Саясат • 04 Маусым, 2024

Бірлесе атқарар жоба көп

82 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров Азия даму банкі (АДБ) Орталық және Батыс Азия департаментінің бас директоры Евгений Жуковпен және Қазақстандағы АДБ өкілдігінің директоры Утсав Кумармен кездесу өткізді.

Бірлесе атқарар жоба көп

Фото: primeminister.kz

Тараптар Қазақстан мен АДБ-ның 2023-2027 жылдарға арналған Елдік әріптестік стратегиясы аясында одан әрі ынтымақтастықтың басымдықтарын, сондай-ақ өңірлік күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді талқылады.

Нұрлан Байбазаровтың айтуынша, Қазақстан АДБ-мен өзара әрекет­тес­тікті одан әрі кеңейтуге дайын.

«Еліміз энергетика, «жасыл» экономика, көлік және логистика, су ресурстарын басқару салаларындағы бірлескен жобаларды іске асыруға мүдделі. Отандық сарапшылар қатысатын тәжірибе мен білім алмасу бағдарламалары да біз үшін маңызды», деді Н.Байбазаров.

Евгений Жуков Азия даму банкі инвестиция арқылы елдің экономикалық дамуына қолдау көрсетіп, мемлекет-жекеменшік әріптестікті ілгерілету әрі сараптама ұсына отырып, негізгі серіктес ретінде Қазақстанмен 30 жыл бойы ынтымақтаса келе жатқанын айтты. Ұйымның негізгі және басым бағыттардың бірі – климат­тың өзгеруінің салдарымен және ­декарбонизациямен күресте қолдау көрсету.

Кездесу барысында Қарағанды көпсалалы университет аурухана­сының құрылысы бойынша жүзеге асыр­ылып жатқан жобаның ағым­дағы жағдайы, сондай-ақ АДБ-ның «Қызылорда-Жезқазған» жолын қайта жаңғыртуға қатысу мәселесі талқыланды.

Нұрлан Байбазаров мемлекеттік органдарға жобаларды тиімді іске асыру үшін мемлекетішілік рәсімдерді жеделдетуді, сонымен қатар Су ресурстары және ирригация министрлігіне елдің су инфрақұрылымын жаңғырту үдерісіне АДБ-ның қатысу мүм­кін­дігін талқылауды тапсырды.