Аймақтар • 06 Маусым, 2024

Нұра да жаңа баспанадан үмітті

92 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Сәуірдің басында Торғай өзенінің күрт тасуынан Нұра, Белшер, Мамыр ауылдарының үйлері түгел су астында қалды. Нұра ауылында 100-ден астам, Мамырда 25 үй, Белшерде төрт үй суға кетсе, көктемде қаншама малды тосыннан келген топан су ағызып кетті. Тұрғындар тікұшақпен Ырғыз елді мекеніндегі үш мектепте ашылған эвакуациялық орталыққа орналастырылды. Содан бері әлі эвакуациялық орталықта тұрып жатқандар бар.

Нұра да жаңа баспанадан үмітті

«Нұра – берекелі ауыл. Біз төрт түлік өсіріп, бақша салып, өз еңбегімізбен күн көріп отырған жандармыз. Ата-бабамыздың қонысын тастап ешқайда кетпейміз. Ауылымызды сақтап қалғымыз келгенімен, мектебі болмаса, жұрт баласын оқыту үшін жан-жаққа көшіп кетеді. Әсіресе жастар тұрмайды. Міне, жаз басталды. Бірақ құрылыстың қазығы қағылып жатқан жоқ. Үйіміз қашан салынып бітеді? Осыған алаңдаулымыз. Біздің ауылға жаңа мектеп керек. Бұрын салынған жаңа мектебіміз сәуірден бері су ортасында тұр. Ол енді пайдаға аспайтын құрылыс. Ауылдың сыртындағы биіктеу дөңдегі Сарыобада жаңа баспаналар тұрғызылады деп айтылып жатыр. Нұраның жұрты да осы жерді қалап отыр. Бұл жерге қанша үй салынатынын нақты көрсетіп, тұрғындарға есеп берсе дейміз», дейді Ырғыз ауданы Нұра елді мекенінің тұрғыны Қайрат Айжарқынұлы.

Эвакуациялық орталықта тұрып жатқан үш ауылдың тұрғындары Нұра ауылының қыр бетіндегі Сарыобада салынатын болса, құжат жүзінде шешім шығарып, жерімізді нақты белгілесе, Мамыр ауы­лына бөгет салынса деген өтініш талабын айтып отыр. Онымен қоса жұрт жаңа үйлердің газ қондырғысымен жабдықталғанын сұрайды. Өйткені онсыз да үйсіз қалып, дүние-мүлкінен айрылған жұрт қыстай көмір мен отын іздеп тағы әуреленеді. Оларға газбен жылытылатын үйлерде тұру ыңғайлы», деген Нұра ауылының тұрғыны, үйі суға кеткен Қ.Айжарқынұлының сауалымен Ырғыз ауданының әкімі Нұрлан Қызбергеновке хабарластық. Аудан басшысы үйлері су астында қалған Нұра, Мамыр, Белшер елді мекенінің тұрғындары үшін Ырғыз ауда­нының орталығында жаңа үй құрылысы салына бастағанын айтты. Нұра ауылының қа­сын­дағы Сарыобада жер бел­гі­леніп, жақын аралықта құ­ры­лыс бас­талатынын хабарлады. Сондай-ақ үйлері суға кеткен аудан тұрғындарына біржолғы әлеуметтік төлемдер толық төленіпті.

Облыс әкімі баспасөз қыз­метінің жетекшісі Гүлбағда Көбееваның хабарлауын­ша, Ырғыз ауданының орта­лығындағы эвакуациялық орталықта әлі күнге дейін адам­дар тұрып жатыр. Өйт­кені тасқын судың беті әлі қайтпағандықтан, Нұрада су басқан үйлерді бағалау мүмкін болмай тұр. Ал Ырғыз ауданы бойынша үйлері суға кеткен адамдарға біржолғы әлеуметтік төлемдер, мал шығыны төлем­дері берілді. Үйлерді бағалау жұмыстары су қайтқан соң басталмақшы.

Маусым айы туса да, Тор­ғай­дың суы әлі қайтқан жоқ. Тұр­ғындар көктемде су бұзып кеткен «Нұра-Ырғыз» тасжолымен қазір ауыр жүк көліктері өте алмай жатқандығын, оны көтеруге облыс орталығынан қосымша техника жеткізілуін сұрайды.

 

 Ақтөбе облысы