Сенат • 04 Маусым, 2024

Сенатта аграрлық ғылымды дамытудың келешегі талқыланды

58 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Сенаттың Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің депутаттары Ғылым және жоғары білім министрлігінің басшылығымен кездесіп, аграрлық ғылымды дамыту және оны жеткілікті қаржыландыру мәселесін талқылады, деп хабарлайды Egemen.kz Сенаттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Сенатта аграрлық ғылымды дамытудың келешегі талқыланды

Фото: А.Байжұманов

Комитет төрағасы Әли Бектаев өз сөзінде Мемлекет басшысы Жолдауында ауыл шаруашылығын нығайту мәселесіне ерекше назар аударылғанын атап өтті. Сондай-ақ қазіргі кезде ауыл шаруашылығының одан әрі өсіп-өркендеуі жоғары технологиялық ғылымның қолдауына мұқтаж екені айтылды. Президенттің сонымен қатар Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығын агротехнологиялық хабқа айналдыру міндетін қойғаны аталды.

«Аталған орталықты толыққанды трансформациялау және оны зерттеу ісінің барлық кезеңі қамтылатын Агротехнологиялық хабқа айналдыру үшін заңнамалық өзгерістер қажет. Орталықтың негізгі міндетінің бірі – еліміздің агроөнеркәсіп кешенінің инновациялық дамуын қолдау және оның ғылыми негіздемесін жасау болып табылады. Сондықтан бұл орталық пен ғылыми ұйымдардың жағдайын елемеуге болмайды», деді Әли Бектаев.

«Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығы» КеАҚ өкілі өз кезегінде аграрлық ғылымды қаржыландыру мәселесі туралы сенаторларға айтып берді. ҰАҒБО агроөнеркәсіп кешенін дамытудың мемлекеттік саясатын іске асыру жөніндегі 230-дан астам функцияны орындап келеді. Алайда, ол еншілес ұйымдардың дивидендтері есебінен қаржыландырылады, дегенмен бұл ахуал ҰАҒБО-ның ұзақ мерзімді дамуына жеткіліксіз әрі тұрақсыз болып табылады және қаржы жағдайын қиындатады. Егер шұғыл түрде алдын алу шаралары қабылданбаса, онда орталыққа ҰАҒБО құрылымын оңтайландыру жөнінде шаралар қабылдауға тура келеді және оның салдары әлеуметтік дүмпу туғызуға және Мемлекет басшысы тапсырмасының орындау мерзімінің кешігуіне әкеп соқтырады.

Шараға сонымен қатар ауыл шаруашылығы және қаржы министрліктерінің өкілдері қатысты.