Қарт тарихты қасіретпен айғыздаған қаралы кезеңнің картинасын көз алдыңа әкелетін фотоқұжаттар мен репрессия құрбандарының жеке заттары көрмеден орын алған. Олардың ішінде Қазақстан мен Өзбекстанның қуғын-сүргінге ұшыраған мемлекет және қоғам қайраткерлері С.Қожанұлы, Ф.Зарипқызы, Т.Отарбаев, М.Мылтықбаев, А.Байтұрсынұлы, Ә.Бөкейхан, М.Дулатұлы, М.Тынышбайұлы, Х.Досмұхамедұлы, т.б. қайраткерлерге тиесілі музейлік заттар бірден назар аудартады. Жәдігерлердің қатарында 1980 жылы Сәкен Сейфуллиннің жары Гүлбарам Сейфуллина мен ағасы Мәжит Сейфуллин өткізген пальтосы, патефоны және алтын қол сағаты, өзінің есімі жазылған темекі қорабы бар. Сондай-ақ белгілі алаш қайраткері Халел Досмұхамедұлының дәрігерлік мөрі, фотосуреттері және еңбектері қамтылған. Өзбекстандағы қуғын-сүргінге ұшыраған қазақтардың ақталуы туралы жазылған ақпараттық тақтайшаларды да көрмеден кездестіресіз. Онда 1930 жылы Қазақстанның Каспий бойы аудандарында үкіметтің ет жоспарына қарсы шеруге қатысқаны үшін қуғын-сүргінге ұшырап, Өзбекстан аумағына өтіп кеткен 69 қазақстандықтың аты-жөні жазылған.
Көрмені ашқан Мемлекеттік Орталық музей директоры Рашида Харипова мен Өзбекстандағы Қуғын-сүргін құрбандарын еске алу мемлекеттік музейінің директоры Бахтияр Хасанов зиялыларды қынадай қырған тарихтағы қилы кезең қос мемлекет үшін де орны толмас оқиға екенін, бұл қасірет ешқашан халық зердесінен өшпейтінін атап өтті. Сондай-ақ көрменің ашылуында сөз алған бауырлас елдің ғалымдары бұл тақырыпты зерттеп-зерделеу ісі әлі де жалғаса беретінін, еліміз аталған тақырыпқа айрықша көңіл бөліп отырғанын айтты.
Дөңгелек үстел барысында ХХ ғасырдың 30-40 жылдарындағы Қазақстан мен Өзбекстанның қоғамдық-саяси тарихының саяси қуғын-сүргін тақырыптарын қамтитын мәселелер кеңінен сараланды. «Қазақстандағы саяси репрессияның себебі мен салдары» тақырыбында баяндама жасаған академик Мәмбет Қойгелдиев жетпіс жылға жалғасқан кеңестік кезеңге нақты баға берілмей, тақырыпты ғылыми тұрғыдан тура қорыту түрлі кедергіге ұшырай беретінін мәлімдеді.
– Кейінгі жылдары жаңадан ашылған архив құжаттары бізге, зерттеушілерге кеңестік кезеңде елде болып өткен саяси репрессия тақырыбы аясында бірсыпыра жаңа тұжырымдарға келуге мүмкіндік берді. Мемлекет басшысының жарлығымен құрылған комиссия, оның нәтижесінде жарық көрген 70-тің үстіндегі құжаттық жинақ бар. Бұл ретте біз көрші елдерден алда келеміз. Саяси репрессия – жалпыимпериялық құбылыс. Ә.Бөкейханның: «Егер сіз өз халқыңызға пайдалы адам болғыңыз келсе, онда қазақ еліндегі Ресей әкімшілігінің жер саясатын мұқият ойыңыздан өткізіп таныңыз, сонда сіз білгіңіз келетін сауалға жауап табатын боласыз» деген сөзі бар. Ал XX ғасыр басындағы ұлт-азаттық қозғалыс басына келген саяси басшылық мынадай үш құндылықты өз қызметінің негізгі мазмұнына айналдырды. Олар – атамекен жер және қазақ ұлты, сондай-ақ осы екеуінің қалыпты өмірін қамтамасыз ете алатын мемлекеттілік. Большевизм мен алаштық басшылық арасындағы бітіспес қайшылық осы үш құндылық төңірегінде жүрді. Кеңес өкіметі тарапынан жүргізілген саяси репрессия ең алдымен қазақ ұлт-азаттық қозғалысына жасалған қиянат болғандығын айту парыз. Мемлекеттік комиссия тарапынан берілген есептердің бірінде саяси репрессия құрбаны болған 311 мың адамның ақталғандығы туралы айтылады. Осы келтірілген санның үлкен бөлігі азаттық қозғалысқа тікелей атсалысқандар болғандығы күмән тудырмайды. Саяси репрессия нәтижесінде қазақ халқы екі бірдей буын саяси ұлттық басшылығынан айырылды. Бұл, мәңгі ұмытылмайтын қасірет, – деді Мәмбет Қойгелдиев.
Өз кезегінде өзбек ғалымдары да саяси репрессия ұлт көшін алға сүйреген зиялыларды қуғынға ұшыратып қана қоймай, олардың есімдерін тарих бетінен жойып жіберуге күш салғанын атап өтті.
«Бұл күнді ұмыту мүмкін емес. Ел басшылығы аталған тарагедияға айрықша көңіл бөліп, арнайы еске алу күнін белгіледі. Кейінгі жиырма жылдың бедерінде жүздеген зерттеу мақала жарияланып, қаншама тарихи деректі кітаптар жарыққа шықты. Өзбекстандағы Қуғын-сүргін құрбандарын еске алу музейі 2002 жылы есік ашты. Музей экспозициясы негізгі үш залға бөлінеді. Әміршіл жүйенің кәріне ұшыраған ірі қайраткерлердің күрескерлік жолына, өміріне қатысты барлық деректі осы жерден табуға болады. 40 мыңнан аса отандасымыз репрессия құрбаны болды. Қазақ елі де бұл қасіреттің салдарынан аз жапа шеккен жоқ. Тарихты зерделеуге мүмкіндік туғызып, ортақ алаң ұсынған Мемлекеттік Орталық музей ұжымына алғыс білдіргім келеді. Өз тарихын танып, одан сабақ алған ұлттың келешегі жарқын», – дейді дөңгелек үстелде сөз алған Өзбекстандағы Қуғын-сүргін құрбандарын еске алу мемлекеттік музейінің директоры Бахтияр Хасанов.
Саяси қуғын-сүргін құрбандарына қатысты ғылыми зерттеулер зерделенген басқосуда Өзбекстан Министрлер кабинеті жанындағы қуғын-сүргін құрбандарын еске алу мемлекеттік музейінің бас ғылыми қызметкері Бахром Израев, Ахмет Байтұрсынұлы музей-үйінің жетекшісі, «Тіл-құрал» оқу-әдістемелік ғылыми зерттеу орталығының директоры Райхан Имаханбет, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің «Айтылған тарих» ғылыми зерттеу орталығының жетекшісі Забира Мырзатаева баяндама жасады. Дөңгелек үстел жұмысына ғалымдар мен оқытушылар, музей, кітапхана қызметкерлері қатысты.
АЛМАТЫ