16 Қаңтар, 2015

Студенттік ассамблея – ынтымақ пен достықтың бастауы

1140 рет
көрсетілді
16 мин
оқу үшін
Т. И. Есполов85 жылдық тарихы бар Қазақ ұлттық аграрлық университетіндегі тәрбие жұмы­сы­ның бірегей көрсеткіші – жоғары оқу орын­дары арасында тұңғыш рет ашылған «Достық» студенттік ассамблеясы. 2004 жылы негізі қаланған бұл студенттік ассамблея университетімізде білім алушы славян, неміс, ұйғыр, татар, корей сынды 21 ұлттың студент жастарын бір шаңырақ астына біріктіруде және олардың өзара ынты­мағы мен достығын нығайтуда маңыз­ды рөл атқаруда. Студенттік ассам­блея ұлтаралық татулық пен келісімді наси­хат­тауға, Қазақстанда өмір сүретін ұлттар­дың салт-дәстүрін, мәдениеті мен тарихын құрметтеуді тәрбиелеуге ерекше мән береді. Ассамблея студент жастар арасында жаңа қазақстандық патриотизм мен достықты қалыптастыру мақсатында еліміз­де өмір сүретін түрлі ұлттардың мере­ке­леріне, мәдени құндылықтарына арнал­ған көптеген іс-шаралар, флеш-мобтар өткізіп келеді. Ассамблеяны студент­тер өздері басқарады. Ол студенттік демократияны дамытудың да оңтайлы тетігіне айналды. Бүгінгі күні университеттегі «Достық» студенттік ассамблеясының өз орталығы мен арнайы жасақталған мұражайы оқу ордасында оқитын әртүрлі ұлт өкілдерінің үнемі бас қосатын және түрлі бағыттағы іс-ша­раларды үйлестіретін рухани орта­лығына айналып отырғандығын айрықша атап өткім келеді. Мұражай жыл сайын ассамб­лея қатарына келіп қосылатын студент­тердің бастамасымен ұлттар мен ұлыс­тардың салт-дәстүрінен, тарихы мен мәдениетінен хабар беретін жаңа мағ­лұ­маттармен, жәдігерлермен толықтырылып келеді. Мұражайда Алматы қаласындағы орыс, украин, күрд, ұйғыр, корей, неміс, чешен, түрік, поляк, белорус этностары мәдени бірлестіктерімен бірігіп, осы ұлттардың этнографиясынан, тарихынан, мәдениетінен, шаруашылығы мен дәстүр-салттарынан мол мәліметтер ұсы­натын жекелеген көрмелер мен тұсау­ке­сер­лер, осы бағытта түрлі мәдени шаралар ұйым­дастыру жолға қойылған. Мұра­жай экс­по­наттары елдегі ұлттар мен ұлыс­тар өмірінің көрнекі бейнесіндей әсер қалдырады. Университеттегі мұражай жұмы­сына «Қазақстан халқы Ассам­блеясы» респуб­ликалық қоры­ның төрағасы В.И.Гребнев, Қазақ­­стан­дағы орыс, славян, казак қауым­дас­тығы төрағасының орынбасары А.П.Чес­ноков, Алматы облыстық «Элеф­терия» грек­тердің қоғамдық бірлес­тігінің төра­ғасы Г.К.Иорданиди, «Қазақстан ұйғыр­лары­ның мәдениеті» қоғамының төрағасы Ф.Т.Хасанов сынды тұлғалар үнемі өз көмектерін көрсетіп келеді. Соны­мен қатар, Алматы қаласындағы А.А.Хажа­лиев басқаратын чешен-ингуш мәдени орталығы, Н.Н.Осипенко жетекшілік ететін украин мәдени орталығы, О.Червинский басшылық жасайтын поляк мәдени орталығы сынды этномәдени бірлестіктер мен біздің студенттік ассамблея өзара тиімді байланыстар орнатқан. Төле бидің «Жалғанда ойлап тұрсаң, бірлік керек, Бірлікті ойлау үшін тірлік керек» деген аталық өсиетін біздің студенттер жүзеге асыруда. 2006 жылы ассамблея мүшелері Астана қаласында өт­кен республикалық жастар форумына қа­тысты. 2008 жылы университеттің көшбас­шы студенттерінің бірі, ассамблея мүшесі Айсят Балаева Қазақстандағы гендер­лік саясат мәселелері бойынша Елбасы Н.