«Қарагөз» балеті сыншылар тарапынан жоғары бағаға ие болуда
Балет өнері сыншылары мен сарапшылары назарын аудартып отырған «Қарагөз» спектаклі «Астана Опера» театрының негізгі сахнасында биыл тұңғыш рет қойылған ұлттық туынды болып саналады. Бас партияны «Астана Опера» балетінің жетекші солисі Әнел Рүстемова, басты кейіпкерлер – Сырым мен Наршаның бейнесін талантты биші-әртістер Арман Оразов пен Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Астана Опера» балетінің жетекші солисі Тайыр Гатауов сомдаса, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Астана Опера» театрының жетекші солисі Гауһар Усина Қарагөздің әжесі Мөржанның рөлін ойнайды.
Тұсауы жақында ғана кесілген ұлттық балет бұқаралық ақпарат құралдарында, сондай-ақ балет сыншылары арасында үлкен қызығушылық туғызуда. Педагогика ғылымдарының докторы, ҚазҰӨУ профессоры Айгүл Күлбекова өзінің «Классикаға – ерекше қарым-қатынас» атты мақаласында балеттік спектакль көркемдік тұрғыдан келісті безендірілуімен көрерменді таң қалдырғанын айтады. «Костюмдер, түстер, жарық, декорациялар – барлығы көрерменнің қабылдау қабілетін еселей түсетіні сөзсіз. Қоюшы суретшілер – Софья Тасмағамбетова мен Павел Драгунов хореографтың идеясын толығымен жүзеге асырған деуге негіз бар» дейді ғалым премьера туралы ойларын ортаға салып.
Өнертану докторы, П.И.Чайковский атындағы Мәскеу консерваториясының профессоры Елена Долинская, әр кейіпкерге өзіне тән қимыл-әрекет түрлері бекітілген хореография тілі алдын-ала үлестірілгенін тілге тиек етеді. Ол: «Қарагөз пластикасының жұмсақтығы әсіресе адажио, балеттің лирикалық шарықтау шегінде айрықша көрініс табады. Нарша – Қарагөз – Сырым махаббат үштігінде екі кейіпкердің де жеке хореографиялық бояуы қанық шыққан десек, Қарагөзді қатты жақсы көретін әжесі Мөржан мінезі күрделі, алайда ата-баба заңдарын берік ұстанған кейіпкер ретінде айрықша көзге түседі» деп жазды өз пікірінде.
Еске сала кетейік, композитор Ғазиза Жұбанова балетті Мұхтар Әуезовтің «Қарагөз» драмасының желісі бойынша 1987 жылы жазған болатын. Балеттің тұсаукесері «Астана Операда» 2014 жылы 5 желтоқсанда 2 бөліммен және 9 көрініспен, сондай-ақ реквиемдегідей Прологымен және Эпилогымен өтті. Музыкалық редакцияны «Астана Опера» театрының музыкалық жетекшісі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Абзал Мұхитдинов және балетті қойған Вакиль Усманов (Алматы хореографиялық училищесінің түлегі, ұзақ жылдар бойы Мәскеуде жұмыс істеп, 1988 жылы өзінің Мәскеулік В.Усманов хореография театрын құрған) жасағаны көпшілікті бейжай қалдырмайды. Қос шебердің идеясы ұлттық жобаның сәтті түйінделуіне қызмет етуінің арқасында Қарагөздің классикалық үлгідегі тағы бір ұмытылмас бейнесі дүниеге келді деп сенімді түрде ойымызды шегелей аламыз.
Салтанат ӘСКЕРБЕКҚЫЗЫ.
Суретте: «Қарагөз» балетінен көрініс.