Суреттерді түсірген – автор
Ғасыр басында әдебиетке келген ақын-жазушылардың барлығы да азаттық таңының дүбірімен оянғандар еді. Солардың ішінде Ертіс-Баян жерінде дүниеге келген Жүсіпбек Аймауытұлы, Қошке Кемеңгерұлы, Жұмат Шанин, Сұлтанмахмұт Торайғырұлы, Сәбит Дөнентаев, Иса Байзақов, Дихан Әбілев тағы басқа көрнекті тұлғаларды ерекше атап өтуге болады.
Осы кезеңдегі ұлт әдебиетін көркемдік-эстетикалық тұрғыдан байыта түскен шығарманың бірі – аға ұрпақ жата-жастана оқыған «Қартқожа» романы. Бұқар жырау атындағы Павлодар облыстық әдебиет және өнер музейінде бұл кітаптың түпнұсқасы сақтаулы тұр.
– Музей қорындағы Жүсіпбек Аймауытұлының «Қартқожа» романының түпнұсқасы – құнды жәдігердің бірі. 1926 жылы Қызылорда қаласынан, араб графикасында жарық көрген. Шығарма тарихтың тұтас бір кезеңін, шындығын жұмсартпай, шынайы, кең тұрғыда суреттей алуымен бағалы. Жалпы кітаптың түпнұсқасы жаман сақталмаған. Романдағы бас кейіпкер Қартқожаның прототипі – Қартқожа Тоғанбаевтың туысқандары үйінде ұзақ жылдар сақтап келген. Кейін музей қызметкері Мәруан Хамитова апайымыз сұрап жүріп, 2004 жылы қорға алдырды,-дейді мекемедегі қор сақтаушы Әлия Саматова.
Кітапты келешекте реставрациядан өткізу жоспарланып отыр.
Павлодар облысы