Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»
Игі бастаманы қолға алып, көрмені ұйымдастырған, өз қаржысына елімізден экспонаттарды алдырған – Назар Әли Бименов. Кәсіпкер қазақтың бай мәдениетін бүкіл Америкаға таныстырғысы келеді.
«Нью-Йорк қаласында енді тұрақты түрде өткізіп тұрамыз. Қазір керекті іс-шаралар атқарылып жатыр. Ал АҚШ-ты аралап, өңір-өңірге арнап өз шаруашылығымнан екі спринтер көлігін бөлдім. Яғни жылжымалы-көшпелі мұражай болады. Қазір этномұражай қорында қазақтың салт-дәстүріне қатысты, тұрмыс тіршілігінде қолданған көптеген жәдігер жиналған. Ертоқым, қамшы, садақ, астау, кесе, қымыз пісетін күбі бар. Тіпті XIX ғасырдағы келсапты да алдырдық», дейді ұйымдастырушы.
«Көрмеге келген жастар өздері білмейтін заттардың атын сұрап жатыр. Мұнда біраз жәдігер жиналған. Көне аспаптар да бар. Жетіген, қобыз... Осында туған қазақ балалар: «Мынамен қалай ойнайды?», деп асықтарды да, қызықтап көріп, ойнап жатыр. Сондықтан бұл мақтануға тұрарлық іс деп ойлаймын», дейді Нью-Йорк тұрғыны Нәсіп Хазиева.
Этномұражай алдағы уақытта да жаңа жәдігерлермен толықтырылмақ. Мәселен, көрмеде сувенир киіз үй тұр, болашақта елден алты қанатты шын қазақ үйді алдырту жоспары бар.