WTA тізімінде 19-сатыға жайғасқан Свитолинаға сан соқтыру Рыбакинаға еш қиындық туғызған жоқ. Осыдан бірер жыл бұрын ғана US open (2019 жылы) мен Уимблдонның (2019, 2023) жартылай финалында ойнап, WTA турнирлерінде 18 мәрте топ жарған әйгілі украиналық ойыншы жерлесімізге жарытып қарсылық та көрсете алмады. Небәрі 1 сағат 10 минутке созылған сайыс 6:4, 6:3 есебімен аяқталды.
Ширек финалда Елена Рыбакина Жасмин Паолинимен кездеседі.
28 жастағы Италия теннисшісі бұл күндері үздіктер рейтингінде 15-орынды иеленген. Былтырғы «Ролан Гарроста» ол дәл осы межеде сүрінген еді. Биыл Паолини аустралиялық Дарья Савилл, америкалық Хейли Баптист, канадалық Бьянка Андреску және ресейлік Элина Аванисяннан айласын асырды. Бұған дейін екеуі үш мәрте күш сынасты. Екі ретінде Елена басым түссе, бір рет Жасмин жеңіске жетті. Сондай-ақ биылғы жылдың ақпан айында олар Дубайдағы доданың ширек финалында кездесуге тиіс еді. Алайда денсаулығы сыр беруіне байланысты отандасымыз кортқа шықпады.