Аймақтар • 28 Мамыр, 2024

Ертістің айдынына кеме түсті

76 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Өткен айдан бері Ертіс өзенінде кемелер жүзе бастады. «Қазақстан су жолдары» кәсіпорнының Павлодар филиалы хабарлағандай, қазан айының соңына дейін павлодарлық кәсіпкерлер суүсті жолымен Абай, Шығыс Қазақстан облыс­тарына және Ресейге өз жүктерін толассыз жеткізіп, алыс-беріс еселене түседі.

Ертістің айдынына кеме түсті

Сурет «Қазақстан су жолдары» РМҚК «Кеме қатынасының тіркелімі» ұйымынан алынды

Ертіс-Баян өңіріндегі су жолдарының жалпы ұзындығы 700 шақы­рымнан асады. Павлодар облысы бо­йынша көліктік бақылау инс­­пекциясының бас маманы Ернұр Еслаудың мәліметінше, навигациялық кезеңге қатысты дайындық жұмыстары аяқталды.

«Жақында Майтүбек – Пав­лодар қаласы бағытында кеме­лердің суда жүзуіне рұқсат бе­ріл­ді. Енді Павлодар – Төменгі Алек­сеевский (РФ шекарасы) ба­ғытында су көліктері толассыз жүре алады. Қазір біз­дің инспекцияның арнайы есе­бінде Павлодар облысы бойынша үлкен көлемді 102 су көлігі тіркелген. Олардың ішінде екі кеме жолаушылар тасымалына арналған. Павлодар өзен вокзалы бұл құралдарды өзен үстіндегі жолаушылар серуенін ұйымдастыру үшін пайдаланып келеді. Өзгесі – жүк тасуға, су жолдарына ар­налған су көліктері. Қазір ішкі су жол­дарының жағдайын «Қазақ-с­тан су жолдары» ұйымы жер­гілікті филиалының мамандары тексереді», дейді инспекция өкілі.

Ішкі су жолдары арқылы жүк және жолаушылар тасымалдайтын өзен көліктерінің қызметкерлері уақыт сайын біліктілігі мен дең­гейін арттырып отыруы керек. Мысалы, кеме капитаны бес жылда бір мәрте аттестаттаудан өтеді. Оның көмекшілері мен механиктерге және басқа мамандарға өз деңгейін арттыру үшін дипломдау жүйесі қарастырылған. Былтыр 14 капитан өз деңгейін дәлелдесе, биыл жыл басынан бері тағы 8 капитан аттестаттаудан өткен. Ал 33 кеме маманы өз деңгейін көтеруге мүмкіндік алды.

«Өзен қайықтары да арнайы есепке алынады. Мұндай су кө­ліктерінің жалпы саны – 1 454. Дейтұрғанмен, бұл есепке салмағы 200 келіден, қозғалтқышының қуаттылығы 10 аттың күшінен асатын шағын көлемді қайық құ­ралдары ғана енеді. Ал есепке тір­келген суда жүзу құралдарын басқарушыда арнайы жүргізуші куәлігі, кеме билеті болуы міндетті. Арнайы есепке жатпайтын шағын қайықтар еш тіркеусіз жүре береді», деп толықтырды маман.

Бүгінде өзен бойын өрлеп, жүк тасу тек Павлодар облысында ғана сақталып отыр. «Қазақстан су жолдары» РМҚК «Кеме қатынасының тіркелімі» филиалының ішкі су көлігі бөлімінің инженері Сергей Исаенко кемелер де автокөліктер сияқты әр жыл сайын техникалық тексерістен өтетінін айтады.

«Біздің құзыретімізге ба­заға тіркелген су көліктерінің тех­никалық жағдайын бағалау, кем-ке­тіктерін дұрыстап, бекітіл­ген қағидалардан ауытқымауын қадағалау кіреді. Жалпы, кеме­лердің техникалық күйін тек­серудің екі түрі бар. Бірі – жыл са­йынғы техникалық байқау, екіншісі – пайдаланылып жүрген су көліктерін әр бес жылда бір рет куәландырудан өткізу. Техникалық байқау барысында су техникасында орнатылған қозғалтқыш қондырғысының қуаты, кеменің конструкциялық кешені, қозғалыс кезінде жанып тұратын шамдары, құтқару және өртке қарсы құралдары, навигациялық жаб­дықтары тексеріледі. Яғни су кө­лігінің жүзу барысында ең қажет етілетін техникалық мүмкіндіктері зерделенеді», деп түсіндірді ол.

Ертіс-Баян өңірінде қазір 94 кеме жыл сайынғы техникалық тексерістен өтуге міндеттелген. Заңнамаға сәйкес, палубалы ша­ғын су көліктері (қайықтар) де тех­никалық байқаудан өтуге мін­деттелген. Бірақ бұл жерде де өзін­дік нормативтері бар. Егер ор­таша көлемді кемедегі жо­лау­­шылар орындығының саны 12-ден, ал ұзындығы 20 метрден аспаса және палубасы жоқ болса, ол тексерілмейді. Жыл бастал­ғалы Павлодар облысы бо­йынша әдеттегі тексерістен – 7, куәландырудан 4 кеме өтіп үл­герген. Павлодар облысында кеме ісін жақсы білетін, жөндеуді са­палы жүргізе алатын мамандар баршылық. Кеме жөндеу зауыты да жанымызда орналасқан. Бұл кәсіпорында салмағы ауыр баржалар да жөнделеді.

Атап өтерлігі, Павлодар облысында уылдырық шашу кезеңіне байланысты 30 мамырға дейін балық аулауға уақытша тыйым салынған. Бұл кезеңде Ертіс өзені мен басқа да су айдындарында үлкен кемелерден өзге су көліктерінің жүзуіне рұқсат жоқ.

 

Павлодар облысы