15 Қаңтар, 2015

Бес кластер туралы не білеміз?

2473 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін
туризм-8 Жаз шыға Астана – Ақтөбе – Астана маршрутымен жолға шықтық. Қостанай, Рудный қалаларының үстімен өтіп, табиғатты да тамашалай, жолдағы елді мекендер тіршілігімен таныса алдық. Қалалар шағын, таза, көкке оранған. Жолай кездескен адамдар жол көрсетуге дайын, кішіпейіл. Ойда осындай керемет табиғат пен қарым-қатынасқа қарамастан, ішкі-сыртқы туризмнің сеңі неге енді қозғалып жатыр деген сұрақ қалды. Қостанай облысының Әулиекөл ауданына қарасты Аманқарағай орманына таң қалмасқа шараң жоқ. Табиғаттың бір жерге көл, бір жерге шөл екені аян. Маңғыстаудың маң даласында бойжеткен бізге көк тірей өскен орманның әсері мүлдем басқаша. Әрі табиғатты тамашалау, оны түсіне білу, жаңа жерлерге қызығушылық таныту адамның ой-өрісін кеңейтіп, өз-өзін жетілдіруге көмектеседі. Маңғыстаудың балбал тас­тары аңыз-әңгіме, тарихтан сыр шертсе, көгі мол солтүстік өлкесі мал мен жанға ыңғайлы екенін аңғартады. Екі түрлі өлкенің осы сипаттарының өзі-ақ ішкі туризмге сұранып-ақ тұр. Айта кетер бір жайт, Қазақстан туристік ассоциациясының мәліметінше, елімізде туризмнің барлық түрлері бар. Танымдық, ойын-сауықтық, спорттық, сауықтыру-емдік, тұтынушылық, іскерлік, діни, этностық, экологиялық, рафтинг, альпинизм, бүркітпен аң аулау дейсіз бе, барлығын да табуға болады. Бірақ байтақ дала табиғатын тамашалауға, демалуға өзге түгіл өзіміз қызығушылық танытпаймыз. Заманауи туризмнің әлеуметтік-экономикалық сипатының маңызы уақыт өткен сайын арта түсуде. Тіпті, экономикалық көрсеткіштері бойынша әлемде мұнай өңдеу саласынан кейін екінші орын алады. Еуропа елдерінің бірқатары өз экономикасына түсетін кірістің едәуір бөлігін  туризм саласында жұмыспен қамтамасыз ету, жұмыс орындарын ашудан алады. Жалпы, бұл саласы мемлекет экономикасына үш тұрғыда жағымды әсерін тигізеді. Біріншіден, шетелдік валюта ағынымен және төлем балансы және ортақ экспорт секілді экономикалық көрсеткіштерді жақсартады. Екіншіден, жергілікті тұрғылықты халықтың жұмыспен қамтылуын арттырады. Үшіншіден, елдегі барлық инфрақұрылымның дамуына септігін тигізеді. Енді осы үш тиімділікті Қазақстан тұрғысынан талдап көрсек. Қазақстан туризмінің қазіргі дамуы бизнесмендер, спортшылар, ғалымдар, экстремальды демалысты сүйетіндер үшін, соны­мен қатар, Ұлы Жібек жолында орналас­қан елдер тарихы мен бүгінгі дамуы қызық­тыратындар үшін тартымды болып отыр. Ішкі туризмді дамыту мақсатында белсенді іс-қимылдар жасалып, индустрия инфрақұрылымының әлеуетін жетілді­ру бойынша жұмыстар жүргізілуде. Тіпті, Үкімет туристік саланы дамытудың 2020 жылға дейінгі кезеңге арналған тұжырымдамасын биыл бекітіп те қойды. Ол бойынша елімізді бес туристік клас­терге бөліп дамыту қарастырылады. Олар – Астана, Алматы, Шығыс, Оңтүстік және Батыс Қазақстан. Бұл бес бағыт өзіндік ерекшеліктері ескеріле отырып жасақталған. Мысалы, Астана және Алматы іскерлік туризм орталықтары ретінде ұсынылса, Алматы тағы бір халықаралық тау туризмі орталығы ретінде де танымал. Шығыс Қазақстан экологиялық туризм дамуына жауапты болса, ал Оңтүстік Қазақстан кластері – мәдени туризм ошағы болмақ. Ал Батыс Қазақстан мәдени және жағажай туризмі аралығын ұстанады.

