16 Қаңтар, 2015

Қостанайда жасотандықтар соғыс ардагерлеріне көмекке барды

461 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
imageҚОСТАНАЙ. 16 қаңтар. «Нұр Отан» партиясы Қостанай обылстық филиалы «Жас Отан» жастар қанатының еріктілері бораннан кейін ардагерлер үйін қардан тазартуға барды. Бұл туралы egemen.kz хабарлады. «Жастар - Отанға!» партия жобасы аясында ардагерлерге қамқорлық көрсетіп келе жатқан еріктілер Федор Павлович Мельников қарияның ауласын қардан тазалады. Үріп жауған қар үйін көміп қалған қарт үшін бұл күтпеген сый болды. Өйткені ауланы қардан тазалау 91 жастағы кісі үшін өте ауыр жұмыс еді. Онымен бірге тұратын жұбайы да, қызы да жастардың бұл көмегіне шексіз ризашылық білдірді. Ал медициналық колледждің студенттері ардагердің денсаулығын тексерді. Федор Мельников 1943 жылы 17 жасында Қызыл әскер қатарына шақырылып, екінші Украина майданында соғысты. Соғыстан кейін 1947 жылы Қорған облысынан Қостанай облысы Мендіқара ауданының Қаратал ауылына қоныс аударған. Сол уақытта тракторшы-механизатор болып еңбек етті. 1981 жылы зейнетке шығып, Қостанай қаласына көшіп келді. Ұлы Отан соғысының ардагері Федор Мельников: «Мен Харьков жанындағы Чугун қаласын азат етуге қатысып, Днепр өзеніне дейін жеттім. Сұрапыл ұрыста жараланып, госпитальға түстім. «Украинаны азат еткені үшін», «Ерлігі үшін» және тағы басқа медальдерім бар. Сол сұрапыл кезді еске алғым келмейді. Әрдайым жер бетінде бейбітшілік пен тыныштық болсын деп тілеймін», – дейді. Медициналық колледж студенттері қарияның денсаулығын қарап, қан қысымын, қандағы холестерин мөлшерін тексерді. Жасотандықтар әрдайым қарттарға, Ұлы Отан соғысының және тыл ардагерлеріне көңіл бөліп келеді. Олар қарттарды құрметтеп, ұрпақтар арасындағы сабақтастықты жалғауды әдетке айналдырған. «Жас Отан» жастар қанатының жоба үйлестірушісі Мәулен Ордабаев: «Бүгін «Жастар – Отанға!» жобасы аясында Қостанай облысы бойынша барлық аудан мен қалаларда еріктілер ардагерлерге қар тазалауға көмектесуде. Бұл шара қыстың соңына дейін жалғасады. Біз апта сайын оларға хабарласып, хал-жағдайларын біліп тұрамыз», – дейді. Нәзира Жәрімбетова. Дерек, сурет: egemen.kz.