Бекжанның лирикалық өлеңдерін оқи отырып оның мазмұнынан өзіміз өмір сүріп жатқан бүгінгі заманның сыры мен сипатын, қоғамның әр алуан құбылыстарын, адамдардың бойындағы сан қилы мінез бен ерекшеліктерді жазбай танимыз. Ақын айналада болып жатқан оқиғалардың бәрін ой елегінен ғана емес, жүрегінен де өткізіп, әрбір жырын толғатып жазады. Сөйтіп, оқырманды еріксіз еліктіріп әкетеді. Сондай-ақ ақын ойын барынша астарлап айтуға ұмтылады. Оған «Телефоны тыңдалатын адамдай, Әдебиетте сөйлеу керек тұспалмен», деген өз сөзі дәлел. Бұдан бөлек, Бекжан «Жаңыл мен Жалғасбек», «Қымыз иісін іздеу», «Екінші Желтоқсан», «Суішерім», «Қара шал», «Ностальгия» секілді жырларында ұлттық танымды таңбалай отырып, адам мен қоғам шындығын анық аңғартады. Мәселен, оның «Әке-көңіл ауыл жоғын іздеп тұр, Жаңылдан соң, Жалғасбегін күткендей!», деген тармағынан ұлттық ұғымның үздік үйлесімін көреміз. Ақын ауылдағы ақиқаттың қайтыс болғанын, бірақ сонда да жақсылықтың таңы атарына әлде де үмітті екенін қазақ ұғымына сай келісті теңеу, жанына жақын балама арқылы сәтті бейнелеген. Әшірбаев өлеңдерінде осындай бүтін бір ұлттың бітім болмысына сіңіп кеткен ұғымдарды бүгінгі шындықпен беттестіріп, өзгеше ой сабақтайды. Жекелеген шумақтар мен жолдарға ұлттық мінез сәулесін сыйғызып, астарлы ақиқат, әнтек әзілмен ажарлай біледі. «Бас бәйгені үнемі алу сезімі, Бірдей шығар оны мүлдем алмаумен», «Қазақшалап сөйлегенге таңғалдық, Тісі бүтін кемпір көрген секілді», «Жамал қарт әңгімесін бастаушы еді, Алдаған болмайды деп таразыдан», деген тармақтар ақынның ұлттық психология иірімдеріне емін-еркін бойлайтынын байқатады.
Жалпы, Бекжан поэзиясына тән бір ерекшелік – ол заман талабына сай тілімізге еніп жатқан терминдерді өлеңдерінде құлпыртып, сәтті пайдаланады. Бұл да жаңаны іздеуден, соны сүрлеу табуға деген талпыныстан туған дүние. Мәселен, «Жаңалық оқығандай өтеді өмір, Жүгіртпе жолдары боп экранның», «Карта ойнағалы казино барсаң, Ол қайта сені ойнап тынады», «Баянсыз бұл фәниден, Файлдай өшеміз-ау», «Оп-оңай жиналар жоқ бедел, Лүпілге тәуелді сайт-сана», деген сынды бірнеше мысал келтіруге болады. Мұндай басқа тілден енген немесе халықаралық терминдерді өз шығармаларында ұтымды пайдалану Бекжан поэзиясында жиі көрініс береді әрі бұл бүгінгі поэзия үшін жаңалық екенін де атап өткеніміз жөн. Алайда ақын өлеңдерінде қанша жерден неологизмдерді нақышына келтіріп қолданса да, ұлттық таным-түсініктен алыстамайды. Оның туындыларында дәуір шындығын поэтикалық тілмен бейнелей алатын ойнақылық та, ойлылық та бар. Ол сонысымен ерекше.
Айтпақшы, Бекжан Әшірбаев оқырмандарына жақсы жаңалық. Жақында ақынның екінші кітабы жарық көреді. Мұны ақынмен сұхбаттасып, Алматы барған сапарымызда білдік.
Жә, осы жерден әңгімеміздің тізгінін тарта тұрайық. Ақынның өз сөзімен айтар болсақ, «Жамбыл да көп сөйлеуді ұнатпаған, Жамбылдың көп сөйлеген жасы ғана»...