Астана кластері

Алдымен Астанадан бастайық. Елорданың бес кластердің біріне кіру себебі айқын. Біріншіден, ресми іскерлік байланыстар осында бастау алатындықтан, шетелдерден келетін делегациялар Қазақстанды Астана мен Алматы қалалары арқылы таниды. Соңғы кездері алыс-жақын шетелдермен іскерлік байланысты ірі қалалар ғана емес, облыс орталықтары да жүзеге асыра бастағанының куәсі болып жүрміз. Ол үшін облыстық ақпарат көздеріне сілтеме жасасақ жетіп жатыр. Павлодар облысының еліміздің Ресеймен шекаралас аумақтарда ауылшаруашылық өнімдеріне байланысты қарым-қатынастарды жолға қойғанын көрсек, барыс-келіс көбейгенін аңғарасыз. Ал Маңғыстау облысының шекаралас болмақ түгілі, бөлек құрлықта жатқан Біріккен Араб Әмірліктерімен байланыс орнатып, ителгіні қайтару жұмыстарын жүргізгенін білгенде таң қалдық. Италияға оңтүстіктен жіберілген жүн өнімдері ше?! Бұл ішкі нарықты ғана емес, ел бизнесмендерінің сауаты артып, жан-жақпен байланыс орнатуға заң мен әлеует жағынан молынан мүмкіндік бар екенін түсінуінің дәлелі. Мұндай алыс-берістің бастауында Елбасының шетелдерге мемлекеттік сапарлары, Астанаға келіп-кетіп жатқан шетелдік бизнесмендер мен кәсіпкерлердің келісімшарттары тұрғандығын аңғару қиын емес. Елбасы барған жерінде іскерлік қарым-қатынас ізін қалыңдатуға барынша күш салып, бизнесмендерге инвестициялық ахуалды жақсартуы елдің тартымдылығын арттыру, имиджін қалыптастыру жұмыс­тарының бастауы болуда. Еңбек мигранттарын шақырып, елден шығатын қаржы көзін емес, елге демалуға келетін шетелдіктерді, инвестициялық қаржы көзін арттырудамыз. Мысалға алсақ, Өзбекстан өткен жылдан бастап шетелде жүрген отандастарын қайтаруға тырысуда. Өйткені, елде бас көтерер ер азаматтар сыртта нәпақа тауып жүр. Олардан ел экономикасына келетін, құйылатын қаржының көлемділігіне қарамастан бұл ел жоқтан бар жасап, азаматтарын шетелге жібермеуге барынша тырысуда. Ал Тәжікстанның жағдайы тым күрделі. Халықаралық банк есебінде Тәжікстанға еңбек мигранттарынан түсетін қаржы ағыны 2013 жылы ІЖӨ-нің тең жартысын құраған. Оның 90 пайызы Ресейден жіберілген. Ресейлік Орталық банктің мәліметінше, оның көлемі 4,1 млрд. АҚШ долларына тең. Ал Қазақстанның халықаралық имиджі қазір өсіп келеді. Еңбек мигранттарына тәуелсіз, керісінше, ел дамуын айқындайтын жұмыстардың жолға қойылуы ертеңімізді нақтылауға мүмкіндік береді. Сондықтан бас қаланың іскерлік қарым-қатынастардың орталығы ретінде дамуы заңды құбылыс.

 Алматы кластері

Алматы қаласының бизнес-орталық болып белгіленуі тосын жаңалық емес. Ендігі жерде оның дәстүрлі қаржыландырумен қоса, аймақтық исламдық қаржыландыру орталығына айналады деген ақпарат туристік саланың дамуына серпін беріп отыр. Аймақтық исламдық қаржыландыру хабы дегеніміз не? Бұл исламдық қаржыландыруға байланысты іскерлік байланыстардың орталығы Алматыда болса, оның өнімдерін қолданатын, қолданғысы келетін ТМД елдерінің бизнесмендері ортақ арнаға тоғысады деген сөз. Бұл арқылы Алматының бизнестік туризмнен түсетін пайдасы да болары анық. Мұның барлығы, әрине, болашақтың еншісінде. Сонымен қатар тау туризмі де жастар арасында біршама артып отыр. Англия тағынан үміткер ханзадалардың бірінің келіп-кетуі осыны аңғартады.

