Аймақтар • 31 Мамыр, 2024

Еңбек адамына арналған баспана бағдарламасы

71 рет
көрсетілді
16 мин
оқу үшін

Рудный қаласында «Соколов-Сарыбай кен байыту өндірістік бірлестігінің» жұмысшылары мен «Отбасы банк» өкілдері қатысқан үлкен форум өтті. Алқалы жиыннан кейін Қостанай облысының әкімдігі, «Отбасы банк» және Еуразиялық топ (ERG) өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Келісімшарт аясында «ERG» металлургтері, кеншілер мен жөндеу қызметінің мамандары арасынан 100 отбасы жеңілдетілген шартпен «Отбасы банк» арқылы баспаналы болады.

Еңбек адамына арналған баспана бағдарламасы

Рудныйдағы «Горняк» кеше­нін­де өткен форумға «Отбасы банк» басқарма төрайымының орынбасары Нұрлан Ақшанов, қала әкімі Виктор Ионенко, «ССКӨБ» АҚ әлеуметтік жобалар және әлеуметтік қамтамасыз ету бөлімінің басшысы Александр Мака­ренко, кен байыту комби­на­тының жұмысшылары, банк қызметкерлері, Рудныйда үй тұрғызып жатқан құрылыс ком­пания­ларының басшылары қа­тысты.

Қала әкімі көпшілікті Руд­ный­да халықты баспанамен қамту мәселесінің қалай жүзеге асырылып жатқанынан хабардар етті.

ап

«Бүгінгі таңда біз ескі тұрғын үйлерді қалпына келтіруге баса көңіл бөліп отырмыз. Былтыр Ленин көшесіндегі 107, 215-ші, Горький көшесіндегі 104-ші тұрғын үйді қайта жөндеуден өткізіп, ел игілігіне тапсырдық. Маусым айында Октябрьдің 50 жылдығы көшесіндегі 30 жыл бойы қараусыз тұрған 47-ші тұр­ғын үй пайдалануға беріледі. Қазір Топорков көшесіндегі 162-ші үйге жөндеу жүргізіліп жатыр. Сәулетті тұрғын үйлер көп болған сайын қаланың ажары ашылып, сәні кіре түседі. Сондықтан біз ең бірінші кезекте, ескі үйлердің бәрін жаңартып, қаланың сыртқы келбетіне көрік беруді көздеп отырмыз. Ескі үйлерді қалпына келтіруге облыс бюджетінен 2 млрд 400 млн теңге бөлінді. Алдағы уақытта республика бюд­же­тінен тағы 7 млрд 400 млн теңге қаржы бөлінеді. Мұның сыртында, Рудныйда «Аят» тұр­ғын үй кешенінің құрылысы бас­талды. Бұл үйлердің біразы «Отбасы банк» ұсынып отырған тиімді бағдарламалар арқылы ха­лыққа қолжетімді болатынына сенім­ді­міз», деді В.Ионенко.

«Отбасы банк» «ERG» компаниясымен көп жылдан бері ынтымақтастықта жұмыс істеп келеді. Форум барысында банк мамандары «Соколов-Сарыбай кен байыту бірлестігінің» жұмыс­шы­ларына «Отбасы банк» ұсы­нып отырған ипотекалық мүм­кін­діктер жөнінде жан-жақты әңгімелеп берді. Аталған банк қостарапты корпоративтік жоба аясында «ERG» компаниясының Павлодар, Екібастұз, Ақсу, Хром­тау, Рудный қалаларындағы кә­сіп­орындарымен тығыз байланыста жұмыс жүргізіп келеді. Бұл әріптестіктің екі жолы бар. Біріншісі – «ERG» кәсірорындары үй салып, оны өз жұмысшыларына жалға береді. Мұндай үйлерге қоныстанған адам бірден депозит ашып, пәтердің жарты құнын жинаған соң, әрі қарай банктен 5%-бен несие алып (ЖТСМ 5,2%-дан бастап 5,3%-ға дейін), өзі жалға алған баспананы біржола сатып ала алады. Сонымен қатар кәсіпорын жұмысшылары өз қалауы бойынша 5%-дық несиемен үй сатып алуға құқылы. «ERG» компаниясы салып жатқан тұрғын үйлер, өкінішке қарай, бәріне бірдей жете бермейді, сондықтан форумға арнайы келген «Отбасы банк» басқарма төрайымының орынбасары Нұрлан Ақшанов жұмыс­шыларды «Отау», «Нау­рыз» бағдарламаларына қаты­сып көруге шақырды.

