Құқық • 05 Маусым, 2024

Жұмыла күресу – тиімді тәсіл

40 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Есірткі қылмысын бақылайтын алғашқы digital-карта іске қосылды. Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен дарынды жастармен бірге әзірленген жоба әзірге қанатқақты режімде елорда аумағында тестіленеді. Бұл жобаға кез келген белсенді азамат қатыса алады.

Жұмыла күресу – тиімді тәсіл

Фото: kazislam.kz

Бүгінде есірткімен күрес мемлекет ұстанған бағыттың бір тармағына телінсе де, есті адамды есіртіп-еліртетін дүниеге деген құмарлық тыйылар емес. Бұл әлдекімдер үшін бір сәттік ләззаттың көзі болса, енді біреулер үшін көлеңкелі бизнеске айналып кеткен. Кейінгі бес жылда есірткі қылмыстары бойынша 19 мыңға жуық адам жауапқа тартылған. Осы орайда былтыр «Astana Hub» және «Жастар рухы» жастар қанаты «Amanat Tech» хакатонын ұйымдастырды. Онда еліміздегі өзекті проблемаларды креативті жолмен шешуге ұмтылған дарынды жастар өз жобаларын ұсынды. Арасынан Назарбаев зияткерлік мектебі оқушыларынан құралған «Shalqyma» командасы жүлделі орынға ие болды. Олар нақты уақыттағы есірткі қылмысын бақылау картасы идеясымен топ жарды. Бастаманы «Esbol qory» қолдап, сандық карта іске қосылды.

– Интернет беттерін ашсақ, есірткі сатушылар ұсталғаны туралы ақпарат қаптап жүр. Қала берді әлеуметтік же­лілерде парақтасақ, есірткі қойып кетушілердің бейнежазбасы да толып тұр. Сондықтан есірткімен байланыс­ты қылмыс атаулының жолын кесумен қатар, оның алдын алу мә­селесі басты назарда. Біз Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «На­шақорлық пен есірткі қылмысымен күрес жалпыұлттық сипат алу керек» деген қағидатына сай жұмыс істеп жатырмыз. Бұл картаның іске қосылуы – барлық есірткі саудагерлеріне үрей тудыратынына сенімдімін. Өйткені еsbol.kz сайтында карта нақты уақыт режі­мін­де жаңартылып отырады. Кез келген белсенді азамат есірткі қылмысының белгілерін байқаса, бірден жүктей алады. Карта Астана қаласында сәтті жүзеге асып, нақты нәтижелер көрсетсе, республиканың әр өңірінде енгізіл­мек­ші, – деді «Esbol qory»-ның төрағасы ­Жандос Ақтаев.