Фото: aikyn.kz
Ерлан Қарин мақаласында Қазақстандағы реформалық өзгерістердің ел өркендеуі жолындағы ықпалын саралаған. Ол мемлекеттің мызғымас тұғырын қалыптастыруда ескішілдік пен өркениетті даму жолы ешқашан бір арнаға тоғыспайтынын атап өтеді.
«2022 жылы қоғам өкілдерінің ұсынысымен Мәжіліс және мәслихат депутаттарын аралас сайлау жүйесі енгізілді. Өкінішке қарай, іс жүзінде бір мандатты округтердің кейбіреуінде оң үрдіспен қатар жағымсыз жайттар да болды. Ашығын айтсақ, бірқатар округте бағдарламалар мен идеяларға негізделген еркін бәсеке түріндегі саяси күреске куә бола алмадық. Онда алдымен рушылдыққа жол берілді. Тіпті кейбір жерде қылмыстық топтар билікке енуге де әрекет жасады», деп кей бастамалардың көлеңкелі тұстарын да ашық талқы таразысына салды.
Мемлекеттік кеңесші мақаласында жаңа қоғамдық этика қалыптастырудың маңызына тоқталады.
«Жаңа саяси мәдениет қалыптастырмай, жасампаз құндылықтар негізінде қоғамдық этиканы жаңартпай, әділетті қоғам құру мүмкін емес екені айдан анық», деп жазды Ерлан Қарин.
Ол мақаласында аталған идеяны жүзеге асыру шеңберінде мемлекеттік мінберде атқарылып жатқан жұмыстарды да баяндады.
«Ұлттық құрылтайдағы бастамаларды жүзеге асыру үшін 40 тармақтан тұратын кешенді жоспар бекітілді. Осы құжаттың аясында жыл соңына дейін 9 заң қабылдау жоспарланған. Қазірдің өзінде оның үшеуін Парламент мақұлдап, Президент қол қойды. Жақында «Заңсыз ойын бизнесіне және лудоманияға қарсы іс-қимыл жөніндегі кешенді жоспар» бекітіледі. Сондай-ақ басқа да тұжырымдамалық құжаттар әзірлеп, нақты жобалар мен іс-шараларды жүзеге асыру қарастырылған.
Жалпыұлттық құндылықтарды әдістемелік тұрғыда негіздей отырып, жан-жақты дәріптеудің әдеттегі жалаң үгіт-насихаттан айырмашылығы – бұл тәсіл бірден нәтиже бермесе де, стратегиялық жағынан алғанда әлдеқайда тиімді. Жаңа құндылықтар жүйесі әр азаматтың мінез-құлқы мен күнделікті іс-әрекеті арқылы қалыптасуы керек. Сол себепті, билік «Таза Қазақстан» экологиялық акциясына баса мән беріп отыр», деп жазды Мемлекеттік кеңесші.
Ерлан Қариннің ел дамуы жолында түйіндеген өзге де тұжырымдарын мына жерден оқи аласыздар.