Жемқорлық • 29 Мамыр, 2024

Жемқорлықтың индексі ойлантады

155 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев сайлауалды бағдар­ла­ма­­ларында еліміздің тәуелсіздігі жылдарында қай саланы бол­сын жайлаған сыбайлас жемқорлықты жою міндетін әділ­дікке әкелетін басымдықтардың бірі ретінде алға қойып, осы қоғамдық індетке қарсы ымырасыз күрес жалғастырыла бере­тін­дігін мәлімдеген болатын. Бұл бағытта атқарылып жат­қан жұмыстардың нәтижесі жылдан-жылға артып келеді.

Жемқорлықтың индексі ойлантады

«Transparency International» жемқорлықпен күрес және дүние жүзіндегі жемқорлық деңгейін зерттеу жөніндегі үкіметтік емес халықаралық ұйымының мәлі­мет­теріне сүйенсек, Қазақ­стан 2018 жылғы сыбайлас жем­қорлықты қа­былдау индексі (СЖҚИ) бойын­ша мүмкін болған 100 балдың 31-ін­ ғана жинап, 180 мемлекеттің ішін­де 124-орынды еншілеген екен. Осы жөніндегі көрсеткіш 2019 жылы – 34 балды (113-орын), 2020 жылы – 38 балды (94-орын), 2021 жылы – 37 балды (102-орын), 2022 жылы – 36 балды (101-орын) құраған. Ал былтыр СЖҚИ бо­йынша еліміз 39 балл жинап, өз тәуел­сіздігінің тари­хында алғаш рет 93-орынға көте­рілді. Әйтсе де бұл – көңілге үміт ұялатқанымен, мақ­­та­нар­лық­тай көрсеткіш емес. Себебі СЖҚИ көр­сет­кіші 50 бал­дан төмен елдер сыбайлас жем­қор­лық деңгейі жоғары мемлекет­тер бо­лып саналады.

Бас прокуратураның Құқық­тық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеті­нің мәліметі бойынша былтыр елімізде 1 461 жемқорлық қылмыс тіркелген. Бұл бұрнағы жылғымен (1 530) салыс­тырғанда 4,5 пайыз аз. Алайда, өкі­нішке қарай, елорда мен 4 өңір­­де осы қоғамдық індет тіпті өрши түскен тәрізді. Қалалық әкім­дікке қоса, орталық мем­лекет­тік орган­дар және бірқатар квази­мем­ле­кеттік кәсіпорын шоғыр­лан­ған Астанада 2022 жылы 152 жем­қорлық құқық бұзушылық әшке­реленген болса, былтыр оның саны 196-ға жеткен. Бұл теріс үрдіс «Балық басынан шіриді» деген нақылды еріксіз еске салғандай. Сондай-ақ жемқорлық қылмыс саны Қос­танай облысында бұрнағы жылғы 78-ден былтыр 97-ге дейін, Павлодар облысында тиісінше ­43-тен 47-ге дейін, Ұлытау облысында 14-тен 41-ге дейін, Абай облысында 8-ден ­31-ге дейін ұлғайған.

Биылғы төрт айда елімізде тір­­келген жемқорлық қыл­мыс­тар саны (618) былтырғы сәй­кес кезеңмен (709) салыс­тыр­ғанда 12,8 пайызға азай­ған. Соған қарамастан елорда мен 9 өңірде құқық қорғау органдары әшкерелеген жемқорлар саны көбейе түскен. Нақты айтсақ, жемқорлық қылмыстар саны Аста­на­да 18,1 пайызға (тиісінше 83-тен 98-ге дейін), Павлодар облысында 230 пайызға (10-нан 33-ке дейін), Абай облысында 210 пайызға (10-нан 31-ге дейін), Қызылорда облысында 60 пайызға (15-тен 24-ке дейін), Жетісу облысында 29,2 пайызға ( 24-тен 31-ге дейін), Маңғыстау облысында 23,1 пайызға (13-тен 16-ға дейін), Атырау облысында 17,9 пайызға (28-ден 33-ке дейін), Ақмола облысында 8 пайызға (25-тен ­27-ге­ дейін), Алматы облысында 5,9 пайызға (34-тен 36-ға дейін), Солтүстік Қазақстан облысында 5,3 пайызға (19-дан 20-ға дейін) артқан. Ал Ұлытау облысын­да ұсталған жемқорлар са­ны был­тыр­ғы сәй­кес кезең­мен­ салыс­тыр­ған­­да 18,5 па­йыз­­ға азай­ға­нымен (27-ден 22-ге­ дейін), бұл өңір «шабақтың» емес,­ «шор­тан­ның» қармаққа түс­кен­ді­гімен – Сәт­баев қаласы әкі­мі­нің парамен ұста­лып, соттал­ған­дығымен жаманатты болды.

