Қоғам • 05 Маусым, 2024

Жаңа идеологиялық тұғырнама басты бес тұжырымға негізделген

393 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қазақстанның Мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Қариннің «Egemen Qazaqstan» газетінде «Бірлік пен даму: Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың саяси бағдарының басты негіздері» мақаласы жарияланды. Аталған мақаланың «Жаңа идеологиялық тұғырнама» тақырыпшасында Президенттің 2019 жылдан бері дәйекті түрде жүргізіп келе жатқан, идеологиялық сипаты «Әділетті Қазақстан» тұжырымдамасында көрініс тапқан саясаты басты бес тұжырымға негізделгенін, Президент оның әрқайсысын әртүрлі кезеңде ұсынып, саяси өмірге біртіндеп енгізіп келе жатқанына тоқталды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Жаңа идеологиялық тұғырнама басты бес тұжырымға негізделген

Фото: Юрий Беккер

Ерлан Қариннің жазуынша «Әртүрлі пікір – біртұтас ұлт» атты алғашқы тұжырым «Әділдік және Әділетті Қазақстан дегеніміз не?» деген сауалға жауап береді. Әділетті Қазақстанды құру жолында теңқұқылық қағидаты өте маңызды. «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» атты екінші тұжырым «әділдік ҚАЛАЙ орнайды?» деген сауалға «ел-жұртпен тығыз байланыс­та болып, олардың мұң-мұқтажын тыңдай білу арқылы орнығады» деп жауап бе­ру­­ге негізделген. Тұжырымдама елімізді дамытуға қа­тысты басты мәселелер бойын­ша қоғамның барлық өкілінің пікірін ескере отырып, байыпты әрі ортақ шешім қабылданатынын аңғар­тады. «Халық үніне құлақ асатын мемлекеттің» жарқын мысалы ре­тінде Конституцияға өзгерістер ен­гізу үшін өткізілген референдумды ай­туға болады.

«Үшінші тұжырым – «Заң және тәртіп» әділдік орнатудың әдіс-тәсілдерін айқындайды, яғни «Әділдікті қандай жолмен орнатамыз?» деген сауалға жауап береді. Заңды мүлтіксіз сақтау, баршаның заң алдында тең болуы, ең бастысы заң бұзған адамның қалайда жазасын алуы – қоғамда әділдікті орнықтырудың басты шарты. Осының бәрін іс жүзінде орындау өте маңызды. Бұл, әсіресе, тұрмыстық-отбасылық зорлық-зомбылыққа, жемқорлыққа қарсы күреске қатысты оқиғалардан айқын көрінеді», дейді автор.

«Төртінші тұжырым – «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» Әділетті Қазақстанның институционалдық ауқымын айқындайды, яғни «Әді­летті Қазақстан» қандай болуы керек?» деген сұраққа жауап береді. 2019–2021 жылдардағы саяси ре­фор­малардың төрт топтамасы және 2022 жылғы саяси жаңғыру бағдарламасы осы тұжырымды нақты жүзеге асы­руға арналды. Соның нәти­жесінде билік тармақтары арасын­да тиімді тепе-теңдік жүйесі бар мем­лекеттік құрылымның жаңа институционалдық үлгісі қалып­тасты», деп жазған.

Мемлекеттік кеңесшінің жазуынша бесінші тұжырым – «Адал азамат» ұғымы «Әділетті Қазақстанды КІМ қалыптастырады?» деген сауалға жауап бере отырып, ел-жұртымыздың рухани-адами келбеті болашақта қандай болатынын және азаматтық қоғам қалай дамитынын көрсетеді. Идеологиялық тұғырнама туралы айтқанда мына мәселеге назар аударған жөн. Бұл – қандай да бір қатып қалған қағидаларды үгіт-насихат арқылы жасанды түрде жаппай санаға сіңіру емес, керісінше, біздің қоғамның рухани бірлігін нығайта түсетін шынайы құндылықтарды дәріптеу деген сөз.

«Жалпы, Мемлекет басшысы ұсынған идеологиялық тұғырнама елі­мізді одан әрі жан-жақты жаң­ғыр­ту­ға қатысы бар салалардың бәріне тың серпін береді», деп түйіндейді Ерлан Қарин.