шапса, оңай ұтыс та – соныкі. Викторина, лотереялық ұтыс ойындары да – осы тізімде. Бұған қоса желі арқылы жеңіл жолмен табыс тауып, тез байып, шекесі шылқып шыға келгісі келетіндер лотерея, конкурс ұйымдастыруды да әдетке айнал­дырды. Қалтасы қа­ғы­лып қал­ған қатысушылардың айтысына қарағанда, бұл да – жеңе ал­майтын джекпот. Мәселен, мың адамның ішінен тек бір адам ғана жеңіске жетеді. Оның өзі қандай талаптарға сай жеңімпаз болатыны дүдәмал. Мұның барлығы Instagram парақшасындағы жазушылардың санын көбейту мақсатында ұйымдастырылатын көрінеді. Аз ақшаға қомақты жүлде алудан үмітті қарапайым жұрт ұтыс ұйымдастырушыларының бар талабын орындауға әзір.

Ақтілеу Сейілұлы атты азамат бір рет ұтыстың дәмін татқанын айтады.

– Instagram-дағы байқауға қатысып, отандық бренд дүкені­нен киім ұтып алғаным есімде. Алматы қаласынан поштамен салып жіберді. Бұл жерде еш­қандай ақша салмай, тек бір­қатар шартты орындадым. Ал лотереялық ұтыс ойындарына қатысып көрген жоқпын. Лоте­реяға қатысқан адамның бар­лығы ұтыстан үміттенеді, бірақ бір адам ғана ұтысты болады. Осылайша, оңай олжаға кенелгісі келетіндер көбейеді. Лотереядан түскен пайданың біраз бөлігін ұйымдастырушы адам көреді. Бұл дұрыс емес деп ойлаймын, – дейді ол.

Ал Гүлшекер Аман деген желі қолданушысы мұндай ұтыс ойын­дарының әділ өтетініне күмәнді.

– Instagram-дағы байқауларға қатысып жүрсем де, ешқашан ұтып көрмеппін. Кейде ойындар шынайы ұйымдастырылмайды. Шарттарын орындасақ та, байқау барысында тексеріп жатпайды. Немесе тікелей эфирде қаншама мың адам бір уақытта желіге кіргенде, интернет нашарлап, байқауды толық көре алмаймыз. Сондықтан әділ өтпейді, – дейді ол.

Қай қатысушыдан сұрасақ та, көбі мұндай ұтыс ойындарының әділ өтетініне сенбейді. Бірақ сен­бесе де, «үмітсіз шайтан» деп қаты­сып қоятындары да бай­қа­лады. Ал жеңімпаз болған­дар­дың әңгімесі басқаша болатыны түсінікті.

Алайда көпшіліктің көкейінде бло­герлердің әлеуметтік желі арқы­лы ұтыс ойынын ұйымдас­тыр­уы, лотерея ойнатуы заңды ма деген сұрақ туады. Сондай-ақ қайырымдылыққа жиналған ақша тексеріле ме деген сауал да бар. Осы мәселені білмекке Қаржы министрлігіне сұрау сал­ған едік. Қаржы министрінің орын­басары Ержан Біржановтың айтуына қарағанда, бұл жағдай биылғы заңда өзгерген мобильді аударымдардың талабымен бір­дей екен.

– Егер қаражат бір баланың еміне арналатын болса, 100 аударымнан асса, келесі жылы мәлі­мет келеді. Сол кезде біз аза­матқа арнайы хабарлама жібе­­ре­міз. Азамат немесе блогер өзіне аударылған аударымдардың мақ­сатын түсіндіріп беруге тиіс. Жіберілген ақшаның реквизитін кәсіпкерлік мақсатта емес екенін дәлелдесе, тұлғаға сұрақ туындамайды. Кім ақша жинайды, сол адам өзінің не үшін жинап жатқанын нақты білуге тиіс. Егер кәсіпкерлік немесе жарнама болса, оның міндеттемелері пайда болады, ал қайырымдылық жағ­дайы, туыстарына аударым жасаса, ешқандай сұрақ болмайды, – деп түсіндірді ол.

Ал «Қазақстан лотереялар және лотерея қызметі туралы» заңына сәйкес кез келген адам өз бетінше лотерея ойната алмайды. Бұл үшін ұйымдас­ты­ру­шылар арнайы рұқсат алып, түскен пайданың белгілі бір пайызын салық ретінде төлеуге міндетті. Заңгерлердің айтуынша, лотереялық ұтыс ойындарын тек мемлекеттік лото ұйымдары ұйымдастырады. Бүгінде әлеумет­тік желілердің арасындағы ең танымалы Instagram екені белгілі. Әлеуметтік желідегі белгілі адамдар немесе әншілер: «10 мың теңгеге билет сатып ал да, көлік ұтып ал» деп ұтыс жариялайды. Бірнеше көлікті тізіп қойып: «осының біреуін сен ұтуың бек мүмкін» деп сендіруге тырысады. Егер ұйымдастырушы «лотерея» деген сөзді қолданып, ұтыс ойыны барысында лотерея билетін сатса және оны өткізуге лотерея операторымен келісімшарт жасамаса, бұл ұтыс заңсыз болып есептеледі. Ал «ұтыс ойыны», «конкурс», «байқау» деп ата­ған ұйымдастырушыларды заң жүзінде жауапқа тарту қиын көрінеді.

Әйткенмен әділетті заң болса, кез келген асауға тұсау салуға болады. Мәселен, осы демалыс күндері Астана полициясы интернетте ұтыс ойнатып, заңсыз ақша жинаған азаматты қолға түсірді. «Anti-fraud» жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында Байқоңыр аудандық полиция басқармасы криминалдық полиция бөлімінің қызметкерлері алаяқтық жасады деген күдікпен Шымкент қаласының үш тұрғы­нын ұстады. Олар интернет ресурстарды пайдаланып, ұтысқа автокөлік тігеміз деген желеумен азаматтардың ақшасын жинап алған. Полиция күдіктілердің осыған ұқсас 25 оқиғаға қатысы барын анықтаған. Азаматтарға келтірілген материалдық шығын шамамен 8 млн теңгені құрады. Ұстал­ғандар кінәсін мойындап, Астана қаласы полиция депар­та­ментінің уақытша тергеу изоля­торына қамалды. Олардың елор­дада бұрын жасалған басқа да қыл­мысқа қатысы бар-жоғы анық­талып жатыр.

Қорыта айтқанда, жеңілдің үстімен, ауырдың астымен жүріп, тегін пайда олжалап кеткісі келе­тіндерді құрықтамай болмайтыны түсінікті. Жоғарыдағы ұс­талған үшеудің оқиғасы басқа­­ларға да сабақ болуға тиіс. Қазір онсыз да құмар ойын­ның құрдымына жұтылған, букме­кер­лік кеңселерге ұтылған қара­көз­дердің қайғысы қалыңдап тұр. Қайғыға қайғы жамамасақ жарар еді.