Тарих • 05 Маусым, 2024

«Ғалия» медресесінің шәкірттері

592 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ақтөбе облыстық мемлекеттік архивінің қызметкерлері Санкт-Петербургтегі Ресей мем­лекет­тік архиві, Орынбор облыстық мемлекеттік архиві және Башқұртстан Республикасы Уфа қа­ласындағы Ұлттық архивінен қазақ тарихына қатысты көптеген құнды құжат тауып әкелді.

«Ғалия» медресесінің шәкірттері

«Алғаш рет 2019 жылы Орын­бор облыстық мемлекеттік ар­хи­ві­не барып, 1742 жылы Орын­бор генерал-губернаторы Неп­люевтің құпия кеңесшісі жаз­ған хаттарын таптық. Мұнда Әбіл­қайыр ханның есімі аталған. Ор қаласын салу жөнінде әңгіме болады. Құжат ескі кеңсе тілін­де жазылғандық­тан, оқу қиын. Көшірмелерін түсі­ріп, ғы­лыми айналымға жібер­дік. Осы жер­дегі қазақ тарихына қа­тысты, әсіресе Кіші жүздің сұл­танда­ры туралы соңғы құжат 1918 жылы тіркелген», дейді Ақтөбе облыстық мемлекеттік мұраға­ты директорының орынбасары Светлана Книжник.

2022 жылы Башқұртстан Рес­публикасы Ұлттық мемле­кет­тік архивінен Ыбырай Алтын­сариннің Ақтөбедегі екі бас­қыштық училище жанынан қол­өнер, тері өңдеуді үйрететін бө­лімше ашу туралы Орынбор оқу округі қорғаншылық кеңесіне жазған хаттары табылды. Тағы бір маңызды құжат – Уфадағы «Ғалия» медресесі шәкірттерінің таңғы жаттығу кезі, ұстаздарының топ болып түскен фотосуреттері. Ең құндысы «Ғалияда оқып жатқан бір топ қазақ шәкірттерінің 1916 жылы түсірілген фотосуреті деп айтуға болады. Өте сәнді киі­ніп, бастарына тақия киген он алты шәкірт екі қатар болып түс­кен. Бірінші қатарда сол жақ шетте отырған жазушы Жиенғали Тілепбергенов. Ол «Ғалияда» оқып жүргенде, студент жастардың «Садақ» қолжазба журналын шы­ғарған. Фотосурет астындағы түсі­ніктеме кейін жазылған. Бір на­зар аударарлығы, төменгі қа­тарда ал­тыншы болып отырған жігітті «Мұстафа Шоқай» деп көрсет­кен. Анықтап қарағанда, ол Шоқайға ұқсамайды. Жалпы, бұл суреттегі азаматтарды кім біледі екен? Бәл­кім төңкеріс алдында оқыған мұ­ға­лімдердің ұрпақтары танып қа­лар. Жиенғали Тілепбергенов­тің жанында отырған жігіт кейін Ленин орденін иеленген, Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген мұғалімі Зейнелғабиден Иманжанов деп жазылған. Қасындағылар –ұстаз Хамза Ибрагимов, Хақан Ере­жепов деп көрсетілген.

Фотосуреттегі он алты жі­гіттің тағдыры кейін қалай өрілді екен?

 

Ақтөбе облысы