На­зар­баевпен болған кездесуге Қа­зақ ұлт­тық аграрлық университеті студент­тері атынан қатысу құрметіне ие болды. Ол осы кездесуде университеттің тәрбие саласындағы тәжірибесі туралы айтып берді. 2012 жылдың 27 сәуірінде Астанада өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының ХІХ сессия­сына «Достық» студенттік ассамблеясының белсенді мүшелері, уни­вер­ситетіміздің белсенді жастары – Зарина Талуенко, Зулихан Каримова, Окса­на Гефт­тің делегат ретінде қатысуы – студент­тік ассамблея қызметінің жақсы көрсет­кіші. Осы сессия жұмысы барысында біз­дің университет пен «Қазақстан халқы Ассам­блеясы» республикалық қоғам­дық қоры арасында Ынтымақтастық туралы мемо­рандумға қол қойылды. 2014 жы­лы Ассам­блея­ның кезекті сессиясының делегаты, уни­вер­ситетіміздің студенті, «Дос­тық» студент­тік ассамблеясының мүшесі Вла­дис­лав Цой елордада Н.Ә.Назар­баев­тың «Қа­зақ­стан – 2050» Стратегиясы: бейбіт­шілік, ру­ханият және келісім мәдениеті» тақы­­ры­бындағы баяндамасын талқылауға қатысты. Сессия қарсаңында біздің студенттік ассамблеяның 40 мүшесі Алматы қаласының әкімдігі ұйымдастырған Қазақстан халқы Ассамблеясы жастар этномәдени бірлес­тік­тері көшбасшыларының форумы жұмысына белсене атсалысты. Ассамблея жұмысын жандандыруда татар А.Сарафеева, белорус В.Садра, орыс Е.Молчанова, әзербайжан С.Юсупова, украин Е.Кирпиченко, корей А.Ким, ұйғыр К.Узер, тағы басқалар ерекше белсенділіктерімен көзге түсті. Осы форумда Қазақстан халқы Ассамблеясының «Жарасым» республикалық жастар қана­тын құру туралы шешім қабылданды. Тағы бір тілге тиек ете кететін жетістік ретінде университетіміздің 2012 жылы Ха­лықаралық «Русский мир» қорынан грант­тық жобасын жеңіп алғанын мақ­таныш­пен айта аламыз. Бұл конкурсқа әлемнің түкпір-түкпірінен, атап айтқанда, ТМД, Еуропа, Азия, Африка, Австралия, Америка және басқа елдерден барлығы 405 өтінім берілген болатын. Ашық конкурста университетіміздің «К диалогу культур через русский язык» гранттық жобасы жеңімпаздар қатарынан табы­лып, оны жүзеге асыру «Достық» студенттік ассам­блеясына ұсынылды. Бұл жобаны орын­дау барысында студенттер Ресейдің Қазақстандағы консулдығы тарапы­нан шығармашылық қолдауға ие болды. Жоба аясында «В мире русской куль­туры» тақырыбында олимпиада, студент­тердің шығармашылық әлеуетін арттыру мақ­са­тында орыс тіліндегі поэзиялық шығар­маларды мәнерлеп оқу конкурсы, орыс халық әндерінің байқауы ұйымдастырылды. Орыс және қазақ халықтарының дәстүрлі достығының тереңдеуіне университет ұжымы осылайша өз үлесін қосты. Студенттік ассамблея құрылған күнінен бастап, республиканың қоғамдық-мәдени өміріне, рухани тыныс-тіршілігіне белсене араласып келеді. Өткен жылы ғана ассамблея мүшелері Алматыда ұйымдастырылған «Тілдер мен мәдениеттер жәрмеңкесі» фестиваліне қатысып, айтулы табыстарға қол жеткізді. Алматы қаласының жоғары оқу орындарында оқитын түрлі ұлттар мен ұлыстардың өкілдері, «Қазақстан хал­қы Ассамблеясы» республикалық қоры, қаладағы этномәдени бірлестіктер өкіл­дерінің басын қосқан фестивальде қазақ, орыс, белорус, украин, татар, өзбек, ұйғыр, корей, чешен және т.