Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»
Зәруліктің мәні мен себебі
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында ауыл шаруашылығының ахуалын таратып айта келе, «Ауыл шаруашылығының дамуын тежеп тұрған кедергілерді бәріміз білеміз. Басты түйткіл – жылдар бойы қажетті қаржының жеткілікті бөлінбеуі. Инвестицияның тапшылығы техниканың тозуына, егіннің бітік және еңбектің өнімді болмауына әкеп соқтырады. Сондықтан ауыл шаруашылығына бөлінетін қаржыны барынша, тіпті мүмкіндік болса, екі есе арттыру қажет. Оған бюджеттен ғана емес, басқа да қаржы көздерінен, соның ішінде екінші деңгейдегі банктерден қаражат тартқан жөн. Көктемгі егіс науқанына және күзгі жиын-терінге жеңілдікпен берілетін несиені 1,5 триллион теңгеге дейін арттыру керек. Ал инвестициялық жобаларға бөлінетін жеңілдетілген несиені 800 миллиард теңгеге жеткізу қажет. Жеңілдікпен лизинг беруге жыл сайын кемінде 450 миллиард теңге бөлінуге тиіс. Сонда әр жыл сайын ауыл шаруашылығы техникасының 10 пайызы жаңарып отырады. Бұл шаралар ауыл шаруашылығының жалпы өнімін 2 есе арттыруға жол ашады», деп ең түйінді мәселелерге тоқталған болатын.
Алдымен бұл тараптағы жағымды жаңалық туралы айта кетелік. Осы жылдың алғашқы үш айында өңірдің ауыл шаруашылығы құрылымдары жалпы құны 8,8 миллиард теңге болатын 248 дана ауыл шаруашылығы техникаларын сатып алған. Оның 81-і – трактор, 23-і – комбайн, 62-сі – сеялка. Тұтас жаңарттық, үлкенді-кішілі шаруашылықты қуатты, заманауи техникамен жарақтандырдық деуге әлі ерте. Себебі құрылымдардың қауқары бірдей емес. Айталық, егістік көлемі 500 гектарға жетпейтін шағын шаруа қожалықтарының жаңа техникаға қолы жете қоюы неғайбіл. Бұл арада табысының аздығын, ал жаңа техниканың тым қымбат екенін айта кетуге болар.
– 2010 жылдары мемлекет тарапынан көмек көрсетілгенімен, жаңа техникаға қол жеткізу қиын болатын, – дейді Зеренді ауданындағы «Қараөзек» серіктестігінің басшысы Нартай Ысқақов. – Арнайы бағдарлама бойынша мемлекет шаруа алған техниканың 15 пайызын өтеп беретін. Қалған қаржыны жеті жылдың ішінде өтеуің керек. Жоғарыда айтқан 15 пайыз уақытында төлене қоймаған соң, банктен алған қарыздың үстемесін төлеген кезде 15 пайыздың да үстемесін төлейсіз. Өйткені ақша уақытында түспейтін. Бір тиынын екі ете алмай отырған шағын шаруа қожалығы үшін бұл да шығын. Дәл осы уақытта іргедегі Ресейдегі жағдай өзгеше еді. Мәселен, олар зауыттан жаңа техника алған кезде мемлекеттің көмегі техниканың құнынан бірден алынып тасталады да, үстемеақының көлемі азаяды. Әрі шаруашылық басшылары қағазбастылықтан құтылады.
Қаржы шетелдіктердің қалтасына түсіп жатыр
Серіктестік басшысының айтуына қарағанда, инвестициялық субсидия – өте тиімді бағдарлама. Бұл бағдарлама бойынша елімізде құрастырылған техниканы алуың керек. Сол сәтте 30 пайыздық жеңілдік беріледі. Айта қаларлықтай көмек. Жаңа инвестициялық субсидиялаудың септігі тиері сөзсіз. Әйтсе де, егістік жер көлеміне байланысты шаруашылықтардың дамуы, заманауи техникамен қамтылуы біркелкі емес.
– Экономикалық байланыстар бір-бірімен қанаттаса дамиды емес пе? – дейді Нартай Жұматайұлы. – Тәуелсіздік алғалы қуатты техника былай тұрсын, ауыл шаруашылығының қарапайым құрылғыларын да өзімізде шығара алмай отырғанымыз өкінішті. Кешегі кеңес заманында бұрынғы Целиноград қаласында «Целинсельмаш» зауыты болды. Ауыл шаруашылығына қажетті құрылғылар шығаратын. Мәселен, жер тырмалағыш. Кейін осы зауыт жабылып қалды. Қазір Ресейдің Омбы қаласында тура «Целинсельмаш» зауыты тәрізді бес өндіріс ошағы жұмыс істеп тұр. Біздің диқандар маңдай терімен тапқан азын-аулақ ақшасын өз еліміздің өндірісіне емес, өзге мемлекеттің қоржынына салуда. Әрине, көршіні кінәлаудан аулақпыз. Мен тырмалағышты өзім жасап шығардым. Қажетті бөлшектерді сатып алып құрастырдым. Нәтижесінде, осы жұмысқа 1,5 миллион теңге қаражат жұмсадым. Тура осындай тырмалағышты біздің ауыл шаруашылығы құрылымдары Омбыдан 3,5 миллион теңгеге әкеліп жатыр. Айырмашылығы – 2 миллион теңге. Қыруар қаржы шетке кетіп жатыр.
