Білім • 28 Мамыр, 2024

«Алтын белгі» иегерлеріне айрықша мүмкіндік

375 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Shakarim University дарынды мектеп түлектеріне бағыттал­ған бағдарламалар құруда сапалы бастамалар жасап келеді. Мәселен, Абай облысындағы 222 «Алтын белгі» иегерлерінің барлығы 2024-2025 жаңа оқу жылында аталған университетте тегін білім ала алады.

«Алтын белгі» иегерлеріне айрықша мүмкіндік

Соңғы қоңырау салтанатында үздік оқушылар университет табыстаған білім гранттарына ие болған еді. Дарынды жастарға берілген бұл мүмкіндік олардың әрі қарай кәсіби өсуіне елеулі қолдау болары сөзсіз. Бұл Абай өңіріндегі бас­ты білім беру күші ретінде кадр­ларды даяр­лау және тұлғалық өсуді дамыту мүмкіндіктерін қам­та­масыз ететін, болашақ кадр ресурс­тарын қалыптастыру­мен белсен­ді айналысатын Shakarim University рөлінің ерекше екенін көрсе­теді. Облыстың озық түлек­терін өңірлік университетке тар­ту­дың мұндай тәжірибесі бұрын-соңды болмағанын да осы тұста айрықша атап өткеніміз жөн.

«Өңіріміздегі небір дарынды түлектер жоғары оқу орындарына таңдау жасар сәтте шетелдік немесе еліміздің өзге орталық универ­ситеттерін таңдауы бек мүмкін. Бірақ Шәкәрім университеті ұсынған тегін оқу сертификаттары көптеген дарынды мектеп түлектерінің өз өңірінде қалуына әжептәуір әсер етеді деп сенеміз. Сондай-ақ біздің стратегиямыз да олардың өз әлеуетін толық іске асыра алатындай жағдай жасауға бағытталған. Сертификаттарды тапсыру кезін­де балалар мен олар­дың ата-аналарының жүз­дерінен осындай қосымша мүмкіндіктердің беріліп жатқанына үлкен риза­шы­лықтарын білдіргендерін бай­қадық. Біздің мақсатымыз – оларға туған өлкесіне қажет екендіктерін жеткізу», дейді Shakarim University ректоры Думан Орынбеков.      

Shakarim University атал­ған бағдарламадан бөлек, басқа да бастамалар бойынша көш ілгері. Білім ордасының зияткерлік әлеуетін арттыру мақсатында ынтымақтас­тық стратегиясы әзірленіп, тұрақты түрде шеберлік сабақтары, тренингтер, танымал профессорлардың ашық дәрістері, арнайы семинарлар тұрақты түрде ұйымдастырылып келеді. Сонымен қатар аймақтың кез келген, тіпті ең шалғай жеріндегі мектептермен тікелей байланыс жасай­тын қабылдау комиссиясы­ның инновациялық үрдіс­тері цифрлық байланыс құралдарын пайдалана отырып, дарынды оқушылар­мен байланыс орнатуға көмектеседі.

Аталған жоғары оқу ор­нын­да жастарға 2 жыл бойы шетелдік серіктес университеттерде, атап айтсақ, Ресей, Корея, Польша сынды мемлекеттерде білім алуға мүмкін­дік беретін қос дипломдық бағдарламалар бойынша оқы­ту қарастырылған. Бұл ретте ғылым мен техниканың даму үрдісін ескере отырып, жеке­леген маман­дықтар бо­йынша кадрларды даярлау мерзімдері де қайта қаралды. Осылайша, облыс жастары еңбек нарығына IT, экономика, геодезия салаларындағы білікті маман ретінде білім бағдарламасын әдеттегідей 4 жылда емес, 3 жылда тәмам­дап, қатарға қосыла алады. Бұл бастама жұмыс берушілер мен талапкерлердің сұраныстарын өтеп қана қоймай, сонымен қатар дарынды жастарды тартудың тиімді стратегияларын жасауға айтарлықтай мүмкіндік береді.

Білім грантының сертификаттары Shakarim University табал­дырығын аттаған әрбір талап­кер үшін даму мен өзін-өзі же­тіл­діруге шын мәнінде кең мүмкін­діктер ашады. Түлектердің бірі – Алдияр Төлеубековтің ата-анасы «Елі­міздегі белгілі өңірлік жоғары оқу орнынан білім гранты сертификатын алу отбасы үшін тамаша әрі күтпеген тосын-сый» екенін атап өтіп, университет бастамаларының алдағы уақытта да жемісті болуына тілектестігін білдірді.

Көптеген бастаманы біріктіре отырып, ака­де­миялық жетістіктер орта­лығына айналған университет қазіргі таңда аймақтың экономикалық мәселелерін шешу үшін мамандар базасын құрып жатыр. Бұл мысал жай ғана көр­сеткіш емес, Мемлекет бас­шы­сы Қ.Тоқаевтың жаңа буын ма­ман­­дарының рө­лін арттыруға, өңір­лердегі жастардың кадрлық резерв қорын құруға қатысты алға қо­й­ған міндеттерінің шешімін барын­­ша айқын көрсетеді. 2023-2024 оқу жы­л­ында Shakarim University-де за­­манауи модельдегі жаңа техно­ло­гиялармен жабдықтау, универ­си­теттің академиялық коллаборация диапазонын кеңейту, ғы­лыми әлеуетін күшейту сынды көп­теген өзгеріс жүргізіліп жатыр.

Өткен оқу жылында үздік мектеп түлектерін университетке тарту жұмыстары бо­йынша сараптама жасасақ, Shakarim University өңір бо­йынша жоғары білім беру секторындағы көшбасшы оқу орны екенін анық көрсетті. Сапалы білімге, аймақтың болашағына салынған инвестиция сөзсіз үлкен өзгерістерге әкеледі. Себебі білім және ғылым – ХХІ ғасырдың даму алғышарты.