Кештің басты жекпе-жегінде 63,5 кг салмақ дәрежесіндегі Виктор Коточигов пен Мирас Ертанов күш сынасты. Бұл бәсекенің фавориті Коточигов еді. Өйткені оның қарсыласына қарағанда тәжірибесі әлдеқайда зор. Тараздық боксшы 16 кездесу өткізіп, оның 14-інде жеңіске жетті. Бес бәсекелесін айқын басымдықпен жеңді. Виктор Қазақстаннан бөлек, Қытай, Ресей, Германия, Грузия, БАӘ, Польша және Англияда өнер көрсетті. Ал Ертанов та оның бірі де жоқ. Оның рекорды – 6 кездесу, 5 жеңіс, 1 жеңіліс. Десек те азулы қарсыласымен еш қаймықпай айқасқан Мирас бұл бәсекеде өте сауатты жұдырықтасып, ұпай санымен басым түсті. Сөйтіп, Гран-при сайысының финалына жолдама алды. Ақтық сында Мирастың кіммен жұдырықтасатыны аталған промоушеннің келесі жарысында анықталады. Гран-придің қорытындысы бойынша жеңімпаз атанған боксшыға 3 миллион теңге көлемінде сыйақы беріледі.
Алматыдағы турнирде жанкүйерлер тағы бірнеше қызықты жекпе-жектің куәсі болды. Мәселен, жастар арасындағы әлем чемпионы Балауса Мұздиманға (53,5 кг) үндістандық Моника Сингхты ұрып жығу үшін небәрі 43 секунд жеткілікті болды. Сағатбек Мұсахановтың шәкірті қарсыласын бүйірден ұрып құлатты. Әлем чемпионаты мен Азия ойындарына қатысушы, құрлық біріншілігінің қола жүлдегері Санатәлі Төлтаев (63,5 кг) Дмитрий Хасиевті оңдырмай сабады. Төреші жекпе-жекті үшінші раундта тоқтатты. Санатәлінің сыңары Саматәлі (61,2 кг) тәжікстандық Елшібек Низовмамадовты ұпай санымен ұтты. Әйгілі бапкер Нұрлан Ақүрпековтен тәлім-тәрбие алған Нұрсұлтан Аманжоловтың (+90,7 кг) қарсыласы өзбек- стандық Мұхиддин Рабжапбаев үшінші раундтан кейін бәсекені жалғастырудан бас тартты. Былтыр Азиадада күш сынасқан Ертуған Зейнуллинов (63,5 кг) Үнді елінен келген Батхи Сингхты алтыншы раундта айқын басымдықпен жеңді.