Зерде • 29 Мамыр, 2024

Қазақ байы – қанаушы емес, қолдаушы

108 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Найман Қаракерейдің Жаңбыршы руынан өсіп-өнген, өркен жайып, дәулетті ел болған, қазірде қабырғалы жұртқа айналған бір ата – өз дәуірінің әділ қазысының бірі, Абылайды ақ киізге отырғызып, хан көтерген билер кеңесінің мүшесі болған Толыбай бидің (1705-1785) ұрпақтары.

Қазақ байы – қанаушы емес, қолдаушы

Атақты Толыбай би елінде жаны жайсаң, ержүрек батырлар, қиын-қыстау заманда жол нұсқап, дұрыс бағыт-бағдар берген ақыл иелері, бір тоқшылық, бір жоқшылық тығырыққа тіреген кезде де мол дәулетімен қамкөңіл ағайынға пана болған жомарт жандар да аз болмады. Сол Толы­бай бидің кең бұтақ жайған ұрпақ­та­рының бірі, заманында ірі бай ғана емес, батыр, болыс, әділ би атанған Басшығұл (1826-1894) мен оның баласы Байбатырды (1852-1934) ұрпақ ұмытпағаны дұрыс. Көнекөз қариялардың айтуынша, Басшығұл қосарлап ат мініп жү­ре­тін батыр тұлғалы, қатал мі­нез­ді, қасиетті адам болған екен.

1994 жылы тамызда Басшығұл баба­ның қайтыс болғанынан дәл 100 жыл өткен соң, «Байбатыр қыстағының» аумағында оған ұрпақтары күмбез көтеріп, сол жерде жер қойнауынан таби­ғи түрде атқылап жатқан субұр­қақ­тың жағасында сегіз қанатты 12 киіз үй тігіп, мыңнан аса адамға арнап үлкен ас берілді. Құран-қатым түсіртіп, ұлттық ойындар ұйымдастырылып, сауапты шара өтті.

2000 жылдың басында табыл­ған аса құпия қылмыстық істегі деректерде батыр бабамыз Басшығұл бидің баласы Байбатыр сөзге шешен, қайсар да дәулетті әрі әділ би, болыс болғаны айтылады. Ал Байбатыр­дың балалары Әмірхан 1912-1916 жыл аралығында болыс, екінші ұлы Әлиасқар 1916-1926 жылдары би де, болыс та болған.

Алайда Байбатыр мен Әлиас­қар кеңес өкіметі орнаған кезеңде, бай, болыс, би болғандары үшін ғана жазықсыз саяси қуғын-сүр­гін­г­е ұшырап, Әлиасқар негізсіз, еш­қандай дәлелсіз «ха­лық жауы» атанған. Сөйтіп, «Қазақ­станда кеңес өкіметін күшпен құлатып, Жа­понияның ықпалындағы бур­жуазиялық ұлтшыл мемлекет құрмақ болды», «Елде бүлік ұйым­дастырмақшы болған, басқа бан­дылық топтармен байланыс жасаған», «Алашордашыларға әскер жию­ға көмектесті» деген айып­тармен Мемлекеттік саяси басқару органы жанындағы «үштіктің» шешімімен мал-мүліктері тәркі­леніп, 1931 жылы 15 қаңтарда жазықсыз ату жазасына кесіледі. Сол жылы 15 ақпанда бұл үкім қа­зіргі Алматы қаласындағы Нау­рыз­бай мен Қабанбай көшеле­рінің қиылысында орналасқан Ұлттық қауіпсіздік коми­тетінің бұрынғы ғимаратының жер­тө­лесінде ресми түрде орындалып, Қазақ Орталық Атқару комитетінің төрағасы Ұзақбай Құлымбетов бастаған 28 халық комиссары және қазақ психология ғылымының негізін қалаған, Алаш қозғалысының үл­кен тұлғасы Жүсіпбек Аймауы­тұлымен бірге Боралдай кентінде «Қандысай» деп аталып кеткен төбедегі жыраға көмілген. Осы­лай­ша, қатыгез коммунистік тота­ли­тарлық режім Әлиасқарды сот­сыз, заңсыз атып тастады. Байбатыр мен Әлиасқар да өз­де­­­ріне та­ғыл­ған айыптарды рас­­­та­маған. Тек «Алашордаға» ұлттық әскер жасағын құруға ат­са­лысқандарын, оған қаржылай көмек бергендерін мойындаған.

