Қазақстан • 06 Маусым, 2024

Сенатор экологиялық қауіпті аймақтарда тұратын халыққа үстемеақы төлеуді ұсынды

163 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Бүгін Палата отырысында Сенатор Мұрат Қадырбек экологиялық қауіпті аймақтарда тұратын адамдарға үстемеақы төлеуді ұсынды, деп хабарлайды Egemen.kz Сенаттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Сенатор экологиялық қауіпті аймақтарда тұратын халыққа үстемеақы төлеуді ұсынды

Фото:aikyn.kz

Кентау қаласының тұрғындары Аралдың экологиялық дағдарыс жағдайына жақындап келе жатқан қауіпті аймақ екеніне алаңдайды. 2016 жылдан бастап олар Кентау мен оның айналасындағы елді мекендерді төтенше экологиялық жағдай немесе экологиялық апат аймағы деп жариялау мүмкіндігін белсенді түрде талқылап келеді. Сенатор Мұрат Қадырбек еліміздің Премьер-министріне жолдаған сауалында осы мәселе туралы айтты.

Мұрат Қадырбектің айтуынша, бүгінгі таңда Экологиялық кодекске сәйкес құрылған, Кентау қаласы мен іргелес елді мекендерді экологиялық апат аймағы деп жариялау мүмкіндігін қарастыратын арнайы комиссия жұмыс істейді.

«Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Түркістан облысының Кентау қаласы мен оған іргелес елді мекендердің аумағын экологиялық дағдарыс жағдайына жақындаған аймаққа кіргізу бойынша заңнамалық тиісті өзгерістер енгізу үшін нақты шаралар қабылдауы қажет. Сонымен қатар аталған аумақта жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын бюджеттік мекемелерде жұмыс істейтін қызметкерлерге экологиялық аймақта тұрғаны үшін әлеуметтік аударымдармен қоса республикалық бюджеттен 20% үстемеақы қаржы қарастыру қажеттігін шешуге ықпал етуіңізді сұраймыз», деді сенатор.

 

Қырмызы ЖҰМАҒАЛИҚЫЗЫ,

ЕҰУ студенті