Жас ұрпақтың дүние танымына, жан дүниесіне, рухани болмысының қалыптасуына әсер ететін «Абай-Тоғжан» музыкалық драмасына ұлы ойшыл ғұмырының бозбала шағы арқау болды. Жас Абайдың жүрегінде оянған алғашқы махаббаты, көкірегінде туған тұңғыш жыры әуезді әнге айналып, ішкі сезім тебіреністерін аласапыран күйге салатын сәттер көрермен талқысына түсті.
Көрнекті жазушы-драматург Дулат Исабековтің тырнақалды туындыларының біріне баланған «Гауһартас» повесінің сахналық нұсқасы – музыкалық драма жанрындағы қойылым көпшілікке ерекше әсер еткендей көрінді. Жетпісінші жылдардағы ата кәсіп – шопандықпен айналысып, қарапайым ғана тіршілік кешкен шағын отбасының шынайы өмірі мен кісілік келбеттері кестеленген шығарма. Музыкалық жас көрермен театрының қоғаммен байланыс және ақпарат бөлімнің басшысы Әділғазы Бақытұлының айтуынша әдеби туынды да, осыған дейін әні мен терең мәнімен талай жүректі тербеген «Гауһартас» повесі де, кинофильм де бар. Алайда жан сарайына мөлдірлік пен іңкәрлікке тұнған Салтанат, қатулы Тастан, нәзік болмысты Қайыркен сияқты драмалық образдар арқылы жастар үнін, бүгінгінің сөзін жеткізуге тырысқан.
Семей көрермені тамашалаған аталған театрдың тағы бір қойылымы «Қоштасқым келмейді..» музыкалық драмасы. Бұл көрнекті орыс драматургі А.Володиннің терең психологизммен ерекшеленетін пьесасы ажырасуға бел буған сегіз отбасының тағдырына құрылған. Театрдың жас буын актерлері спектакльді ойнап-шығумен бірге өмірдің қарапайым да күрделі жақтары хақындағы ойларды ортаға салды.
Қоржындарын «Сыншылар жүлдесі-2023» «Жыл актрисасы – 2023», «Umai» ұлттық сыйлықтарымен майлаған Астана қаласының музыкалық жас көрермен театры осылай Абай туған мекеннен шабыттанып аттанды. Осыған дейін Батыс Қазақстан облысы мен Ақтөбе қаласында өнер сапарымен болған жас актерлердің алдында Өскемен мен Шымкенттегі ойлы көрерменнің көңілінен шығу мақсаты тұр.
Абай облысы