Инвестиция • 28 Мамыр, 2024

Инвестицияны қолдау кеңсесі

146 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қытай астанасы Бейжің қаласында «Астана» халық­­­аралық қаржы орта­лығы сотының және Ха­лық­аралық төрелік ор­та­лы­ғының әлемдік деңгей­дегі жаңа кеңсесінің ашылу рәсімі өтті.

Инвестицияны қолдау кеңсесі

АХҚО соты мен ХТО қыз­метін 2018 жылы 1 қаңтардан бас­тап атқарып келеді. Осы алты жылдың ішінде инвестицияларға байланысты 2 600-ден аса істің және дау тараптарының 100% қанағаттандырылуына себепкер болды. Қазақстанда бизнес жүргізетін 28 елдің инвесторлары өздерінің инвестициялық дау­ларын АХҚО соты мен ХТО-да шешу үшін 10 000-нан аса іскерлік келісімшартқа АХҚО соты мен ХТО-ның үлгілік ескертпелерін қосқан. Бұл шарттардың едәуір бөлігі Қытайдан Қазақстанға инвестициялар тартуға бағытталған.

АХҚО соты – тәуелсіз заңды тұлға. Екі деңгейден – инстанция соты және апелляциялық соттан тұрады. Өз қызметі мен опера­цияларына байланысты туын­дайтын дауларға қатысты ай­рық­ша юрисдикцияға ие. Мұнда іс жүргізудің ең заманауи және тиімді әдістері қолданылады. ХТО құрамында мұнай-газ, сауда, құрылыс, энергетика, қаржылық қызмет көрсету, банк ісі, ислам қаржысы, сақтандыру және зияткерлік меншік салаларын қоса, коммерциялық құқықта төрелік ету мен медиация бо­йынша жетекші халықаралық төрешілер бар.

Бейжіңдегі беделді China World Tower ғимаратында ор­наласқан АХҚО соты мен ХТО-ның жаңа кеңсесінің отырыс зал­­дары заманауи цифрлық техноло­гиялармен жабдықталған. Мұн­да­ғы мақсат – Қазақстандағы Қытай инвесторлары үшін олар­дың АХҚО соты мен ХТО-ға беріл­ген дауларды өз елінде жайлы жағ­дайда шешу мүмкіндігін беру.

АХҚО соты мен ХТО тір­кеушісі және аппарат басшысы Кристофер Кэмпбелл-Холт мырза Бейжің қаласына өткен, 110-нан аса елден 20 000-нан астам бизнес өкілі жиналған Шетелдегі бизнесті дамыту жөніндегі Қытай қауымдастығының (China Overseas Development Asso­ciation, СODA) халықаралық кон­фе­ренциясына қатысты. Аталған іс-шара аясында Кэмпбелл-Холт мырза дауларды шешу жөнін­дегі серіктестер, аға заңгер­лермен және Қазақстанда бизнес жүргізетін немесе жүргізуді жос­парлаған кәсіпкерлермен кездесулер өткізді. Қазақстан­дағы Қытай инвесторлары үшін коммерциялық дауларды шешу­дегі Еуразиядағы озық институттары ретінде АХҚО соты мен ХТО-ның ұстанымын одан әрі нығайту мақсатында CODA-мен ынтымақтастық туралы келісімге қол жеткізілді.

«Біз қытайлық компания­лар­дың Қазақстанға инвести­ция­лары көлемінің өсуін қол­дау үшін жүргізіліп жатқан маңызды жұмыстарға қосымша, Қытай астанасының төрінде халықаралық стандарттарға сай АХҚО соты және ХТО кеңсесінің ашылғаны туралы хабарлауға қуаныштымыз. Қытай инвесторлары бірқатар істе өздерінің заңды құқықтарын қорғау үшін АХҚО соты мен ХТО қызметтеріне жүгінген де болатын. Бейжіңдегі біздің соңғы бастамамыз бұл инвесторлар мен Қытайдан келетін болашақ инвесторларға олардың АХҚО соты мен ХТО арқылы дауларды өз елінде де тәуелсіз, уақ­тылы және экономикалық тиім­ді ше­шу мүмкіндігіне қол жет­кізуіне мүмк­індік береді», дейді Кристофер Кэмпбелл-Холт.

АХҚО соты мен ХТО-ның Қазақ­­станда Астана және Алматы қалаларында, сон­дай-ақ Қазақ­станда бизнес жүргі­зетін ин­вес­торлардың қажет­тілік­­терін қанағаттандыру үшін Еуразия­ның сегіз елі – Әзер­байжан, Армения, Грузия, Қырғызс­тан, Тәжікстан, Түркия, Түрік­менстан және Өзбекстанда цифрлық технологиялармен жаб­дықталған халықаралық стандартты кеңселері бар. Жаһан­дық инвесторлар Еуразиядағы коммерциялық дауларды шешуде АХҚО соты мен ХТО-ға артықшылық береді. Сондай-ақ аталған институттар – олардың Қазақстанға инвестициялау туралы шешім қабылдауында шешуші фактор.