Шығыс кластері

Шығыста ішкі-сыртқы туризмді өркендетуге мүмкіндік мол. Оған облыстың өзен-көлді өңірлері дәлел. Ыстықкөлге бірден-бір бәсекелес бола алатын Алакөл демалыс орнының өзі неге тұрады?! Тарихи-мәдени, рухани туризм әлеуеті де жеткілікті түрде кеңінен қолданыла қойған жоқ. Туризмді дамытудың түрлі тетіктері туралы айтқанда демалыс орындары мен қысқы туризмді, қысқы спорттық ойындарды дамытуға аса қолайлы Риддер қаласын да атап өтуге болады. Бұл сала мамандарының пікірі. Жалпы, туризм саласы шығыс аймақтың экономикасын арттыру көзі әрі бренді десек те болады. Туризм кластерін дамытуға әлеует жетсе де, қаржы жетіспейді. Сол себепті, бұл саланы дамытып алып кету қиынға соғуда. Облыстың орман-тоғайға бай, сулы-көлді екені белгілі. Катонқарағай, Бұқтырма, Алакөл, тізе берсең кете берер. Бірақ онда туристерді тарту үшін жағдай жасалуы керек. Жағдай үшін инвестиция құю керек. Сол керектердің бірі – жоғары сапалы жолдарды салуға қаржы жоқтығы қолбайлау көрінеді. Дегенмен, қол қусырып, қарап отырған облыс басшылығы жоқ. Өскеменнен Рахман бұлақтары курортына дейінгі жолды жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Ұлан ауданында өтетін ұлттық брендіміздің бірі қазақы тазыға арналған көрмені естуіңіз бар ма? Жыл сайын Қазақстанның түкпір-түкпірінен жиналатын тазы иелері ұлттық дәстүрді насихаттап қана қоймай, осы арқылы туристерді тартуға қызықты жағдай жасауда деп ойлаймыз. Шетелде тұқымы түрлі ит-құстың жарысы секілді, мұндай шараларды жиі өткізу бізге де өте пайдалы болса керек. Сұлулық, жылдамдық пен қырағылық байқауының тек ішкі туристерді ғана емес, насихаты болса шетелдіктерді де тартуға әлеуеті жетеді. Батыста белсенді туризмнің түрі саналатын бердвотчинг (birdwatching-құстарды бақылау) да осы шығыста қолданысқа енуде. Оның мәнісі құстарды таза табиғат аясында бақылау. Осы жазда риддерлік аң аулау шаруашылықтары алғашқы орнитолог-туристерді қабылдап та үлгерді. Еуропада бұл танымал әуесқойлықпен айналысатындар саны миллионнан асқан. Германияда, Ұлыбританияда, Бельгия мен Голландияда ірі орнитологиялық қауымдастықтар жұмыс жасайды. Олардың қатысушылары қанаттылардың суретімен алмасып, бүкіл әлемді аралап сапарлайды. Сирек кездесетін құстарды бақылайды. Міне, осындай сирек құстары бар, қанаттыларды бақылауға ыңғайлы, сапарлап көруге тұрарлық елдер қатарында Қазақстан да бар. Бұл да туристерді тартудың тағы бір дайын жолы. Өйткені, орнитологиялық туризм жаңа, бірақ келешегі бар бағыт. Оған себеп құстарды жыл он екі ай бақылауға әбден болады.

Оңтүстік кластері

Оңтүстік кластері ішкі туризм жөнінен алда тұрған кластер. Бұлай деуіміздің өзіндік сыры бар. Орта­ғасырлық тарихтың құнды жәдігерлері, ашық аспан астындағы мұражайлар, тәу ететін орындары еліміздің түкпір-түкпірінен халықтың ағылып, ешқандай жарнамасыз-ақ келуін қамтамасыз етуде. Тұжырымдама бойынша Оңтүстік Қазақстан туризм кластеріне Қызылорда облысының шығыс және орталық бөліктері, ОҚО-ның оңтүстігі, Жамбыл облысының оңтүстік-батысы кіреді. Орталығы Шымкент қаласы болмақ. Енді туристік қызығушылық нысандарын атап өтейік. Ежелгі Отырар және Отырар оазисі ортағасырлық археологиялық нысандары, Сауран археологиялық кешені, Қаратау геоморфологиялық және палеолиттік учаскелердің мемле­кеттік табиғи қорығы, Арпа-Өзен петроглифтері, Байқоңыр ғарыш айлағы, Қызылорда, Сарыағаш, Тараз. Кластер болашақта кеңеюі мүмкін. Оңтүстік Қазақстан кластері «Ұлы Жібек жолының жүрегі» ретіндегі туристік бағытта дамуда. Негізгі туристік өнімдері мәдени туризм және турнелер (вояж) болмақ.

Батыс кластері

Жаз болса Түркия, Біріккен Араб Әмірліктері, Мальдив аралдары секіл­ді теңізі бар елдерге «жөңкілетін» туристерді еліміздің батысындағы Каспий теңізімен, жағажаймен тарта аламыз. Бірақ ішкі туристік инженерлік инфрақұрылымдардың кірісі төмен болғандықтан кез келген жоба мемле­кеттің араласуын «сұрап тұрады». Жа­ғажай бизнесінде қатысушылардың бірі мемлекет сипатында болса көп нәрсе шешілер еді. Каспийдің жағасындағы сары құмды алтынға айналдыру үшін курорттық жағажайлар салу керектігі түсінікті. Ал ашық аспан астындағы аппақ таулар мен мұражай нысандары балбал тастар, ежелгі Тетис теңізінің ізі – мұның барлығы батысқа шақыратын туристік дүниелер. Осы жазда әлеуметтік желі қолданушылардың арасында үлкен дүмпу болды. Ол шетелдегі жағажайларда демалу елімізде демалудан әлдеқайда арзан түсетіндігі туралы салыстырмалы баған көрсетілген еді. Жауап ретінде еліміздегі туристердің жылдық ағыны аз болғандықтан осылай қымбатқа түседі деп ақталды. Егер бес кластерді белсенді дамытсақ елімізде көптеген жаңа жұмыс орындары мен ел экономикасына кіріс ашылар еді. Венера ТҮГЕЛБАЙ, «Егемен Қазақстан».