18 Маусым, 2010

ҚАТАРДАҒЫ ҚАҺАРМАН

551 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
Таяуда Байланыс және ақпарат министрлігі Ақпарат және мұрағат комитетінің мұрындық бо­луы­мен Ұлттық мұрағат залында майдангер Кәри Әбитовтің “Өмір өрнегі” атты кітабының тұ­сау­кесер рәсімі мен құжаттық көрмесі болып өтті. Бұл аға ұрпақ өкілінің еңбегі ерекше екен. Май­­данда құпия тапсырмаларды орындаған барлаушы болыпты. 1942-1943 жылдарғы Сталинград пен Курск-Орлов түбін­дегі шайқастарда жау тылында жүріп, бағалы мәлі­меттерді қолға түсірген. 1944-1945 жыл­дары Венгрия, Югославия, Чехословакия, Австрияда болып, құпия операцияларға қатысқан. Сөйтіп Ұлы Отан соғысы жылдарындағы өмірі қауіп пен қатерге толы болған. Көрмеге отставкадағы полковник Кәри Әбитовтің 100-ге жуық құжаттары мен материалдары іріктелініп алынып қойылған. Оның басым бөлігін ағамыздың Ұлы Отан соғысында көрсеткен ерлігі мен қауіпсіздік органдарында атқарған қызметтері үшін алған орден­дерінің куәліктері, фотоқұжаттар мен хаттар құрайды. Жазушы Әбіш Кекілбаевтың еңбектерінің бірінде: “Ең берік ат, ең биік ат, ең баянды ат – азамат” – деген сөз бар. Осы анықтама майдангер Кәри Әбитовке қаратып айтылғандай. Өйткені, оған ағамыздың “Өмір өрнегі” кітабы куә. Мұнда азаматтыққа тән барлық ерекше­ліктер, дүниенің тәттісі мен ащысы, бейбіт өмірдің құны өте жақсы айтылып, әсерлі баяндалған. Жиналған қауымның ыстық қошеметі мен ілти­патына бөленген Кәри Әбитов көрме соңында: “Ашық аспан мен бейбітшілікті көру – мен үшін ең үлкен бақыт”, деді тебіреніп. Майдангердің осы сөзінде көп мән жатқаны анық. Арай ҮЙРЕНІШБЕКҚЫЗЫ. АСТАНА.