Туризм • 30 Мамыр, 2024

Саяхатшылар Қызылтасқа асығады

97 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Әйгілі Ақбауыр үңгірінен түстікке қарайғы жеке-дара жалаң төбе Қызылтас деп аталады. Төбе дейміз, биіктігі – теңіз деңгейінен 840 метр. Жуықта Ұлан ауданында жазғы туристік маусым ашылып, жүздеген саяхатшы Қызылтастың асқарына асықты.

Саяхатшылар Қызылтасқа асығады

Бұл күні Өскеменнен Қызылтасқа қарай ір­кес-тіркес шыққан кө­ліктерде есеп болмады. Ұланда ұйымдастырылған «Altai fest – 2024» туристік мау­сымының ашылуына сонау Астана, Алматы, Қарағанды, Павлодар, Семей қалаларынан да саяхатшылар келді. Ауқымды іс-шараға қатысқан жұрттың бір тобы Қызылтас тауының ұшар биігіне көтерілсе, енді бірі етектегі концертті тамашалады, садақ тартып, сайысқа түсті. Жүйрік мініп, жазира далада жосқандар да жоқ емес.

Фестивальдың басы-қасында жүрген азаматтардың айтуын­ша, екінші жыл қатарынан ұйым­дастырылып жатқан іс-шараға биыл келген туристердің саны былтырғымен салыстырғанда екі есе көп. Нақтырақ айтсақ, Қызыл­тастың төңірегіне 400-ден аса адам жиналған. Айтып өткен­дей, туристік іс-шара тауға шы­ғумен ғана шектелген жоқ. Бау­райында ойын-сауық бағдар­ламалары да ойластырылған.

«Елдегі су тасқынына байланысты фестиваль уақыты шегерілді. Әйтпегенде, қаты­сушылар саны бұдан да көп болар еді. Алғашында 700 адам келеді деп жоспарлаған. Десе де, осындай турлар арқылы шығыстың туризмін дамытуға болады. Тау басына шығуға Өскеменнен ғана емес, Астана, Алматы, Қарағанды, Павлодар, Семей қалаларынан да қонақтар келді», дейді фестивальды ұйымдастырушы Мұхтар Тойбазаров.

Тау қателікті кешірмейді. Биіктік қараған көзге оңай көрін­генімен, тақтайдай жазық соқпақ жоқ. Сондықтан құтқарушылар алдын ала туристер жүретін тұстарға белгі орнатты. Қауіпсіздік шаралары қатаң сақталды. Өтіп жатқан «Altai fest – 2024» ту­рис­тік іс-шарасына облыстың бірқатар мекемесі, кәсіпкерлер демеу­шілік көрсетті. Құсбегі Бақытбек Манайұлы ұлттық рухты көрсетуге бүркітін көтеріп, Қасым Қайсенов кентінен келді.

Іс-шараның ең қызығы сол, әркімнің көкейінде тау басына кім бірінші шығады деген сұ­рақ тұрды. Етектен биікке асық­қандар көп күттірген жоқ. Тау­дың төбесіне қара үзіп шыққан облыстық «Менің өлкем» газетінің тілшісі Әділхан Есімханов еді. Ал әйелдер арасынан Астанадан келген Айгүл Хасенова бірінші болды.

«Географтар 1 000 метрден асса ғана тау деп аталады дейтін. Бірақ кейбіреулер үшін бұл да биік болған сияқты. Мен алғашқы топтың біріне ілініп, тау етегіне дейін соңдарынан ілесіп отырдым. Ортан беліне жетпей, көбі демала бастады. Сол көтерілгеннен 8-учаскеге дейін тоқтамадым. Сосын соңымнан кімдер ілесіп келеді деп артыма бір бұрылып, 15 секундтай аялдадым. Содан тоқтамадым. Ша­мамен 22 минутта таудың биігінде тұрдым»,  дейді журналист әрі спортшы Әділхан Есімханов.

Ұйымдастырушылар бұл іс-шараны дәстүрге айналдыруды жоспарлап отыр. Жылда мамырда өтетін болса, қатысушылар қа­тары әлі де артатын сияқты. Келер жылы Қызылтастың биігіне шыға­мын десеңіз, бүгіннен дайындала беріңіз.

 

Шығыс Қазақстан облысы,

Ұлан ауданы