Сыбайлас жемқорлыққа қар­сы іс-қимыл агенттігі мен өзге де құқық қорғау органдары жем­қор­лық қылмыстарды негізінен жекелеген фактілер бойынша анықтап, дәнік­кендер мен құныққандарды сот үкімі арқылы темір тордың арғы жағына бір-бірлеп немесе топ­тап аттандырып жатыр. Ал Жоғары аудиторлық палата осы келең­сіз құбылысты болдырмау мақса­тында кешенді тексеріс жүргізе бастады.

Жақында Жоғары аудитор­лық палатаның төрағасы Әлихан Смайылов 2022-2023 жылдары Абай облысында бюджет қара­жаты мен активтерінің пайда­ланылу тиімділігіне жүр­гі­зілген мемлекеттік аудит қоры­тын­дыларын қарауға арнал­ған отырыс өткізді. Ол сөзі­нің басында өңірде былтыр негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 568 млрд теңгеден асып, бұрнағы жылғымен салыстырғанда 37,2 пайызға артқанын оң нәтиже ретінде атап өтті. Бірақ бұл ретте Абай облысында инвестиция тартуда қол жеткізілген елеулі өсім жергілікті атқарушы органдар­дың жұмсаған күш-жігері­нің нәтижесі ме, әлде жергілікті және шетелдік кәсіпкерлердің өз бизнестерін дамытуға салған қаржысының молайғандығы ма деген сауал туын­дайды. Себебі құқық қорғау органдары жер­гілікті шенеуніктердің ірі инвестициялық жобаларды іске асыруға келтірген кедергілерін әшкерелеп, жанайқайы шыққан кәсіпкерлерге араша түсіп жүр.

Мәселен, облыс прокуратурасы былтыр Үржар ауданындағы Жалаңашкөл стансасында «Alakol Port» құрғақ портын салу бойынша «Cedrus GmbH» неміс компаниясымен бірлескен инвес­тициялық жобаны іске асырушы – «SG Solution» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің (ЖШС) аяққа басылған құқығын қорғады. Бұл жобаның құны 40 млрд теңгеге бағаланған, жаңадан салынатын кәсіпорында 1000-нан астам жұмыс орнын ашу көзделген. Алайда облыстық әкімдік осы жобаны инвестициялық жоба деп танығанына қарамастан, ЖШС-ның қажетті жер учаскесін алып, құрылысты бастауына рұқсат беретін қаулыны бекіту үдерісін үш айдан астам уақытқа созып, кәсіпкерді сарсаңға салған. Ол амалы таусылған соң прокуратураға жүгінгеннен кейін сең орнынан қозғалып, түйткілді мәселе оң ше­шіл­­ген. Бірақ осы заңсыздық үшін облыстың кәсіпкерлік бас­қармасы бөлімінің басшысы ғана кінәлі деп танылып, тәр­тіп­тік жазаға тартылған. Сонда қалай, құны 40 млрд теңге тұра­тын ірі инвестициялық жоба­ның үш ай бойы басталмай жат­қа­нын облыстың кәсіпкерлік бас­қар­масының басқа басшылары мен облыстық әкімдіктің жетекші­лік ететін шенеуніктері мүлдем білмей, ай қарап жүрген бе?

