Фото: pixabay.com
Ал «Судьяға пара бермесең, мәселең дұрыс шешілмейді» деп жауапкер түгіл талапкерді де қылмысқа итермелеп, аңқау жұртты алдап-арбап, шынтуайтында, бас пайдасын күйттеп жүрген арамза адвокаттарды құқық қорғау органдары әшкерелеп жатыр. Мәселен, былтыр шілдеде Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі жасырын іс-шараларды қолданудың нәтижесінде бұрынғы Мәдениет және спорт министрінің адвокаты алаяқтық жасап, пара беруге итермеледі деген күдікпен ұсталғанын хабарлады. Ол сыбайлас жемқорлық қылмысы үшін 8 жылға бас бостандығынан айырылған экс-министрдің қылмыстық жазасын жеңілдетіп, қамаудан босату үшін оның зайыбынан сот органдарының лауазымды тұлғаларына пара беруге 460 мың доллар алған. Тергеу амалдары барысында одан 255 мың доллар тәркіленген, ал қалған соманы өз қалауы бойынша жұмсап жіберген болып шықты. Алаяқ адвокат уақытша тергеу оқшаулағышына қамалған, сондай-ақ экс-министрдің зайыбы аса ірі көлемде пара беруге оқталу бойынша күдікті болып танылған.
Тергеу барысында экс-министрге 2022 жылдың желтоқсанында Астана қаласының тергеу оқшаулағышында болған кезінде қамаудан босатылып, өзінің қонақүйін меншігінде ұстап қалғысы келгендіктен, адвокаты арқылы лауазымды тұлғаларға аса ірі мөлшерде пара беру жөнінде қылмыстық ниет білдіріп, өзінің жарын парақорлыққа делдал ретінде тартуға шешім қабылдады деген айып тағылған.
Осы қылмыстық істі Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты қарады. Оның барысында сотталушылар өздеріне тағылған айыпты мойындамай, ақтауды сұраған. Бірақ олардың бәрінің де кінәсі куәгерлердің айғақтарымен, сараптамалардың қорытындыларымен, жасырын тергеу әрекеттерінің нәтижелерімен және қылмыстық істің басқа да материалдарымен дәлелденген. Сөйтіп, соттың биыл 13 ақпанда шығарған үкімімен экс-министр аса ірі мөлшерде пара беруге оқталғаны үшін кінәлі деп танылып, 2023 жылғы 20 маусымдағы Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты тағайындаған қатаң жазаны неғұрлым қатаң жазаға ауыстыру жолымен өмір бойына мемлекеттік қызмет лауазымдарын атқаруға тыйым салына отырып, 11 жылға бас бостандығынан айырылды. Оның зайыбы парақорлыққа делдалдық жасағаны үшін кінәлі деп танылып, өмір бойы мемлекеттік қызмет атқаруына тыйым салынды және 6 айға бас бостандығынан айырылды. Ал адвокат аса ірі мөлшерде алаяқтық жасағаны үшін кінәлі деп танылып, 10 жыл мерзімге адвокаттық қызметпен айналысуға тыйым салына отырып, 6 жыл 8 айға бас бостандығынан айырылды.
Астана қаласы прокуратурасының хабарлауынша, биыл ақпанда алқабилер сотының үкімімен адвокат әйел бірнеше рет алаяқтық жасағаны және аса ірі мөлшерде пара беруге итермелегені үшін кінәлі деп танылып, мемлекеттік қызмет лауазымдарын атқаруға өмір бойы тыйым сала отырып, 11 жылға бас бостандығынан айырылған. Ол өз қорғауына алған азаматтарды аса ірі мөлшерде пара беруге итермелеу арқылы олардың жалпы сомасы 164,9 млн теңге қаражатын заңсыз иемденген. Сотталушы адвокат алқабилерді соншама қаражатты өзінің көрсеткен қызметі үшін ақы ретінде алғандығына сендіруге тырысқанымен, мемлекеттік айыптаушы оның қылмыс жасағандығын бұлтартпай дәлелдеп берген.
Жақында Қостанай облыстық сотының баспасөз қызметі Қостанай қаласының №2 сотында облыстық адвокаттар алқасының адвокаты алаяқтық жасап, бір азаматты лауазымды адамға пара беруге итермелегені үшін қозғалған қылмыстық іс қаралғанын хабарлады. Басына іс түскен азамат 2022 жылы қарашада өз құқын қорғау үшін аталған адвокатпен 600 мың теңгеге шарт жасайды. Ойлап қарасақ, бір қылмыстық іс бойынша ғана 600 мың теңге ақы алу кез келген адвокат үшін аз сома емес-ау. Алайда атам қазақ айтқандай, «дәніккеннен құныққан жаман». Қостанайлық адвокат та құныққандардың қатарынан екен. Ол биыл 27 ақпанда Рудный қалалық соты қылмыстық істі прокурорға қайта жіберу туралы шешімді жария еткеннен кейін күдікті азаматқа оның жағдайын жақсарту үшін прокуратура қызметкерлері 2 млн теңге сомасында ақша талап еткенін айтқан. Алайда іс жүзінде адвокат тіпті прокуратура қызметкерлерінің ешқайсысымен кездесіп, сөйлеспеген. Кейін күдікті азамат адвокатының арамзалығын біліп қалып, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке арыз түсірген. Осылайша, адвокаттың үстінен қылмыстық іс қозғалған. Кейін сот отырысы барысында ол өзінің кінәсін толық мойындап, сол үшін өкінетіндігін білдірген. Сот үкімімен оның қылмыстық жолмен алынған қаражатқа сатып алынған 26 мың Ресей рублі түріндегі мүлкі тәркіленіп, мемлекеттік қызмет лауазымдарына орналасуға өмір бойы тыйым сала отырып, 12 млн теңге мөлшерінде айыппұл төлеу түрінде түпкілікті жаза тағайындалған.
Айта берсек, елімізде алаяқтығы әшкереленген адвокаттар жайлы дерек аз емес. Мәселе – бастарына іс түскен азаматтарды ардан аттаған алаяқтардан арашалау қажеттігінде. «Мал аласы сыртында, адам аласы ішінде» дегендей, адвокат таңдау оңай шаруа емес. Осы орайда Парламент Мәжілісінің депутаттары мүдделі мемлекеттік органдармен және қоғамдық ұйымдармен бірлесіп, адвокаттардың сот және прокуратура органдарының кейбір жең ұшынан жалғасуды жек көрмейтін қызметкерлерімен тікелей қарым-қатынас жасауын болдырмау тетігін тауып, заңдастырса, жөн болар еді. Сонда өз міндеті «делдалдық» жасау емес, азаматтарды заңды жолмен қорғау екенін жан-жүрегімен түсінетін нағыз адвокаттар көбейе түсері хақ.