Қазақстан • 31 Мамыр, 2024

Елдегі жол саласын жемқорлық жайлаған - Мемлекет басшысы

168 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Алматыда отандық ғалымдармен кездесу өткізді. Жиын барысында Президент Ұлттық құрылтайдың Атыраудағы отырысында жол салу және жөндеу бойынша ауқымды жұмыстарды бастауды жүктегенін еске салды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Елдегі жол саласын жемқорлық жайлаған - Мемлекет басшысы

Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

«Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында жол салу және жөндеу бойынша ауқымды жұмыстарды бастауды тапсырдым. Ол кемінде 12 мың шақырым автожолды қамтиды. Автокөлік жолдары – елдің экономикалық және әлеуметтік тыныс-тіршілігінің күре тамыры. Негізгі қалаларымыз бен аймақтарымыздың арасын сапалы жолдармен жалғау маңызды. Тағы да қайталап айтамын – сапалы жолдармен. Ашығын айтсақ, жолдардың сапасы сын көтермейді әрі бұл мәселе жиі көтеріледі», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы жол сапасының нашарлығына қатысты халықтың наразылығы орынды екенін айтты.

«Ең бастысы, саланы жемқорлық жайлаған. Үкімет пен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне жол құрылысындағы сыбайлас жемқорлықты жою жөнінде тапсырма берілді. Мемлекет бөлетін қаржының барлығы талан-таражға түспей, тек қана құрылысқа жұмсалуы керек. Бұл қазір басым міндет. Мәселен, Қызылорда – Жезқазған автокөлік жолын қайта жаңғырту жұмысы бірқатар аймақтың, оның ішінде, жаңадан құрылған Ұлытау облысының дамуына тың серпін беруі керек еді. Бірақ жөндеу жұмыстары өте нашар жүргізілген. Халық ондаған жылдан бері жолдың жақсарғанын күтіп отыр», деп атап өтті Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздегі автокөлік жолдарының жай-күйіне объективті мониторинг жүргізілуге тиіс екенін айтты.

«Нақты ахуалды айқын көрсететін тың тәсілдерді ойластырған жөн. Жол құрылысы және реконструкция жұмыстары кезінде барлық қажетті құзыретке ие, нарықтағы беделі мінсіз, жауапты отандық және шетелдік компаниялардың әлеуетін барынша пайдалану керек. Бұл іске ашықтан-ашық демпингпен айналысатын жалған компанияларды тартудың қажеті жоқ. Сапалы жол жалпыұлттық міндетке айналуы керек. Жолдың сапасы жақсармай, еліміздің дамуы туралы сөз қозғау мүмкін емес», деп нақтылады Мемлекет басшысы.