Білім • 29 Мамыр, 2024

Жан жадыратар демалыс

94 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Алда балаларды жазғы демалыс күтіп тұр. Білім саласындағы мамандар мен ата-аналардың мойнында енді мынандай жауапкершілік бар: баланы бейсауат жүрістен тыйып, жазғы уақытын дұрыс ұйымдастыру, қауіп­сіз­дігін қамтамасыз ету.

Жан жадыратар демалыс

Мектеп жанындағы және қала сыр­тындағы лагерьлер оқу­шы­­­лар­ды қа­былдауға қызу да­йын­­­дыққа кіріскен. Олар­дың жұ­­мысы 3 маусымда басталады. Об­лыс­­тық білім басқармасы бас­шы­сының орын­басары Бақты­гүл­ Әде­кенова аймақта 160 мың бала лагерьлерге барады дейді.

«Қала сыртындағы лагерьлерге 7 мың,­ мектеп жанындағы лагерьлерге 140 мың­нан астам бала барады. Ерек­ше білім беру қажеттілігі бар 2 мың бала­ға өз мектеп-ин­тер­­наттарында лагерь ұйым­дас­тырылады. Қосымша білім ұйым­дары кестемен жұмыс істей береді. 1 маусымда Пришахтинскіде жаңа Оқушылар сарайы ашылады. 600 бала­ға арналған «Кәусар» сарайының ғима­раты барлық стандартқа сай. Қо­сым­ша білім үшін барлық жағ­­дай қарастырылған. HI-TECH, шы­ғар­машылық шеберханалары, хореография залы, ART-студия, дыбыс жазу студиясы, телевидение және фотостудия, VR-архитек­тура және WEB-дизайн студия­сы, Intellectum-студия, роботтехника және техникалық шығар­машылық студиясы, STEM зертхана, музыка студиясы, экологиялық орталық ба­ғыттары жұмыс істейді. Мұн­дай сарай Майқұдықта да ашылады деген жоспар бар», дейді Б.Науқан­байқызы.

1–31 тамыз аралығында мектепке дейінгі ұйым­дардың тәр­бие­ленушілерін топтарға ауыс­тыра бас­тайды. Бүгін­гі таңда облыста 411 мектепке дейінгі ұйым жұмыс істейді. Оларда 39 323 бала қамтыл­ған. Бұл 2 жастан 6 жасқа дейінгі балалардың 82,6 пайызын құрайды.

Мектепке дейінгі ұйымдарда жаңа орындар құру жұмыстары атқа­ры­лып жатыр. Осы жылы 2 мыңға жуық жаңа орын ашу жоспарларында бар. Жыл басынан бері Абай, Осакаров, Бұқар жырау аудан­дары мен Шахтинск қала­сын­да 343 орын ашылған. Қазір­гі уақытта «Индиго» мен ҰББДҚ жүйе­лері бірыңғай республикалық кезек­ке көшіру аясында біріктіріліп жатыр. Бірың­ғай кезек енгізілгеннен кейін ата-ана­лар орын «ұстап алуға» тырыс­пай­тын болады. Жүйе бос орындар тура­лы автоматты түрде хабар­лап отыр­атын болады.

Қазір 1-сыныпқа құжат қабыл­­­­да­нып жатыр. Ол 31 тамыз­­ға де­йін жалғасады. Өтінімді еGov, «Білі­м­ал» жүйесі арқылы «1-сы­ныпқа қабылдау» мем­ле­кеттік көрсетілетін қыз­меттер порталында және қағаз жүзінде беруге болады. Биыл 1-сынып­қа 16 мыңнан астам оқушы барады.

 

Қарағанды облысы