«Біз биыл баспанасыз аза­мат­тарға арналған «Отау», Наурыз» деп аталатын екі бірдей бағ­дарламаны іске қостық. Бұл бағ­дар­ламаға қатысатын азамат­тар­дың басында соңғы 5 жыл ішінде тіркелген баспана болмауы керек. Жылдық сыйақы мөлшерлемесі – 9% (ЖТСМ 9,2%-дан бастап 11,8%-ға дейін). Ол жылдан-жылға кеми береді. Бастапқы жарна – 20%. Біз «Отау» бағдарламасына өтініш қабылдауды тоқтаттық. Аталған бағдарлама аясында конкурстан өткен 8 мың адам қазір қарызды өтей алу қабілеті бойынша тексерістен өтіп жатыр. Мысалы, Қостанайда бұл тексерістен 80 адам ойдағыдай өтті. «Отау» бағдарламасы бойынша Астана, Қостанай, Алматы сияқты ірі қалалардан жаңа пәтер сатып алуға болады. Ал Рудный тәрізді облыстық маңызы бар шағын қалалардан пәтерді қолдан сатып алуға да болады. Жаңа пәтерлердің бәрі біздің «Baspana Market» порталында тұр. Бұл бағдарламаға қатысу үшін клиенттің шотында 1 млн теңге болу керек, депозит мерзімі 18 айдан кем болмауға тиіс. Өкінішке қарай, бұл бағдарламаға қатысқысы келгендер көп болғанымен, олардың депозитінің мерзімі 18 айға толмай қалып жатты. Атырауда өткен Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Отау» ипотекалық бағдарламасының ел ішінде үлкен сұранысқа ие болып отырғанын айта келіп, енді ауыл және аудан орталығының тұрғындарына арналған жаңа тұрғын үй бағдарламасын қол­ға алу керек» деген тапсырма берген еді. Сондықтан біз жаңа бағдарламаны іске қостық. Ұлт­тық құрылтай наурыз айында өткендіктен, жаңа бағдарлама да «Наурыз» деп аталады. Бұл бағдарлама бойынша тұрмысы төмен отбасылардың баспаналы болуына жақсы мүмкіндіктер қарастырылған», деді Нұрлан Ақшанов.

Форум барысында банктің ипо­текалық бағдарламалары ар­қы­лы баспаналы болған қара­пайым тұрғындар, еңбек адам­дары көпшілік алдына шығып, өздерінің пәтерге қалай қолжет­кіз­гені туралы әңгіме етті. Мысалы, өңірде екі жылдан бері Қостанай облысы әкімдігі мен «Отбасы банктің» «Қостанай жастары» деп аталатын бірлескен жобасы нәтижелі жұмыс істеп жатыр. Аталған бағдарлама аясында «Отбасы банк» мұғалім, дәрігер ма­мандар мен пошта, полиция, төтенше жағдай қызметкерлерінің баспаналы болуы үшін жыл са­­­йын жеңілдетілген несиеге 2 млрд теңге қаржы бөліп отыр. Бүгінде баспаналы болып, бағдарлама жемісін көріп отырғандардың ішінде полиция қызметкері Қайрат Рахметов те бар.

«Баспана алу – әрбір жас отбасының ең бірінші арманы. 2020 жылы ішкі істер органдарына жұмысқа кірген соң, бірден «Отбасы банкінен» депозит аштым. Екі жарым жылдай пәтер жалдап тұрдық. 2023 жылы «Қостанай жастары» бағдарламасы арқылы конкурс­тан өтіп, баспаналы болдық. Депозитімде бар-жоғы 1,5 млн теңге жатқан. Соған қарамастан қысқа мерзім ішінде өз пәтерімізге кіргенде, қуанышымызда шек болған жоқ. Жұбайым екеуміз алғашқы күні бұл үйдің енді біздікі екеніне сенер-сенбесімізді білмей абдырап қалғанымыз рас. Бұған дейін 70 мың теңгеге пәтер жалдап келгенбіз. Ал жаңа пәтерімізге 13 жылға айына 88 мың теңгеден төлеп тұрамыз. Жалға 70 мың төлегеннен гөрі, өз пәтеріңе 88 мың несие төлеген әлдеқайда жақсы. «Қостанай жас­тары» сияқты тиімді жобалардың жас отбасылар үшін пайдасы зор. Осы сәтті пайдаланып қымбат бас­пананы қолжетімді етіп отырған «Отбасы банкіне», облыс әкімдігіне өз отбасымыздың атынан шын көңілмен ризашылық білдіргім келеді. Сіздер жас отбасыларға үлкен қолдау көрсетіп жатырсыздар», дейді Қайрат.