б. тілдерде ән-жыр шырқалып, осы этностардың мәдениетімен, тарихымен, салт-дәстүрімен танысып, кеңінен насихаттау жүргізілді. Бир халые, бир ел Іс-шараға қатысқан Ресей Феде­ра­ция­сының Алматыдағы консулы, Қазақстан Республикасындағы «Россотрудничество» мекемесі басшысының орынбасары И.Переверзева ханым: «Бүгінгі Қазақстан әлемге достық пен бейбітшіліктің үлгі­сін көрсетіп келеді. Бұл ретте Қазақ ұлт­тық аграрлық университетінің жастар арасындағы патриотизм мен ұлтара­лық татулықты нығайту мақсатында атқа­рып жүрген жұмыстарына тәнтімін. Универ­ситеттің он жылдық тарихы бар «Дос­тық» студенттік ассамблеясының жүйелі жұмысы осы сөзіме дәлел бола алады», – деп лайықты бағасын берді. Әлемге Қазақстанның достығы мен ын­тымақтастығы, бірлігі мен бере­кесі жарасқан ел болып танылуына ба­рынша үлесін қосып келе жатқан универ­си­те­тіміз­дегі «Достық» студенттік ассамблея­сы 2014 жылы өзінің он жылдығын жан-жақты атап өтті. Мерейлі күнге арнал­ған әсерлі кештер, қойылымдар, кездесулер «Біз – Қазақстанның біртұтас халқымыз!», Біз – қазақстандықтармыз!» ұран­дары­мен ұйымдастырылды. Елбасы­ның: «Жастарды Ассамблеяның барлық дең­гейдегі жұмыстарына, қоғамдық келі­сімді қалыптастыру шараларына барын­ша тартқан маңызды. Ең бастысы – әкелеріміз бізге қалдырған өзара түсініс­тік, толеранттылық пен достық ұғымын балаларымызға, немерелерімізге жеткізу – біздің парызымыз. Ал осы үдеріске қатысқан жастар өзін өзі тәрбиелеп шығады», деген сөздері жастар арасында жүргізілетін осындай жұмыстардың маңыздылығын көрсетіп отыр. Сондықтан университет басшылығы студенттердің өзін өзі басқару үрдісіне, олардың шығармашылық тұрғыдан ізденуіне барынша қолайлы жағдай туғызуға ұмтылады. Бұл ретте Халықаралық және респуб­ли­калық конкурстардың лауреаты, универ­ситеттің мақтанышына айналған, студент­тік ассамблеясының «Достық» би ансам­блінің репертуарында әлем халықтарының 30-ға жуық биі мен қойылымы бар екенін ауыз толтырып айта аламыз. Ансамбль өз орындауындағы «Достық», «Шаттық», «Жауынгер», «Хорезм», «Әндіжан полькасы», «Назым», орыс, украин, өзбек, түрік, үнді, татар және т.б. билері арқылы қазақ жеріндегі әртүрлі ұлттардың дәстүрлі мәдениеті мен би өнерін дамытуға, наси­хат­тауға толассыз еңбек сіңіріп келеді. Би ұжымы 2005 жылы Ресейдің Самара қала­сында өткен жастар фестивалінің дипломанты атанса, 2007 жылы Алматы – Атырау – Астрахань – Волгоград сапарларында сәтті өнер көрсетіп, үлкен марапаттарға ие болды. Ансамбльдің 2012 жылы Түркияда өткен «Түркі әлемі» халықаралық фестивалінде жүлделі I орын иегері болуы – ұжымның ұлттар мен ұлыстар арасындағы келісім мен татулықты нығайтуға қосқан үлесіне халықаралық деңгейде берілген үлкен баға. Бұған қоса, университетіміздегі мә­де­ни шараларда өнер көрсетіп жүрген дарынды студенттеріміздің репертуары­на қазақ тіліндегі әндермен бірге орыс, қырғыз, өзбек және ағылшын тілдеріндегі әндердің енуі де татулықты ту еткен біздің университетіміздегі атқарылған жұмыс­тардың бір бөлшегі. Бұл жұмыстардың бар­лығы жастар арасында