Суретті түсірген – Есенжол ИСАБЕК
Соңғы жылдары мұнда оң өзгеріс болып, кәсіпорын толық қуатына шыққаны байқалады. ЖШС басшылығы еңбек ұжымының жетістігін мемлекет қолдауының нәтижесі деп біледі. Бүгінде мұнда бірнеше цех қайта жабдықталып, 50-ден астам тігінші түрлі кәсіпорын қызметкерлеріне жұмыс киімін тігіп жатыр. Компания басшысы Данияр Алпысбаев қазіргі тігін цехын кезінде Павлодар қаласының іргесіндегі шағын үй-жайды жалдап, тігіншілікпен айналысатын 10 маманнан бастағанын жеткізді.
– Бүгінде біз Павлодар облысының ірі өнеркәсіптік кәсіпорындарымен жұмыс істейміз. Астана және Батыс Қазақстан компанияларымен ынтымақтастық орнаттық. Бұдан бөлек, мемлекеттік сатып алуларға жеткізуші компания ретінде қатысамыз. Кейінгі жылдары жұмысымызда оң өзгерістер болып, цех толық қуатында жұмыс істей бастады. Мемлекеттік қолдау арқылы қомақты несиеге қол жеткіздік. Атап айтқанда, біз «Даму» қоры арқылы 2020 жылы банктік несиелер бойынша субсидияланған пайыздық мөлшерлемелерді пайдаланып, айналым қаражатын толықтырдық. Өткен жылы қордан бірден 108 миллион теңгеге кепілдік алдық. Осының нәтижесінде өніміміздің өзіндік құны айтарлықтай төмендеп, Ресей, Қырғызстан, Қытай өндірушілерімен бәсекеге түсе аламыз. Алпауыт кәсіпорындардан ауқымды тапсырыстар түссе де, барлығын уақтылы әрі сапалы орындауға мүмкіндік бар. Тігін цехы алғашқыда тек арнайы жұмыс киімдерін тігетін, қазір аяқкиім, каска, барлық қорғаныс құралына тапсырыс қабылдаймыз, – деді Д.Алпысбаев.
Айта кетейік, кәсіпорын 2002 жылы құрылған. Бүгінде арнайы жұмыс киімі мен аяқкиім, жеке қорғаныс құралдары нарығында аймақта көшбасшы болып отыр. Тігін цехында өнімдерді дайындау үдерісі заманауи жабдықта жүзеге асырылады. Барлық дайын өнім белгіленген сапа стандарттарына сәйкес «СТ-KZ» сертификатымен ресімделген.
Былтыр бизнес нысаны 300 млн теңгенің өнімін шығарған. Тұрақты тұтынушыларына үнемі жеңілдік жасап, өнім ассортиментін кеңейтуге де талпынып отыр.
Павлодар облысы