Жетпіс жылдан кейін табылған осы аса құпиялы қылмыстық іс бойынша Бас прокуратураның 2000 жылғы шешімімен 1993 жылы қабылданған «Жап­пай саяси қуғын-сүргін құр­бан­дарын ақтау туралы» Заңның негізінде Байбатыр мен Әлиасқар Басшығұловтар, сондай-ақ осы іспен бірге айып­талған жа­зық­сыз адамдар (Құ­сайын, Хасен, Мұхамеджан Сем­баев­­тар, Төлеген Тұмабаев, Тұрша Қоға­жанов, Шаймардан Мамашев) рес­ми түрде ақталды. Атала­ры­­мыздың «Алашорда» өкі­ме­ті қай­­рат­кер­лерінің жанында ең­бек еткен, оларға барынша қолұшын соз­ғаны айқын.

Осы тұрғыда тарихқа қыс­қаша көз жүгіртсек, 1917 жылы 10 қарашада халық әске­рін жасақ­тау туралы Әлихан Бөкейхан, Міржақып Дулатұлы, Ахмет Байтұр­сынұлы, Ахметжан Бірім­жан­ұлы, Елдес Омарұлы, Кәрім Досжанұлы бірігіп қол қойған «жанды, малды, қатын-баланы қырғын талаудан қорғай­тын күн туды» деген сарында «Үндеу» жарияланды.

1917 жылы 5-12 желтоқсан ара­лығында Орынборда өткен екінші жалпықазақ съезінде үлкен саяси маңызы бар, қазақ жастарынан ұлт­тық халық әскерін – Алаш әскерін құруға, яғни жалпы саны 13 500 адамнан тұратын милиция жасақтауға 44 миллион сом шығын кететіндігі туралы қаулы қабылданды.

Әлімхан Ермекұлы «1917 жылы декабрьдің 12-і күні түс ауа сағат 3-те дүниеге «Алаш» автономиясы келіп, азан шақырылып, ат қойылды деп «Сарыарқа» газетінде хабарлама жариялады. Алаш әскерінің өте белсенді соғыс әрекеттері Жетісу майданында болды. Мұны кеңес билігі жақтырмады. 1920 жылы Алашордаға большевиктер тарапынан кешірім жарияланып, ақтар мен қызылдардың сатқын саясатының нәтижесінде «Алаш» автономиясы толық таратылды, соңынан аяусыз қудаланды. Өкінішке қарай, Алаш әскері туралы түйткілді мәселелер әлі де то­лық зерт­теліп, жүйеленбей келе­ді.

Меніңше, Алаш қайраткер­ле­рінің саны қандай да бір тізіммен есептелмейді. Олар бүкіл қазақ халқын түгел қамтыды, таяқ ұстаған қарапайым қойшысынан билік тізгінін алған саяси жетекшілерге дейін барлығы атсалысты. Бұл – бірегей ұлттық идея төңірегінде топтасқан құбылыс еді. Алаш қайраткерлері қандай қызмет атқарғанына, қандай мамандық иесі болғанына қарамастан, ұлт дамуы жолында аяғына дейін тік тұрған саналы азаматтар болды. Ұлтшылдық бағыттағы демо­кра­­тия­лық құндылықтарға негіз­дел­ген мемлекет құру барысында бас­тарын қатерге тігіп, ұлт азат­ты­ғын көкседі.

Тарих ғылымдарының докторы, ака­демик, алаштанушы ғалым Мәмбет Қойгелді Алаш қай­раткерлері қатарында тек оқы­­­ған­­дар мен ұлт зиялылары ғана болмағанын, олар ел ішімен тығыз қарым-қатынаста, елге тұтқа болар бай, ауқатты адамдармен бірге тізе қоса қи­мыл­дағанын айтып, жазып жүр.