Шағын шаруалардың жаңа техникаға қолы жетпеуінің себебі – қымбатшылықта. Осы арада нақты бір мысал келтіре кетелік. Мәселен, былтыр «Вектор» астық комбайнының құны 110 миллион теңге болды. Биыл 82 миллион теңгеге түсті. Демек құрастырушы кәсіпорын бір комбайннан 30 миллион теңгеге жуық табыс тауып тұр. Қазіргі бағаның өзінде де табыстары бар ғой. Бұл – ауыл шаруашылығын қаусатуға әкелетін көзқарас. Бәлкім, құрастырушы кәсіпорындардағы өзіндік құнды есептеп, бақылау қажет шығар.
Аз жерден мол өнім алу мәселесі бүгінде өте өзекті. Мол өнім алу үшін жерді дұрыстап өңдеу парыз. Ол үшін бар құрылғың сайлы болуы керек.
– Шағын шаруашылықтар әлі күнге дейін кешегі кеңес заманында пайдаланған сеялкаларды сүйретіп жүр, – дейді зеренділік агроном Бауыржан Молдағалиев. – Ескі сеялканың табаны алқапқа тегіс түспейді де, бір шеті тұқымды 8-10 сантиметрге тереңдікке сіңірсе, келесі шеті 4-5 сантиметрге сіңіреді. Көктеген кезде дән тегіс шықпайды. Тым терең сіңірілген тұқымның қуаты көктеп шығуға жетпей де қалуы мүмкін. Өнімнің азаюына техниканың тозуы да себеп болып жатыр.
Механизатор табудың өзі мұң
Маманның айтуына қарағанда, жаңа техника өнімді жұмыс істейді. Мәселен, бұрынғы астық комбайндарының жаткасының алқымы 6 метр болса, жаңа техника 12 метрді қамтиды. Жұмыс екі есе өнімді. Тура биылғы көріністі алып қарайтын болсақ, кеш егілген дәннің кешігіп шығатыны белгілі. Арғы жағында күзгі қалың жаңбыр басталады. Өткен жылдағыдай жерде өнген дән ысырап болмауы үшін егін орағын қысқа мерзімде өткізу міндет. Ал ол жоспарды тек қуатты техниканың күшімен ғана жүзеге асыруға болады.
Жаңа техниканың жастарды еңбекке баулуға да әсері бар екен. Осы салада ұзақ жыл жұмыс істеп, тәжірибе жинақтаған мамандардың айтуына қарағанда, жастар ескі, қаусаған техникаға отыруға құлықсыз. Бір күн жүрсе, екі күн жөндеуде тұратын көне техникада үсті-басы қара май болып кімнің жүргісі келеді. Екіншіден, жұмыс өнімділігі аз болғаннан кейін еңбекақысы да ауыз жарымайтын шамада. Ал жаңа техниканың жөні басқа. Заманауи комбайндар бұрынғы «Нивалардың» тәуліктік көрсеткішін үш-төрт есе асыра орындайды. Тиісінше, комбайншының табысы да мол. Қазір механизатор тауып алудың өзі мұңға айналған.
– Әнебір жылдары америка фермерлерінің жұмыс жүйесімен таныстым. Оларда 1,5-2 мың гектар алқапты бір отбасы сыртқы көмексіз игере береді екен. Материалдық-техникалық базасының мінсіздігінің арқасында, – дейді Нартай Жұматайұлы. – Ал бізде мың гектар жерге қаншама адам керек. Тозған техниканың тауқыметі осындай қарекетке ұласады.
Үкіметтің таяуда қабылданған «Жеңілдікті лизинг» бағдарламасын шаруалар өте жақсы қабылдап отыр. Қажетті техниканы алған кезде алғашқы төлем талап етілмейді. Үстемесі – 6 пайыз. Мемлекет тарапынан көрсетілетін 15 пайыздық көмек тікелей зауыттың өзіне аударылады. Шаруа қыруар құжат толтырып, ақша тосып, жүйкесі жұқарып жүр дейді.
Ырыздық жорығында жүрген көптің көкейіндегі осы бір сауалдар сәтімен шешілсе, ырыс та молая түсер еді.
Ақмола облысы