Әдебиет • 27 Мамыр, 2024

Ашхабатта Құрманғазы мен Абайдың ескерткіштері орнатылады

89 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Түрікменстан тарапы Ашхабат қаласында күйші Құрманғазының және хәкім Абайдың ескерткіштерін орнатуға бастама жасады. Бұл туралы Түрікменстан Сыртқы істер министрі Рашид Мередовпен келіссөздерден кейін бірлескен мәлімдеме жасаған Премьер-Министрдің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу айтты, деп хабарлайды Egemen.kz.

Ашхабатта Құрманғазы мен Абайдың ескерткіштері орнатылады

Фото: RestBee.ru

«Мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық дәстүрлі түрде ең басым бағыттардың қатарын толтырып отыр. Осы мүмкіндікті пайдаланып, түрікмен делегациясын әлемге әйгілі ақын Махтумкули Фрагидің 300 жылдығымен құттықтаймын. Бұл тарихи тұлғаның әдеби мұрасы түркі мәдениетінің ортақ рухани қазынасын және дәстүрлерін сақтаған түрікмен халқының даналығы мен бірегей дүниетанымын паш етеді. Елордамызда ұлы ақынға арналған ескерткіштің салтанатты ашылу рәсімін асыға күтеміз. Екі мемлекет лидерлерінің бастамалары аясында жақын болашақта Астанада Түрікменстанның мәдениет күндерін және Түрікменстанда Қазақстанның мәдениет күндерін өткізу жоспарланған», - деп жазды Кazinform Мұрат Нұртілеудің сөзін.

Оның атап өтуінше, Қазақстан тарапы биыл күзде Түрікменстан мәдениет күндерін өткізуге дайын.

«Ашхабат қаласында күйшіміз Құрманғазының және хәкім Абайдың ескерткіштерін орнату туралы түрікмен тарапының бастамасы үшін үлкен ризашылығымды білдіремін. Тағы бір айта кететін жайт, түрікмен Анау қаласы биылғы жылы Түркі әлемінің мәдени астанасы болғанын зор ықыласпен қабылдадық. Білім және ғылым саласындағы байланыстарды кеңейту мақсатында жоғары оқу орындары арасындағы өзара іс-қимылға қолғабыс көрсетуге уағдаластық. Қазақстанның 28 жоғары оқу орындарында білім алып жатқан 2 600-дан астам түрікмен студенті екі елдің жақындасуына ықпалын тигізетіні хақ», - деді вице-премьер.