Кеңес одағы кезінде өз руының, елінің қамқоршысы болған байларды қасақана халық жауы ретінде қабылдады. Кәмпескеледі, кедейлерге қарсы қойды. Сол сыңаржақ, сұм саясат халыққа тірек болып отырған тұтас бір әлеуметтік институттың түбіне жетті. Шындығында, қа­зақ­тың байы қанаушы емес, өз елі­нің қорғаушысы, қолдаушысы бол­ды. Олардың қатарында қайсар мінезді Бай­батыр мен өжет, бірбеткей Әлиасқар да болған. Алаш идеясын өздерінің ісімен де, сөзімен де қолдағанын қылмыстық іс материалдарымен қатар, басқа да көз көрген адамдардың айтып кеткен әңгі­ме­лері айғақтайды. Ең бастысы, қазақ халқының жарқын болашағы мен кемел келешегі үшін күрескен ардақты Алаш қайраткерлеріне сол кездің ірі байлары, дәулетті адамдары сапында өз еріктерімен қолынан келгенше көмек бергенін ұрпағы ретінде зор мақтаныш тұтамыз.

Әлиасқардың әкесі Байбатыр Алакөл аймағында би-болыс, өз заманында ірі бай-шонжар, қазіргінің тілімен айтқанда, меценат болған. Ол Алашорда үкіметін бар жан тәнімен сүйді, оның қатарына жастардан әскер жинауға белсенді көмектескен. ОГПУ-дің тергеушісі жауап алған кезде бұл ісін ашық мойындаған. Кеңес үкіметіне қарсы шыққан. «Қызыл террор» идеясының қазақ халқы үшін аса қауіпті екенін түсінген. Сол уақыттағы ауқатты адамдардың қатарында болған оларды большевиктер үш мәрте (1920-1921, 1925-1926, 1929-1930) ешқандай негізсіз барлық дүние-мүлкін, малын заңсыз кәмпескелеп, өздерін қаңғытып жіберген.

Ірі бай, болыс, би болған Әлиасқар 1931 жылы 15 ақпанда Алматы (Верный) қаласында ОГПУ-дің түрмесінде атылып кеткеннен кейін қылмыстық іс бойынша қалған «айыптыларды» Сібірге айдайды. Итжеккенге кетіп бара жатқан жолдағы Ақ­тоғай кентінде жасы сексенге келген әкесі Байбатырды тергеуші Семипаловтың көмек-рұқсатымен алып қалып, немерелері Сәкен мен Мәдіш бір түннің ішінде Қытайға асырып жіберген. Бапаң сол жақта 1934 жылы қалған ұр­пақ­тарының ортасында 82 жасында қай­тыс болды.

Аталарымыз терең білімі болмаса да, арабша сауаты бар, зерек те, зерделі, елін, жұртын, ұрпағын жаудан қаймықпай, қорықпай қорғаштай білген жүректі, сая­си сауатты, Алаштың қайсар да алғыр азаматтары болды.

Жетпіс жылдан кейін Байбатыр мен Әлиасқар Басшығұловтарға қатысты Ұлттық қауіпсіздік коми­­те­тінің архивінен аса құпия­лы саналған «қылмыстық іс» материал­дары табылып, қолы­мыз­ға тиіп отыр. Осы айтулы оқи­ғаға орай жазықсыз жапа шек­кен, елі мен жері үшін аянбай еңбек еткен, сол жолда жандарын пида қылған ата-бабаларымыздың ру­хы­на арнап ас беріліп, құран бағыш­­талды.

Жаңа дәуірде өмірге келген азат ойлы әрбір қазақ аштықтан, саяси қуғын-сүргіннен қынадай қырылған бес миллион қазақтың есесін қайтару жолында еңбек етіп, өмірлік мақсат тұтуы керек. Бұл – жазықсыз жапа шегіп, өлім құшқан Алаш арыстарының асыл арманы еді. Хал­қымыздың ендігі өмірі бейбіт­шілікте өтіп, тәуелсіз еліміз­дің тұғыры биік болғай.

 

Советхан СӘКЕНҰЛЫ,

әділет полковнигі