Сауалнама нәтижесі бойынша балалардың кітапханаларға деген қызығушылығы артып келеді. Олар әсіресе фантастика, комикстер мен көркем әдебиет оқығанды ұнатады.
Ең көп оқылатын Бердібек Соқпақбаевтың «Балалық шаққа саяхат», «Менің атым Қожа», Сайын Мұратбековтің «Жабайлы алма», Жоан Роулиңнің «Хәрри Поттер», Марк Твеннің «Том Сойер» шығармалары болды.
Одан бөлек Баянғали Әлімжанов, Толымбек Әбдірайым, Зира Наурызбаева, Серікбол Хасан, Зауре Төрехан, басқа да авторлардың туындыларын жеткіншектер қызығушылықпен оқыған.
Балалар сүйіп оқитын басылымның бірі – комикстер. Жас оқырмандар Ұларбек Нұрғалымұлының «Ілияс пен Заңғардың планшеті», Оразхан Жақыптың «Еркетай», Ілияс Юсуфтың «Керей мен Жәнібек» шығармаларын, сондай-ақ Майк Барфилдтің «Комикстегі әлем тарихы», «Комикстегі жаратылыстану» аудармасын ұнатады.
Ертегілерге келсек, «Қазақ және әлем халқының ертегілері», «Авторлық ертегілер», «Алатау ертегілері» «Таңдаулы ертегілер», Чарльз Перро мен Ағайынды Гриммдердің ертегілері көп сұралады екен.
Ал бала оқырманы көп өңірлердің көш басында Түркістан облысы тұр. Аталған өңірде 248 299 оқырман (14,3 пайыз) бар. Жамбыл облысында 110 598 (6,4 пайыз), Қарағанды облысында 105 259 (6,1 пайыз) оқырман кітап оқиды.
Айта кетейік, еліміздегі балалар кітапханаларының қызметі баланы тәрбиелеуге, білім беруге, ақпараттандыруға, тұлғалық дамытуға бағытталған.