Саясат • 03 Маусым, 2024

ҰҚШҰ парламентшілері Алматыда отырыс өткізді

49 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов бастаған Парламент делегациясы Алматыда Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының Парламенттік Ассамблеясы Кеңесінің отырысына қатысты, деп хабарлайды Egemen.kz Мәжілістің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

ҰҚШҰ парламентшілері Алматыда отырыс өткізді

Фото: Ж.Жұмабеков

Ерлан Қошанов жиынға қатысушыларға 2024 жылы Қазақстанның Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына  төрағалығы кезіндегі басымдықтарының жүзеге асу барысы туралы ақпарат берді,

«Біз бейбітшілікті, халықаралық және өңірлік қауіпсіздік пен тұрақтылықты нығайту, мүше мемлекеттердің тәуелсіздігін, аумақтық тұтастығы мен егемендігін қорғау ісінде Ұйымымыздың әлеуетін дамытуға баса назар аудардық. Қазақстан Президенті – ҰҚШҰ Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің төрағасы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев осы бағыттарды іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарын бекітті. Бұл құжат қажетті модельдік заңдар мен ұсыныстарды әзірлеу үшін біздің парламенттеріміздің де үйлесімді іс-әрекетін қамтиды», деді Мәжіліс спикері.

Ерлан Қошанов терроризм мен экстремизмге, ақпараттық технологиялар мен есірткі бизнесі саласындағы қылмыстарға қарсы күреске бағытталған ұйымға мүше елдердің аумағындағы бірқатар іс-шараны атап өтті. Мәжіліс төрағасы төтенше жағдайлардың алдын алу және зардаптарын жою мәселелері бойынша ынтымақтастықты тереңдетуге ерекше мән беріліп отырғанын айтты. Сонымен қатар жиынға қатысушылар әлемдегі жалпы геосаяси жағдайды талқылап, Таяу Шығыстағы ахуал ерекше алаңдаушылық туғызатынын атап өтті. Мәжіліс спикері халықаралық қоғамдастық Ауғанстандағы күрделі гуманитарлық жағдайды да ұмытпауы керектігіне назар аударды.

«Парламентаралық деңгейдегі сындарлы жұмысымыздың аясында біз осы мәселелерге үнемі ерекше назар аударамыз. Қазіргі қауіп-қатерлерге қарсы тұру үшін заңнамалық базаны қамтамасыз ету мақсатымен елдеріміздің парламенттері арасындағы белсенді ықпалдастықты жалғастыру маңызды деп санаймын», деді Ерлан Қошанов.

Кездесуге Қазақстан тарапымен қатар Ресей Федерациясы Мемлекеттік Думасының төрағасы Вячеслав Володин, Беларусь Республикасының Ұлттық жиналысы Өкілдер Палатасының төрағасы Игорь Сергеенко, Қырғызстанның Жогорку Кенеш төрағасы Нурланбек Шакиев және Тәжікстан Республикасы Маджлиси Оли Маджлиси милли төрағасы Рустами Эмомали бастаған делегациялар мен ҰҚШҰ Бас хатшысы Иманғали Тасмағамбетов, ҰҚШҰ ПА Атқарушы хатшысы Сергей Поспелов қатысты.