Ташкентте 11 елдің қатысуымен әскери самбодан Азия чемпионаты өтті. Бұл бәсекеге Қазақстан құрама командасы да спортшыларын үкілеп апарған болатын. Қазақ елінен басқа бақ сынаған Ресей, Иран, Катар, Тәжікстан, Корея, Моңғолия, Непал, Өзбекстан, Қырғызстан, Түркіменстан елдері болды.
Қазақстан ұлттық құрама командасын жарысқа құраманың бас бапкері, республикаға еңбек сіңірген жаттықтырушы, халықаралық дәрежедегі төреші, Еуразия ұлттық университетінің дене тәрбиесі және спорт кафедрасының доценті Халық Қожахмет апарды. Мұнда 8 спортшы бақтарын сынап, соның алтауы еліміздің намысын асқақтатты. 57 кг. салмақ дәрежесінде Алмас Дәулетов финалда Ресейдің балуаны Ердем Афанасьевке ғана есе жіберіп, екінші орынды еншілесе, 62 кг. салмақта Айдос Бөрібеков ресейлік Виктор Дулмеевтен ұтылып, үшінші орынды қанағат тұтты. 68 кг. салмақ дәрежесі бойынша сайысқа түскен Бауыржан Құмаров ресейлік Даш-Шиви Айбекті жеңіп, бас жүлдені қанжығасына байлады.
Ауыр салмақтар бойынша 90 кг. салмақ дәрежесінде Георгий Емельянов финалда өзбекстандық Акрам Шәриповты айқын басымдылықпен ұтты. 100 кг. салмақ бойынша ЕҰУ-ның инженерлік факультетінің түлегі Марат Мұстафин ақтық бәсекеде алаң иесі Зариф Расуловқа жол беріп, қола жүлдені қанағат тұтты. Осы салмақта тағы сынға түскен ЕҰУ спорт клубының мүшесі Дархан Қабылдин финалда катарлық Әли Мұсаны айқын басымдылықпен ұтып, аяғын ауыртып алуы себебінен, дәрігер шешімі арқылы жеңіс өзбекстандық Самад Рустамовқа берілді. Сөйтіп, Дархан екінші орынды иеленді. Сом білекті, жау жүректі ұландардың ел абыройын асқақтатуы спортқа деген қолдаудың шын дәлелі!
Құрманғазы ЖҰМАҒҰЛҰЛЫ, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ студенті.