Бұған қоса, Семей қаласында 6 млрд теңгеден астам қаражатқа «Pure-Pak» сұйық өнімдеріне арналған картон қаптаманы шы­ғаратын жаңа өндірістік желіні салу жөніндегі инвестициялық жобаны ұсынған «Қазполиграф» ЖШС-ның басшысы да қажетті 5 гектар жер учаскесін ала алмай, әуреге түскен. Бұл мәселе Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау жөніндегі кеңестің отырысында көтеріліп, прокурорлық қадағалау актісі енгізілгеннен кейін ғана шешімін тапқан.

Тағы бір назар аударарлық жайт – Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі республика бойынша жасаған сыбайлас жемқорлық тәуекелдері картасына енгізіп, бақылауға алған «сақалды құры­лыс» санатындағы 156 әлеу­мет­тік нысанның 12-сі Абай облы­сына тиесілі. Оның ішінде «Холод­ный ключ» және «Ақсай» кенттерін электрмен жабдықтау, «Ғаббасов» және «Орталық» қазандықтарын қайта жаңарту, Семей қаласының Мәңгілік ел көшесін абаттандыру, Шақаман, Глуховка, Ай және Қопа ауылдарында сумен қамтамасыз ету нысандарын салу бар.

Жоғары аудиторлық пала­та төрағасының айтуынша, Абай облысында жүргізілген мем­лекет­тік аудит нәтижесінде бір­қатар жүйе­лі кемшілік пен бұзу­шы­лық анықталған. Мәселен, облыс­тың жергілікті атқарушы орган­дары тарапынан пәрменді шара­лар қолданылмауы, жобалау-смета­лық құжаттамалардың сапасыз әзір­ленуі және мердігерлермен сот­тасу салдарынан 218 бюджеттік инвес­тициялық жобаның 60-ы пай­далануға берілмеген. Өңір­дегі 28 құрылыс нысанында аяқ­тал­маған жұмыс көлемі үшін және мемлекеттік органдардың ғимараттарын жөндеуде мердігер ұйымдарға 2 млрд теңгеден астам сомаға негізсіз ақы төленген. Семей қаласының жолаушылар көлігі бөлімі былтыр қоғамдық көлік бағыттарына тарифтерді дұрыс белгілемегендіктен, тасы­мал­­даушыларға жалпы сома­сы 1,3 млрд теңге субсидия не­гіз­сіз берілген. «Семей» әлеу­мет­тік-кәсіпкерлік корпора­ция­­сы» акционерлік қоғамы өңір­­лік тұрақтандыру қорын қа­лып­­тастыру үшін бөлінген 2 млрд теңгенің 646 млн теңгесін мақ­сатына сай жұмсамаған екен. Ал 55 млн теңгесі игерілмеген. Бұл өңірдің азық-түлік қауіпсіздігіне теріс әсерін тигізіп отыр.

Тұтастай алғанда, Жоғары аудиторлық палата Абай облысында жүргізген мемлекеттік ­аудит нәтижесінде жалпы сомасы 9,9 млрд теңгенің қаржылық бұзушылықтары әшкереленіп, 238 факт бойынша материалдар әкімшілік істер қозғау үшін уәкілетті органдарға жіберілген.

Түйіндей айтқанда, дана Абай баба­мыздың есімімен аталатын киелі өңірде кейінгі жылдары қалып­тасқан келеңсіз жағдай алаң­датарлық. Сыбайлас жем­қор­лық­қа қарсы іс-қимыл агенттігі мен өзге де құқық қорғау органдары, сон­дай-ақ Жоғары аудиторлық палата мемлекеттік қаржы саласын­да заңсыздық белең алып, сыбайлас жем­қорлық өршіп тұрған өзге өңір­лерге де ерекше назар аударып, бақылауды күшейтсе, құба-құп.