ұлттық татулық пен келісімді тәрбиелеуді күшейте беретініне сенім мол. Студенттер бұқаралық және қоғамдық саяси шараларға өз еріктерімен, оқу үдерісінен тыс уақытта ғана қатысады. Осы қағидатты ұстану білім мен тәрбиенің бірін бірі толықтыруына жеткізеді деп есептейміз. Мемлекетімізде өмір сүретін этнос­тар­дың мәдениеті мен тілін насихаттау бағытында студенттік ассамблеяның ұйым­дастыруымен әр оқу жылында «Бір шаңырақ астында» қойылымы, «Қазақстан – біздің ортақ үйіміз» кеші, «Здравствуй, Масленица!», «Сабантой» мерекелері, «Мә­дениеттер жәрмеңкесі» фестивалі сынды өнегелі іс-шаралар тұрақты түрде өтіп отырады. Бұл шараларда мыңдаған сту­дент өз өнерлерін көрсетеді. Мысалы, 2010 жылдың мамыр айында «Достық» студенттік ассамблеясы университеттің 80 жылдығына орай «Наурыз бен Масленица» ертегі-спектаклін сахналады. Мұндағы басты идея – әртүрлі ұлттың салт-дәстүрі мен дініне қарамастан өзара тату болуының маңызын және этносаралық достастықты насихаттау. Елбасының үш тұғырлы тіл тұжы­рым­дамасына негізделген тілдер саясатын жүзеге асыру мақсатында «Достық» ассамблеясы Қазақстан халқы тілдері мерекесін жыл сайын «Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте!», «В семье еди­ной», «Тілдер керуені» сияқты іс-шара­лар­мен мазмұнды түрде атап өтеді. Бүгін­де бірнеше тілді жетік меңгерген студенттер мен магистранттарымыз әлемнің ондаған озық университеттерінде білім­дерін жетілдіруде. Студенттік ассамблея мүшелері – университетіміздің талантты жас­тары қалалық, аудандық деңгейдегі әртүрлі байқауларға қатысып, белсенділік танытып келеді. 2008 жылы Е.Каэль есімді студентіміз «Қазақстан» арнасы ұйымдастырған «Тіл – татулық тірегі» байқауында жеңімпаз атанып, мемлекеттік тілге деген ерекше ықыласын көрсете білді. 2013 жылы Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университеті базасында ұйымдастырылған «Язык как исповедь народа» конкурсында ассамблея мүшелерінен құрылған команда бас жүлдені жеңіп алды. 2014 жылы Алматы қаласы бойынша өткен «Тіл – парасат» байқауында қазақ тілін же­тік меңгерген инженерлік факультеттің студенті, ассамблеяның белді мүшесі М.Те­няков жүлделі 3-орынға ие болып, университет мерейін үстем етті. Қазіргі кезеңде уни­верситет студенттерінің барлығы дерлік мемлекеттік тілді білетіндігін мақта­ныш­пен айта аламын. «Достық» студенттік ассамблеясы Алматы қаласындағы жоғары оқу орын­дарымен және жастар ұйымдарымен тығыз байланыс орнатқан. 2013 жылы әл-Фа­раби атындағы Қазақ ұлттық универ­ситетімен бірлесе өткізген «Ярмарка культур» әдеби кеші, 2014 жылы 16 қараша – Халықаралық толеранттылық күніне арналған Қазақстан менеджмент, экономика және болжау институты және Халықаралық бизнес университеті студенттерінің қаты­суымен ұйымдастырылған «Мы разные, мы вместе» іс-шарасы, «Қазақстан халқы Ассамблеясы – қазақстандық қоғамның келісім тірегі» тақырыбында Алматы қала­сы қоғамдық этномәдени бірлестіктері өкіл­дерімен кездесу кештері – осындай достық қарым-қатынастың, іргелі байла­ныс­тың нәтижесі. Университет базасын­да өткізілген «Менің Отаным – Қазақ­стан» жастар акциясы, «ХХІ ғасырдың тұлғасын тәрбиелеу: ҚазҰАУ тәжірибесі», «О.