Талдықорған шаһарында сәулеті келіскен қарағайлы үйде қайбір заманда ақынның өзі қызмет бабымен келіп-кетіп тұрған, кейіннен жеке музейіне айналды. Оны басылым бетінде бұрынырақ оқырманға жеткізгенбіз. Бұл қос жәдігердің де талайлы тағдырынан хабардар болуыңыз да мүмкін. Дегенмен кейбір мәліметтерді толықтырып, қайта сараптап жазғанды жөн көріп отырмыз. Аумалы-төкпелі заманда Ілияс елінен айырылған досы Мейірман Ермектасовқа жейдесін сыйға тартады. Бүгінде ол қос жерлестің шынайы достығының айғағындай музей экспозициясында тұр.
Аталған жәдігер осыдан 8 жыл бұрын музей қорына түседі. Ақсулық айтыскер ақын Бекболат Атамбаев арнайы сыйға береді. Оның айтуынша, 1921-1924 жылдары Ілияс Жансүгіров «Мамания» мектебі басшыларының бірі Мейірман Ермектасовтың үйінде тұрған. Екеуі елді аралап, Мұзбұлақ, Күреңбел тауларында ит жүгіртіп, құс салып, аң аулаған. Олардың айнымас дос, сертке берік серік болғаны туралы әңгімелер әлі де ел аузында жүр.
Қылышынан қан тамған қасіретті жылдары сталиндік қуғын-сүргін қос достың артына түседі. Бұл өткелден айналып өтпесін білген Мейірман елден кетуге бел байлайды. Көштен қалмай, отбасын алып Қытайға бағыт алады. Туған жерге деген сағынышын басу үшін өзімен бірге ақынның бір кездері сыйға тартқан жейдесі мен аманат еткен арабша төте қаріптегі қолжазбасын ала кетеді. Кейін ел тынышталып, сталиндік билік аяқталған соң жары Алтын апамыз туған топырағына оралады. Өзімен бірге жолдасы аманаттап кеткен ақын мұрасын арқалап келеді. Әйтсе де ол тұста Жансүгіров ақталмаған еді. Бертін келе 1985 жылы ақынның мұрасын ауылдасы Бекболатқа табыстайды. Талай жылдар бойы сақталып келген бағалы жейде, осылайша ақынның қарашаңырағына қайтады.
«Жансүгіров мұрасы – сарқылмайтын теңіз, алынбайтын қамал. Қаншама жазбасы әлі архивте жатыр. Оны жеке ғылым ретінде де қарастыруға болады. Мәскеуге барған сапарымызда балаларға арналған жинағын таптық. Ішін ашып қарасақ, тура бүгінгі күннің сабақ жоспарына сай жинақталған. Кішкентай оқушыға бәрі түсінікті, суреттері балаларды бірден елітіп әкетеді. Біз жас ілиястанушыларды даярлауымыз шарт. Себебі қаламгер қазынасы әлі толық табылған жоқ», дейді ілиястанушы Мұратбек Иманғазинов.
Оның айтуынша, музейдегі ең құнды жәдігерінің бірі – ұлы ақынның қолының табы қалған 1936 жылы 11 шілде күні берілген төлқұжаты. Қылмыстық іс ішіндегі түпнұсқа 2 фотосуретті «алдынан, жанынан түсірілген (профиль және анфас)» музей қорына алынуына мұрындық болған Алматы облыстық ішкі істер департаментінің ақпараттық-аналитикалық орталығы басшысының орынбасары полиция полковнигі Жанар Тұрғанбекова.
1980 жылдан кейін табылған тарихи төлқұжат алғашында НКВД қабырғасында сақталып, артынан Ішкі істер департаментіне берілген. Сол жердегі көзі қарақты, көкірегі ояу, жанашырлық танытқан қызметкерлердің бұл игілікті ісіне тәнті боласыз. Төлқұжатты ұлы ақындікі екенін танып, әдеби музейге табыстауға асыққан.
Төлқұжаттың мұқабасында кеңес өкіметінің елтаңбасы және алты тілде жазылған «паспорт» деген сөз бар. Келесі бетіне ауыссаңыз, «паспорт 1941 жылдың 11 шілдесіне дейін жарамды» деген бөлім басталады. Одан кейінгі жолдарда «Джансугуров Ильяс» деп басталып, «1894 жыл ауыл №4, Ақсу ауданы, Алматы облысы, ұлты қазақ, әлеуметтік жайы қызметкер, тұрғылықты жері Алма-Ата қаласы» деп таңбаланған. Әрі қарай әскерге қатысы жоқ екені айтылып, Ілиястың қолтаңбасы қойылған. Төлқұжаттың ең төменгі жолында «АЕ№503124» деген әріп аралас сандар берілген. 3-бетінде құжат иесінің отбасы жазылған.
Бірінші жолда 1930 жылы туған ұлы Азат, екінші жолда қызы 1933 жылы туған Үміт жазылса, үшінші жолда 1935 жылы туған қызы Ильфа, төменгі жолда паспорт үстелі бастығының қолы тұр. Үшінші бетте түгелімен Ілиястың аты-жөні, туған жылы, тіркелген жері жөніндегі мәлімет латын қарпімен жазылған. Қалған беттерінде ақын жөнінде нақты мәлімет, отбасы туралы толық ақпарат латын қарпімен толтырылған. Ең соңғы 31-бетте Ілиястың тұрғылықты жері туралы нақты ақпар бар. Алып ақынның мұрасын қолмен ұстап көрген адам ұзақ уақыт ой үстінде жүретіні анық. Қазақты Ілиясша сүйген ақындар аз. Бар мұрасы музейдің құнын артырып, оқырманға ой салып тұр.
Жанынан және алдынан түсірілген фотосуретте Ілиястың қатты азап шегіп, қасіретке байланған келбеті түсірілген, арып-ашқан, шашы мен сақал-мұрты өсіп, көзін басқа жаққа бұрады. Үстіне киген жейдесінің аса қонымсыз екенін аңғаруға болады. Бұл сурет Ілиястың қылмыстық ісінен алынған. Бұл сонымен бірге түпнұсқа екендігін айта кеткен жөн.
Жетісу облысы