Көрме • 29 Мамыр, 2024

Керекуге Кунсткамера суреттері келді

159 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасыр басындағы қазақ халқының тұрмысын, өмір салтын таспаға басып, ұлттық этнографиямыздың тарихына терең үңілдіре түсетін Самуил Дудиннің сирек фотосуреттері бүгінде қымбат қазынаға айналып отыр. Шетсіз-шексіз қазақ даласын асықпай аралап тү­сірілген мыңдаған фотосурет ұлтымыздың бай мәдениетін көрсетеді.

Керекуге Кунсткамера суреттері келді

1899 жылы С.Дудин Ресейдегі антро­пология және этнография музейінің тапсырмасымен шұғыл экспедиция құрып, қазақ даласына аттанып кете­ді. Бұл сапарында ол Ақмола, Жетісу, Семей облыстарын аралап, қазақтың тұр­мысы мен қоғамдық өмірі, салт-дәс­түрі, ұлттық этнографиясына қатысты фотосуреттер түсіруге тапсырма алған. Ал түсірілген суреттер 1900 жылы Па­риж­де өтетін көрмеде таныстырылуға тиіс болатын. Жанына бірнеше шығыс­танушыларды ерткен Дудин экспеди­циясы қазіргі Павлодар қаласынан бас­талған. Ол тұста Павлодар уезі Семей об­лысына қарайтын. Экспедиция мүше­лері табиғатының сұлулығы көпке аян Баянауылды бетке алып, жолай Қал­қаман, Қарасор асуларынан өткен. Одан соң атақты Қоянды жәрмеңкесінде аялдап, әрі қарай Қарқаралыға өтеді.

р

Жуықта осы тарихи фотосуреттерден құралған халықаралық көрме облыс орталығындағы «Ertis» мультимедиялы музейінде ашылды. Көрмені ұйымдастыруға себепкер болған Д.Багаев атындағы мұражай-үйінің бас­­шысы Күләш Шайдуллинаның айтуын­ша, фото­суреттер Ресейдің Санкт-Петербор қала­сындағы Кунсткамерадан – Антро­пология және этнография музе­йінің ­кол­лекциясынан алынған.

– Мұндай көрме Павлодар төрінде тұңғыш рет өткізіліп отыр. Самуил Дудин экспедициясы 1899 жылы тек қана Павлодар уезі мен Семей облысы бо­йынша 500-ге жуық фото түсіріп, оның 200-ін антропологияға арнаған екен. Экспедиция мақсаты қазақтардың күнделікті өмір тұрмысы ғана емес, этно­графиялық ерекшелігін түсінуге ұмтылыс еді. Ол Павлодар қаласынан бас­таған сапарында жолай Қалқаман, Қарасор жерлерінде аялдап, көптеген ауылды фотоаппаратына басып алып отырған. Мысалы, мынау фотосуреттерде құс төсекте жатқан қазақ байы, саят­шы, ұзатылып бара жатқан кедейдің қызы, ірімшік қайнатқан әжей, жайлауға шыққан көш салтанаты, Баянауылдағы Жасыбай көлінің маңайындағы ескі зират­тар, Ақкелін маңы және тағы бас­қа­лары бейнеленген, – деп әңгімелейді К.Шайдуллина.

д

Фотограф сол уақытта Қоянды жәр­мең­кесінің бел ортасына тап болып, қазақ этнографиясы мен шаруашылығына қа­тысты тың мәліметтерге кезігеді. Қоян­ды жәрмеңкесі жайында айтсақ, ол сонау 1840 жылдан 1930-жылдарға дейін, әр жыл­дың 25 мамыр-25 маусым аралы­­ғын­­да жұмыс істеп тұрған. Жәрмеңке тек сау­­да-саттық ісінде ғана емес, көршілес ел­дермен тұрақты экономикалық байла­ныс жасауда, халықтың өнері мен мәдение­тін дамытуда аса маңызды орын алды. Қалың қазақ қауымының бас қосатын, халық өнерін насихаттаудың орталығы болды. Арқа өңірінің небір тарлан­дары жиы­лып, өнер сайысын ұйымдасты­рып, жәр­меңкені қыздыра түскен. Әнші­лер, па­луандар, цирк әртістері сонау Қытай, Ресей, Жапониядан да келген деген деректер бар. Фотограф жәрмеңкеде тек сурет түсіріп қана қоймай, қазақтың ұлт­тық киімдерін, әсіресе жаңа түскен келіннің сәукеле, қамзол, қазақтың шапаны мен күпі түрлерін, түлкі тымақ, сапта­ма етіктерін, сондай-ақ шаруашылыққа пайдаланатын заттары мен жергілікті зергерлердің қолынан шыққан әшекей бұйымдарды, өзге де заттарды сатып алып отырған. Оның барлығы кейін Петербордағы музейге қойылады.

Дудин Баянауыл жерінде шы­ғыс­танушылармен бірге әйгілі Сәдуақас Шормановтың үйінде болып, оның ақыл-кеңесімен төңіректегі ауыл адамдарын, белгілі жерлерді, қыстақтарды түсіріп алған. Шормановтар әулетін ол тұста Мәскеу мен Петербордың ғалымдары жақсы таныған, қазақ тұрмысына қатыс­ты мәліметтерді солар арқылы біліп отырған. Ақкеліндегі Шормановтың үйінде Потанин де болған деген дерек бар.

щ

Дудиннің суреттеріне қарап тұр­саңыз, ол ерлер мен әйелдерді жүйелі түрде түсіріп отырғаны байқалады. Бұл суреттер бір сәттік қана емес, олардың жас шамаларына, отбасылық, әлеу­мет­тік жағдайына байланысты қалай киіне­тіні, күнделікті өмірде немен айна­лысатыны сериялы суреттермен бей­не­ленген. Осылайша, антропология музейі мамандарының қазақтың өмір салтын терең тани түсуіне ықпал еткен тәрізді.

Әйгілі фотограф Кунсткамераға өзі түсірген фотосуреттерінің тек қағазға шығарылған нұсқаларын ғана берген. Ал түпнұсқасын Гамбургтегі халықтану музейіне тапсырған көрінеді.

 

Павлодар облысы