Рудныйда тұратын Өмірәлиев­тер­дің отбасы да «Отбасы бан­кінің» демеуімен баспана алу бақы­ты­на кенеліп отыр. Ерлі-зайыпты Талант пен Жанардың екеуі де «Соколов-Сарыбай кен байыту өндірістік бірлестігінде» жұмыс істейді. 2018 жылы «50/50» бағдар­ла­масы арқылы үш бөлмелі пәтер алған жас отбасы содан бері тағы бірнеше бағдарламаға қатысып үлгерген.

«Кейін автокөлігімізді сатып, «Отбасы банк» арқылы тағы 2 бөлмелі пәтер алдық. Одан кейін ол үйімізді сатып, «Отбасы банк» арқылы 4 бөлмелі пәтер алдық. Қазір «Отбасы банк арқылы» төртінші үйге депозит жинап жатырмыз. Таяуда оған 500 мың теңге мемлекет сыйлығы қосылды. Қазір төртінші үй алу үшін құжат дайындап жатырмыз. Біздің еш­қандай тамыр-танысымыз жоқ. Тек армандадық, мақсат қойдық. Рудныйдағы банк филиалынан Роза есімді кеңесшінің көп көмегі тиді. Қандай мәселемен барсақ та, ерінбей-жалықпай бәрін түсіндіріп, жан-жақты қолдау көрсетіп отырды. Сондықтан әсіресе, баспанасыз жүрген жас отбасыларға депозит ашыңыздар, жала­қыларыңыздың айына 20 пайызын сол депозитке салып отырсаңыздар, үш жылдан кейін өз баспаналарыңызға қол­жет­кізесіздер дегім келеді», дейді Жанар.

Жалғыз өзі екі баланы тәрбие­леп отырған Александра Бутен­коның жолы болғаны соншалық, жалғызбасты ана «Отбасы банк» арқылы су тегін пәтерге ие бол­ған. Александра да «Соколов-Сарыбай кен байыту өндірістік бірлестігінде» сепараторшы болып жұмыс істейді. 2018 жылдан бері пәтер кезегіне тұрған жалғызбасты ана өткен жылы «Отбасы банк» мен кен байыту комбинаты ұйымдастырған ұтыс ойынына қатысады.

«Алдымен «Отбасы банкке» барып депозит аштым. Көп кешікпей былтыр тамыздың бірінде пәтер ұтып алдым. Шынымды айтсам, мен жұрт жиі айтатын «Арманда, арманың орындалады» деген сөзге ешқашан сенбейтінмін. Бірақ тосыннан келген баспана қуанышынан кейін армандауды үйрене бастадым. Қазір екі баламмен үш бөлмелі пәтерімде тұрып жатырмын. Былтыр Асанәлі есімді ұлым дүниеге келген. Осы балам дүниеге келе салып, баспана ұтып алғанымызды жақсылыққа жорып, бұл – Асанәлім алып берген пәтер деп іштей қуанып отырамын. «Отбасы банктегі» депозитім әлі ашық. Ай сайын ақша салып отырамын. Өйткені екі балам бар, көзді ашып-жұмғанша олар да ержетеді. Сондықтан келешекте тағы бір пәтер алып қойсам ба деген мақсат бар. Қазір елімізде жас отбасыларға жан-жақты қолдау жасалып жатыр. Бұрынғыдай жұмыссыздық жоқ. Қай жерге барып еңбек етем десең де, ерік өзіңде. Айлығымыз жақсы. Балалар балабақшаға барады. Балабақша да, мектеп те, емхана, аурухана да үйіме жақын. Жанымызда балаларды апарып демалдыратын саябақ бар», дейді Александра.

Жиын барысында «Отбасы банк» басқарма төрайымының орынбасары Нұрлан Ақшанов жұмысшыларға «Отау», «Наурыз» бағдарламаларына қатысудың реті мен тиімділігі жөнінде кеңінен әңгімелеп берді. Ипотекалық бағдарламалардың таныстырылымы құрғақ баяндау емес, Ержігіт, Мақсат есімді жас мамандардың басынан өткен оқиғалар желісіне құрылған комикс түріндегі тартымды көрнекіліктің көмегімен өтті.

Жиын соңында форумға қа­тысу­шылар арасында «Отбасы банк» жүзеге асырып жатқан ипо­текалық бағдарламаларға қа­­тыс­ты ұтыс ойыны ұйымдас­ты­рылды. Ойынға 200-ге жуық адам қатысып, жиырма шақты жеңімпаз шәйнек, шаңсорғыш, үтік тәрізді тұрмысқа қажет зат­тар­ға ие болды.