Сүлейменов тұлғасы арқылы жастарды тәрбиелеу үлгісі» республикалық форумдары, «Қазақстандық қоғамда этносаралық қарым-қатынастарды үйлестіру» форумы, «Жастарды рухани-адамгершілік тәр­бие­леу мәселелері» тақырыбындағы семинар және тағы басқа көптеген іс-шаралар рес­публикадағы басқа да жоғары оқу орындарымен тәжірибе алмасуға мүмкіндік берді. Ассамблея Елбасы Нұрсұлтан Назар­баев­тың еңбектерін, жыл сайынғы Жолдау­ларын талқылау мен насихаттау жұмысын жүргізе отырып, жастарды мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық жүйесін жетіл­діру іс-шараларына белсенді қатысуға, оларды инновациялық зерттеулермен, ғылыми жобалармен айналысуға бағыттап отырады. Дәстүрлі Жолдауларды талқылау қызу өтеді, себебі, Президентіміздің әрбір сөзін шын жүрекпен сезіне отырып, студент жастар ортақ үйіміз – Қазақстанды ата-бабаларымыздың сан жылдар бойы асыл арманы болған «Мәңгілік Елге» айналдыру жолында татулықтың қаншалықты қажет екенін түсінеді. Ұлттар арасындағы достықты берік ету, қоғамымыздағы толеранттылықты арттыру жолындағы университет ұжымының, «Достық» студенттік ассамблеясының жылдар бойы атқарған жүйелі жұмысы еленбей қалған жоқ. 2014 жылдың жел­тоқсан айында ұлтаралық келісімді нығайтып, халықтар достығы мен бірлігін жандандыру ісіне ел жастарын жұмылдыру бағытында атқарған қызметім үшін Елбасы Жарлығымен «Бірлік» алтын медалімен марапатталдым. Бұл үлкен мәртебені университет басшысы ретінде тек маған емес, сонымен бірге, «Достық» студенттік ассамблеясының төңірегіне ұйысқан, бірлігі жарасқан студент жастарымызға берілген ортақ баға деп білемін. Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары Ералы Тоғжанов Елбасы атынан мемлекеттік наградаларды тапсырып тұрып, еліміздегі әлеуметтік-экономикалық жетістіктер ұлттар арасындағы татулық пен сындарлы келісім нәтижесінде мүмкін болып отырғандығын ерекше атап өтті. 2015 жылдың Қазақстан халқы Ассам­блеясының жылы аталуы республикадағы жоғары оқу орындары ішінде алғаш ашылған студенттік ассамблеясы бар Қазақ ұлттық аграрлық университетіне көп міндеттер жүктейді. Тәрбие мен білім беру үрдістерін тең ұстай отыра, универси­тет еліміздің болашағы саналатын жаңа буынды қалыптастыру жолында тың жұ­мыстарды атқаруды жоспарлап отыр. Оқу үдерісіне Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың өмірі мен қызметі туралы арнаулы курстар енгізуді жоспарлау студенттерге еліміздің Тұңғыш Президенті жасаған қазақстандық жолдың ерекшелігін, идеологиясы мен философиясын түсіндіру, елде жүргізіліп отырған реформалар саясатының логикасы мен эволюциясын ұғындыру қажеттілігінен туындайды. Келешек ауылдың зиялы қауымының негізін құрайтын университет студенттері өз елінің патриоты, азаматтық ұстанымы қалыптасқан, береке мен бірлікті ту еткен толерантты маман болып шығып жатса, онда біздің еңбегіміздің зая кетпегендігі деп білеміз. Тілектес ЕСПОЛОВ, Қазақ ұлттық аграрлық университетінің ректоры, Ұлттық ғылым академиясының вице-президенті, академик. Алматы.  
Соңғы жаңалықтар

Кітап апталығы басталды

Руханият • Бүгін, 09:25