Қоғам • 01 Маусым, 2024

Д.Зәкиева: Балалар еліміздің ең маңызды құндылығы

189 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Халықарарлық балаларды қорғау күніне орай ҚР-дағы Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева халықарарлық балаларды қорғау күніне орай балаларды мерекемен құттықтап, инстаграм парақшасында жазба қалдырды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Д.Зәкиева: Балалар еліміздің ең маңызды құндылығы

Фото: unicef.org

«Біз сіздермен, біздің ақылды, талантты, үміт артқан балаларымызбен мақтанамыз! Еліміздің бетке ұстар азаматтары боласыздар деп сенемін. Сіздерге шын жүректен қызықты да танымды балалық шақ, бақыт, денсаулық және амандық тілеймін», деп жазды Бала құқықтары жөніндегі уәкіл.

Динара Болатқызы ел азаматтарын Халықаралық балаларды қорғау күнімен құттықтап, балалар еліміздің ең маңызды құндылығы екенін атап өтті.

«Балаларды қорғау, олардың құқықтарын қамтамасыз ету және қолайлы өмір сүру жағдайларын жасау қоғамның әр мүшесі үшін басымдық екенін бәріміз түсінуіміз керек. Балалар қауіпсіздігі мен әл-ауқаты – ортақ мақсат. Ата-ана ретінде балаларымыздың тағдыры үшін бірінші кезекте біз жауапты екенінімізді үнемі есте ұстауымыз керек. Бір өкініштісі, статистика балаларға қауіптің жиі төнетінін көрсетеді. Күн сайын 3 бала терезеден құлап, уланудан, жарақаттанудан, көлік апатынан қайтыс болып жатыр. Зорлық-зомбылыққа қатысты трагедиялардың көбін болдырмауға болушы еді, 70% жағдайда айналадағы адамдар уақытында әрекет етпеді», деп жазды Д.Зәкиева.

Жазба иесі ата-аналарды, ересектерді балаларға сезімталдық пен жауапкершілік танытуға, балалардың қорғаушысы болуға, оларға қиын жағдайда көмектесуге, балаларға қатысты зорлық-зомбылық пен қатыгездікті болдырмауға шақырды.

«Біздің балалық шақты қорғаудың ұлттық жүйесінде біз биліктің барлық тармақтарының, азаматтық қоғамның, үкіметтік емес және халықаралық ұйымдардың тығыз өзара іс-қимылы мен қолдауына сенеміз.
Бәріміз бірге балаларымыздың бақытты балалық шағы үшін қажет нәрсенің бәрін жасай алатынымызға кәміл сенемін!», деп түйіндеді Динара Зәкиева.