Форумнан кейін облыс әкім­дігі мен «Отбасы банк» және «Eurasian Resources Group» болып Рудныйдағы «ССКӨБ» АҚ қызметкерлерінің тұрғын үй жағдайын жеңілдетілген шартпен жақсарту жөніндегі келісімшартқа отырды. Бағдарламаға қатысу­шы­ларға «Отбасы банк» жылдық 5% үстемемен (ЖТСМ 5,2%-дан бастап 5,3%-ға дейін) займ береді. Әрі мұндағы міндетті бастапқы жарна мөлшері – небәрі 10% болады.

Өзара түсіністік пен әріптес­тік туралы меморандумға Қос­танай облысының әкімі Құмар Ақсақалов, «Отбасы банк» бас­қарма төрайымының орынбасары Нұрлан Ақшанов пен Еуразиялық топ (ERG) бас директорының қаржы жөніндегі орынбасары Данияр Рахматуллаевтар қол қой­ды.

Келісімшартқа қол қойған әр тарап бағдарламаны іске асы­руға 500 млн теңге бағыттайды. Нәти­жесінде, жұмсалатын жалпы қаражат мөлшері 1,5 млрд теңгені құрайды. Қомақты қаржы биыл кеніш саласында еңбек етіп жүрген 100 отбасының баспаналы болуына септігін тигізбек.

Келісімшарт бойынша, еура­зия­лықтар арасынан әкім­діктегі баспана кезегінде тұрғындарға ба­сымдық беріледі. Сондай-ақ Рудный қаласынан екінші на­рық­тан баспана алу мүмкіндігі де қарастырылған. Баспана алуға үміттілердің тізімін компанияның тұрғын үй комиссиясы түзеді. Бағдарламаға соңғы 5 жыл ішінде республика аумағында өзінің және отбасы мүшелерінің атына тіркелген баспанасы болмаған, үйге мұқтаж қызметкерлер қаты­са алады.

Іріктеуден өткендер міндетті 10% бастапқы жарнаны салған соң, «Отбасы банк» оларға 5% үстемемен займ береді. Жыл­дық тиімді үстемеақысы 5,2%-дан ­бас­талатынын да айта кеткен жөн. Займның ең жоғарғы мөл­шердегі көлемі – 20 млн теңге. Бағдарламаға қатысушы қым­бат пәтер алғысы келсе, оған жеке қа­ра­жатын салуға немесе зей­нет­ақы жарнасынан артылған салымын пай­далана алады.

«Отбасы банкпен» арадағы ұзақ жылдар бойғы сенімді се­рік­тестігіміз жақсы нәтиже беріп отыр. Біз бірлесе отырып, күн­де­лікті қажырлы еңбегімен ел эко­но­микасының нығаюына еселі үлес қосып жүрген қыз­мет­кер­ле­рі­міздің баспана мәселесін толық шешуге тырысамыз. «ERG» – әу бастан әлеуметтік бағдарланған компания. Әлі де осы бағытынан жаңылмайтынын айтқым келеді. Экономикадағы аумалы-төкпелі жағдайға қарамастан, осындай игі бағдарламаларды іске асыру арқылы еуразиялықтардың тұрмыс жағдайын жақсартуды жалғастыра береміз», дейді «ERG» директорлары кеңесінің төрағасы Александр Машкевич.

Соңғы 11 жыл ішінде «ERG» қыз­мет­керлерінің ішінен 4 мың 634 отбасы «Тұрғын үй бағ­дар­ламасы» арқылы баспаналы болған. Биыл тағы 440 отба­сы қоныс тойын тойламақ. «Отбасы банкпен» бірлесіп қолға алын­ған теңдессіз бағдарлама кен са­ла­сындағы кәсіпорын қыз­мет­кер­­лерінің бастапқы жарнасыз, тиімді үстемемен үйлі болуына жол ашып отыр.

«Бақытты, көңілі жайлы қыз­­­меткерлер – кез келген кәсіпорынның ең құнды ре­сурсы. Қыз­меткерлерді тек еңбек­ақы ғана емес әлеуметтік жеңіл­дік­тер, кәсіби өрлеу мен өсу мүм­кін­діктері, жұмыс күнінен соң қуана қайтатын өз үй – өлең төсе­гі де ынталандырады. Бізді ең­бек адамдарының «Отбасы банк­ке» жүгіне отырып өздерінің бас­пана мәселесін тиімді шешіп алып жатқаны қуантады. Бүгінге дейін біз ұсынған корпоративтік өнімнің арқасында еліміздің әр қиырындағы шахтерлер, металлургтер, энергетиктер, құры­лыс­шылар, оқытушылар мен дәрі­гер­лер жалпы саны 1 мың отбасы баспаналы болды. Енді көп өтпей Қостанай облысында да қоныс тойы тойланады», деді «Отбасы банк» басқарма төрайымының орынбасары Нұрлан Ақшанов.

 

Қостанай облысы